Экономика • 11 Шілде, 2024

Шаруасы шалқыған Шаған

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жүк тиегіш трак­тордың маркасын мұн­да­ғылар біле бермейді. Жұрт оны «погрузчик» деп атап кеткен. Жалпы, бізге Қытай өні­­мі жат болмағалы қа­шан. Енді, міне, біздің елдің бей­не­тін белуардан кешіп жүр.

Шаруасы шалқыған Шаған

Шаған туралы сыр шертсең...

Күз кезі. Қырман толы дән. Әр жерге үйілген қара күріш. Әлгі «погрузчигің» таудай үйілген дәнді ауық-ауық сапырады. Құдды сабадағы сары қымыздай. Алдыңғы бөлігінде жарты тоннадан астам затты көтерер астауы бар. Жер несібесін сонысымен асайды. Асаған күйі үйілген дәннің үстіне қайта төгеді. Әлгіндей. Сапырып. Осылай екі-үш рет қайталайды. Сосын бұдан жалыққандай соңғы тие­ген астау толы қара күрішті дәл жанындағы тіркемесі бар КамАЗ-ға лақ еткізеді...

Қызылорда облысына ең жа­қын ауданның бірі – Сыр­дария. Соған қарасты Шаған ауылын­да­ғы қырман көрінісі бұл. Об­лыс­тан 60 шақырым әрі жатқан үл­кен елді мекенде «Шаған жер» ЖШС дей­тін ірі шаруашылық бар. Бі­раз жыл бұрын күйі та­йып, ба­сы­нан бағы ауа жаздаған серік­тес­тіктің еңсесін Жеңісбек Сыз­­дықов есімді азамат қайта тік­те­ген. Техникалық базасы тозып, жер құнары кеміген өлке­нің та­­мы­рына қан жүгірте білді. Сол үшін мемлекеттік қызмет­тегі ман­­са­бын да тәрк еткен. Қазір серік­тес­тікте 360 адам жұмыс іс­тей­ді. Ала жаздай дала төсінде 7 бри­­га­да­ға бөлініп, 3 мың гектарға жуық күріш егеді. Одан бөлек, 285 гек­­­тар бидай, 90 гектар мақсары,
1 070 гектар жоңышқа өсіреді.

Басты мақсат – жаңа техника

Шаруашылық басшысы сөзге шорқақтау. Есесіне іске бекем. Таңғы бестен бастап егін алқабын жағалап кететінін осындағылардан естідік. «Бұл енді қашан жиын-терім біткенше өзіне де, өзгеге де тыныштық бермейді. Талап пен тәртіп, еңбекті бағалау, уақыт жоғалт­пау сияқты керектіні өзінен де, өзгелерден де көргісі келеді», дейді жергілікті тұрғындар.

«2022 жылы паркті аздап жаңалап алдық. Ал былтыр серік­тестіктің базасы кеңейіп, жаңа техникалар алынды. Атап айтсақ, шаруашылыққа су жаңа «Class Axion 820» маркалы – 6, «Zoomlion 1604» маркалы – 3, «Zoomlion 904» маркалы – 3 трактор, «Case 4099» маркалы – 1, «Class Lexion 750» маркалы 2 комбайн, жаңа түрік соқасы, 3 лазерлік жоспарлаушы, «Zoomlion 160» бульдозері, тиегіш экскаватор, телескоптық жүк тиегіш, 4 жарым метрлік дискілі тырма және «MacDon» атты өздігінен шөп оратын машина келді. Мұның бәрі – елдегі егін еккен ағайынның еңбегі. Менің бас­ты мақсатым – шаруашылықтың техникасын 100 пайыз деңгейінде жасақтау», дейді кейіпкеріміз.

«Қожабек бағын» қорғап қалды

Шағанда Қожабек Дәдікбаев­тың есімі ерекше аталады. Шар­уашылықтың да әбден кеме­ліне келгені осы тұс дейді. Дәдік­баев­тың тұсында Шағанда алма бағы егіліп, 2 000 түп көшет отыр­ғы­зып­ты. Алмағайып тұста 13 жыл қа­раусыз қалған бақтың күтімі 2021 жылдан бері қайта қолға алын­ған. Сол мақсатта бес адам тұ­ра­қты жұмыспен қамтылған.

«Сол 2 000 түп алмадан 900-і қалған екен. Өзі екі-ақ сорт бар – «Белый антоновка» және «Красный шантан». Сон­дай-ақ оның жанынан бақша ұйымдастырып, көкөністің түр-түрін ектік. Орамжапырақ, қияр, қызанақ, қызылша, болгар бұрышы, баклажан, картоп пен жуа да бар. Жаздай егін басындағы жұмысшыларға шаруашылықтан ыстық тамақ ұйымдас­тырылады. Бұл көкөніс­терді осы мақсатқа жіберіп жа­тыр­мыз. Ал алманы ауыл тұр­ғын­дары компот пен тәтті тосап дайындауға сатып алады. Сондай-ақ шаруашылық есебінен 340 шаршы метрге жылыжай өсіріп отырмыз. Бақ енді қайта түлейді», дейді төраға Жеңісбек.

Күріш те бала сияқты...

Биыл «Шаған жер» серіктес­тігі 2 900 гектар жерге күріш еккен. Нарықтағы нағыз сұранысты қанағаттандыру үшін мұнда тек «Лидер» сорты өсіріледі. Сатып алушылар осы түрін алуға көбірек ынталы. Дән топыраққа түскеннен бастап есептесек, 120 күнде толық пісетін күрішіңіз осы. Егістік биыл да бітік көрінеді. Алдағы күзде ору мен кепкен дестені дәннен ажыратуға жатка мен комбайн гаражда сақадай сай тұр. Одан бөлек, тасымалдауға арналған «ХТЗ-150» тракторларының да жай-күйі жап-жақсы.

Егіннің шығымы тәуір ша­руашылық былтыр гектарына орташа есеппен 58 центнер Сыр салысын алған. Жыл соңын­да дәстүрлі түрде еңбек май­тал­мандары марапатталып, қомақ­ты қаржылай сыйлық бері­леді. Бүгінде шаруашылықта Жамбыл Тәуекелов, Ерлан Бал­ма­ханов, Сәкен Айтбаев сынды озат бригадирлерден бөлек, Татьяна Казка, Уәлихан Бексейіт, Дархан Жағыппаров сияқты күріш­­шілер бар. Мықты механи­за­торлар қатарында Ерболат Еш­мағанбетов, Данабек Әбенов, Ардақ Әмзеев, Серікбол Әбжап­паров, Нұрхан Сапаров сынды шағандық жігіттер тұр. Уыз кезінен бастап су астында ерекше күтіммен тұратын, әрдайым мәпелеуді қажет ететін нәзік дақыл – күріштің бейнетіне төзген нағыз еңбек адамдары осылар.

Туған жерге туың тік

«Әкем 46 жыл трактор айда­ған, ауыл ішінде қара­пайым тірлік кешкен кісі. Бес ағайын­дымыз. Мектепті осында, жоғары оқу орнын Алматыдан бітір­дік. Сенсеңіз, әке-шешем бізді жұрттан пайызға ақша алып оқытқан кезі де болды ғой. Мен ол уақытты әлі ұмытпаймын. Елге оралысымен мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан да өтіппіз. «Ер туған жеріне» демей ме? Ата-ана берген тәрбие ауылынан алыстамай, өскен-өнген өз топырағыма қызмет қылуды осылай бастадым», дейді Жеңісбек.

Айтуынша, серіктестіктегі ең жоғарғы жетістік – 178 мың центнер күріш. Осындай нәтижеге жеткен еңбеккерлерді қолдап, мадақтап отыру – басшылықтың басты міндеті.

«Диқан қауымға жалақыдан бөлек, қосымша сыйақы тағайын­дау бұрыннан бар. Мыса­лы, «Алтын күз» шарасында 200 мың мен 1 млн теңге аралығында күрішші, жаткашы, комбайнер, бригадир және тасымалдаушы шофер не тракторшы жігіттерге сыйақы тағайындалады. Егде жастағы жұмысшыларға Жаңа­қорған шипажайына жолдама беріледі. Одан бөлек, 80 шақты шаруашылық қызметкеріне тұрмыстық техника бұйымдарын сыйлыққа үлестіреміз», дейді «Шаған жер» ЖШС төрағасы.

Шаруашылық ауыл тұр­ғын­­дарына 2-5 гектарға дейін жерін дайындап, жыртып не қарықтауға техникамен көмек­теседі. Елдегі ағайын өз қал-қадірінше бақша егеді. Шыққан өнімін сатып, қосымша табыс көзіне айналдырған. Шағанда шаруашылық ашқан наубайхана бар. Күніне 800 бөлке да­йындайды. Төрт адам осы істің басы-қасында. Екі мезгіл ыстық нан әзір. Екінші жаңалық, бұрын ауылдағылар бірнеше шақырымды артқа тастап, аудан не облыс орталығындағы сауда орындарына баратын еді. Үш жыл бұрын іске қосылған серіктестікке қарасты «Шаған» сауда үйі 4 жарым мың халқы бар ауылдың сұ­ра­­ны­сын қанағаттандырып тұр. Мұн­дағы кез келген тауар арзан ба­ғада сатылады. Үшін­шіден, жа­қында макарон цехы іске қосылды. Мұнда да 4 адам тұрақ­ты жұмыста. Сондай-ақ шаруа­шылық балансындағы 250 орын­дық «Ақбұлақ» тойханасы қызмет көрсетеді. Айтпақшы, ауыл­да «Шаған жер» деп аталатын арда­герлерге арналған демалыс орталығы да бар. Қарттарға арналғ­ан шахмат, дойбы, үстел тен­ни­сімен қатар бильярд залы ұйым­дастырылыпты. Тіпті ша­руа­шылық тарихынан сыр шертер музей кабинеті де жабдықталған.

Ауызбіршілік пен тәртіпті жаны сүйетін Жеңісбектің төрт жыл ішіндегі ауыз толтырып айтатын жұмысы осындай. Аз уақытта алға басқан қадамы көп. «Шаған жер» ауылдың айнасы іспетті. Ақсақалын құрметтеп, жас буынын игі іске жетелеген жұрттың келешегі жарқын. Біз мұны осы елден байқадық.