Б.Дандығареваның жазуынша, бүгінде «Таңбалы» музей-қорығы – еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз мамандандырылған мекеме. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы жартас өнерінің көрнекті ескерткішін сақтауды қамтамасыз етеді. Музей-қорық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Таңбалы кешені ескерткіштерінің жай-күйіне мониторинг жасайды, петроглифтерді сақтау бойынша жобаларды жүзеге асырады.
Автор көлемді мақаласында: «Таңбалыдағы реставраторлардың жемісті жұмыс тәжірибесі – Орталық Азияның өзге де елдерінің мамандарына үлгі. Осының негізінде жартастағы сурет өнерін сақтаудың отандық мектебі қалыптасты десек болады. Қазақстан ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі Таңбалы петроглифтерінің бірегей әлемдік құндылығына негіздеме болды, ол 2004 жылы «Таңбалы археологиялық ландшафының петроглифтерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу кезінде танылды», деп жазады.
Мақалада жазылғандай, кейінгі жылдары Таңбалыға жақын орналасқан Қоғалы мен Алмалы шатқалдары археологиялық тұрғыда зерттеле бастаған. Қоғалыдан ежелгі түрік мифологиясы мен культтік ғұрыптық тәжірибедегі кейіпкерлер мен тұтас көріністерді бейнелейтін үш мүйізді тәж киген әйел кейіпкерінің бейнесі (Ұмай), түркі көсеміне табыну (қаған), тағы басқа бірегей жартас суреттерінің шоғыры табылған. Ал Алмалы шатқалынан көптеген ежелгі және ортағасырлық тұрақ табылды, олардың маңында Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттарының таңбалары кездеседі.
Қазіргі кезде Алмалы мен Қоғалыда кешенді зерттеу мақсатында «Таңбалы» музей-қорығының ғылыми тарихи-археологиялық экспедициясы құрылып жатыр. Ауқымды бағдарламаны іске асыруға белгілі отандық және шетелдік маман-түркологтер – археологтер, тарихшылар, филологтер қатысады. Бұл «Таңбалы» тарихи-археологиялық экспедициясына халықаралық сипат береді.
Мақаланың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.