Фото: Қосшы қаласының әкімдігі
Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Сайлаушылармен кездесуде депутат Данабек Исабеков құрылысты дер кезінде аяқтап, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
«Жайлы мектеп» жобасында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап мәжіліс залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, роботтехника кабинеттері мен STEM-зертханалары болады.
Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады.
Былтыр партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкентте 15 мектеп салынып, 3 мектеп кеңейтілді.