12 Маусым, 2015

Өтпейді емес, еленбейді

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде бір тәуірі, қадам аттаған сайын анталаған дүкен. Қай-қайсысына бас сұқсаң да қалағаның табыла кетіп жатады. Оларға осы жолғы бұйымтай қоржын толтыру емес, жергілікті өнімдердің өтімін байқастау болатын. Шындығын айтқанда, бұған дейінгідей өзіміздікі ме, өзгенікі ме кірген бетте сөрелерден менмұндалағанына қол созуға ұмтылмай, елімізде дайындалғандарын іздестірдік. Ол оңай шаруа емес екен. Қаптаған тауарлардың ішінен басқасын былай қойғанда, Қарағандыда шығарылатындарын табу қиын болды. Ал «Қазақстанда жасалған» акциясы бойынша сондай жарнама бірден көзге ұрарлық тұстарда жинақталуға тиістілерін көреміз бе деген үмітіміз де үзіліп қалды. Мұндай мүйістер мүлдем жоқ болып шықты.

qaragandy

Көп ретте аймағымыздың азық-түлігін сатып алғымыз келеді. Қарағанды конфетінің, Балқаш балығының, Қарқаралы қол майының, Топар картобының, Көксу қиярының алыс-жақыннан әкелінетіндерден дәмділік, құнарлық сапасы жағынан артып түспесе, еш кемдігі жоғын білеміз. Бағасы боса-болмасын тиімді. Аңсар ауса не амал бар, сөрелердің қуыстау бөліктерінен, елеусіздеу бұрыштардан әзер тауып алып жүреміз, дейді тұтынушылар. Қазақстандық өнімдерді көрнекті орындарда жарқыратып сату былай тұрсын, жұрт аяғы әсте басылмайтын дүкендерде оның бар-жоғы да белгісіз көрінді. Шахтинскіде жасалатын кір жуу құралдары да көзге түспеді. Келушілер әдеттегідей шетелдік түрлеріне ұмтылады екен. Қарағандының өзіндегі маргарин зауытының майонез өнімдері аз болмаса да Ресейдің «Риччосы» алыстан қызықтырмай қоймайтындай тұстардан көз тартса, Қызылорданың жұқа жапсырмаға кептелген күріші Новосібірдің әдемі қапталған өніміне қарағанда елерліктей еместігі көңіл түсірді. Молынан қойылған жергілікті ет пен сүт, ұн мен нан өнімдерінің ғана өтімділігі байқалды. Облысымызда кейінгі кезде көрші елдерден жеткізі­летін азық-түлік ұлғайып отыр. Орамына, қаптамасына қарасаң, бәрі әдемі-ақ. Сондықтан, тұтынушылар қызы­ғушылығын тудыратын тәрізді. Біздің өндірушілер де осы жағын үйлестіруі керек. Жалпы алғанда, тауарлардың қай түрі болмасын, мәселен, құрылыс материалдары, жылыту жабдықтары, тігін бұйымдары жеткіліксіз емес. Солар әр дүкенде арнаулы бөлімдерге іріктеліп қойылып сатылуы ұйымдастырылса, назар аудартпай қоймас еді, деген тұтынушылар пікірі сауда орындарын ойлантуға тиіс.

Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.