Жәдігер • 11 Шілде, 2024

Дәулескер күйшінің домбырасы

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Керекуден шыққан дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың Құрманғазы оркестрінде ұстаған көне домбырасы жергілікті музейде тұр. Жәдігерді кезінде өнер иесінің қызы Қарлығаш Омарова аманаттапты.

Дәулескер күйшінің домбырасы

Қазақтың күйшілік өнерінің дамуы ХІХ ғасырда өз шыңына жетіп, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғаптың шығар­ма­лары ұлт мәдениетінің алтын қорына айналды. Міне, осы қазынаны келесі ұрпаққа жеткізушілердің бірі – дәстүр­лі күйшілердің жолын жалғас­тырушы, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, Ертіс – Баян өңірінің тумасы Рүстембек Омаров. Бала шағында домбыра тартуды әкесінен үйреніп, кейін Салық, Тоқбай, Темірболат сынды әнші-жыршылардың ортасында жүрді. Ол небәрі 15 жасында жаңадан құрылған қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы ретінде қабылданған. Р.Омаровтың орындауындағы халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызық қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Кәуеннің «Сәнау», Абылдың «Нарату», т.б. күй­лерінің нұсқалары кең таралып, домбырашылардың репертуарына енді. Тәттімбет­тің «Сылқылдақ», «Саржай­лау» күйлерінің нұсқалары әлі күнге ұлт аспаптар оркестрімен орындалып келеді.

Домбырашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстем­бек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды», деп жазған.
Ал кірпияз күйші-анамыз Дина Нұрпейісова: «Осы шодырым (Рүстембектің бетінде шешектің қорасан дағы болған) шәкірт болуға жарайды», деп соңына ертіп, батасын берген екен.

Бал бармақ күйшінің қолы тиген бұл домбыра ұзақ жыл Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде болған. Оны қызы Қарлығаш Омарова әкесінің 100 жылдық мерейтойын­да, 2019 жылы, Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейіне тапсырған. Ал өнер иесінің жеке ұстаған домбырасы жоғалып кеткен.

Павлодар облысы