Саясат • 11 Шілде, 2024

Мәулен Әшімбаев БРИКС Парламенттік форумына қатысты

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Х БРИКС Парламенттік форумына қатысты. Екі күнге жалғасатын Форум аясында халықаралық қатынастар жүйесінің тиімділігін арттыру, көпжақты сауда жүйесін нығайту, жаһандық дағдарыстардың салдарына қарсы тұру мәселелерінде Парламенттердің рөлі, сондай-ақ, гуманитарлық және мәдени салаларда парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев БРИКС Парламенттік форумына қатысты

Фото: Н.Байбулин

Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, аталған Форум әлем елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде өтіп жатқанына назар аударды. Бүгінде экономикалық және климаттық дағдарыстардың салдарынан геосаяси шиеленіс одан әрі ушығып тұрғаны белгілі. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері осындай жағдайда текетіресті азайту және әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді шешімдер табу маңызды міндет екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасаң дүниетаным стереотиптерін еңсеру және ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық негіздерін нығайту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құруға арналған тың тәсілдер ұсынатын БРИКС сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды белсенді түрде қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы сенім дағдарысын еңсеру және халықтар мен мемлекеттер арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту ісінде парламенттік дипломатияны барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев парламентаралық өзара іс-қимылдың бірқатар негізгі бағыттарын атап өтті.

«Азық-түлік қауіпсіздігі парламентаралық өзара іс-қимылдың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Бүгінгі геосаяси турбуленттілік және жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында бұл саланың маңызы артып отыр. Қазіргі таңда БРИКС елдерінің ауылшаруашылық саласындағы ортақ әлеуеті жалпы әлемдік мүмкіндіктің жартысынан асады. ТМД елдері, оның ішінде Қазақстан да маңызды агроиндустриялық әлеуетке ие. Қазір әлемде азық-түліктің тұрақты және болжамды бағасы, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігі, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану жолында инновацияны енгізу аса маңызды мәселе. Осы бағыттағы бірлескен қадамдар азық-түлік теңгерімсіздігін азайтуға ықпал етіп, елдеріміздің тұрақты дамуына елеулі үлес қосар еді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері өз сөзінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде парламентаралық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Ол бұл бағыттағы жұмысты одан әрі арттыру үшін Қазақстанда Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылғанын айтты.

«Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог орнату үшін арнайы платформа құруды ұсынамыз. Мұндай бастама БРИКС және ТМД елдерінің Парламенттеріне Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың тағы бір перспективалық бағыты – ғылым, жаңа технологиялар мен инновациялар саласы. Бұл сала біздің елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда айрықша мәнге ие және экономикалық өсудің маңызды факторы екені анық», деді Сенат Төрағасы.

Парламентаралық іс-қимылды жандандыратын келесі бағыт – цифрлық ынтымақтастықты нығайту. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, электрондық коммерция саласындағы заңнаманы жетілдіру бағыттарында депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі және цифрлық бағытты реттеу секторында тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие.

Форум жұмысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эфиопия және Оңтүстік Африка Парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға ілтипат білдірді.

Сонымен қатар бүгін Форум аясында Мәулен Әшімбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық байланыстарын дамыту перспективасы және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар «Орталық Азия – 2040» стратегиясын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыс туралы пікір алмасты.

Одан бөлек, Сенат Спикері Иран Мәжілісінің Төрағасы Мохаммед-Багер Галибафпен кездесіп, екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту барысына тоқталды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас көптеген салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде өзара сындарлы саяси диалог жолға қойылды, берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Осыған байланысты тараптар екі мемлекеттің Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.