фото: olympic.kz
Әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовтің бұл – үшінші аламаны. Отыздан асқан оғланға Парижге бару жолдамасы оңай бұйырған жоқ. Мағжан Шамшадин, Нұрғанат Серікбаев үштігі өзара белдесу өткізіп, арасынан тәжірибесі толысқан Сметов қара үзіп шықты. 60 кг – әлемнің жұлдызды балуандарын жинаған салмақ. «Мен Олимпиада алтынын олжалағанда спортты доғарамын» деген Елдостың мақсаты орындалса игі. Өйткені төл күресінен жапондар жазғы Олимпиаданың алтын медалін жеңіл салмақ дәрежесінде оңайлықпен бере қоймайды. Өзге елдердің де оғландары оңай емес.
Әйелдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова (48 кг), Эсмигуль Куюлова (63 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) белдесуге түседі.
Е.Сметовтен өзге балуандардың барлығы да жазғы Олимпия ойындарына алғаш рет қатысады. Қазақ спортының тарихында Олимпиаданың медалін олжалаған дзюдошыларымыз – әзірге екеу ғана. 2008 жылы Асхат Жіткеев Бейжің Олимпиадасының күміс медалін қоржынға салған. Одан кейін Елдос екі Олимпиаданың медалін еншіледі.
Балуандар Париждегі Champ de Mars Arena кешенінде 27 шілде мен 3 тамыз аралығында белдесуге түседі.