Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Ауыл аманаты» жобасы ауылда тұрып кәсіппен айналысамын деген жандарға өте ыңғайлы. Айталық, шаштараз ашу, тігін кәсібін бастау үшін азғантай ғана қаражат керек. Соның өзі ауылдық жерде таптыра бермейді. Ондайда «Ауыл аманаты» жобасының жәрдеміне жүгінсеңіз болады.
Ұлытау облысында 2023 жылдан бері бұл жоба жақсы атқарылып жатыр. Цифрға сүйеніп айтар болсақ, былтырдан бері облыстың 342 кәсіпкері шағын несиеге қол жеткізіпті. Оларға 2,7 млрд теңге қаражат берілді. Жаңаарқа ауданы бойынша – 1,4 млрд теңге, Ұлытау ауданы бойынша – 1,0 млрд теңге, Қаражал мен Жезқазған қалалары бойынша 300 млн теңге көлемінде ауыл тұрғындарының шаруашылығын дамытуға шағын несиелер берілген екен. Таяу арада тағы 25 өтінімге 184 млн теңге ұсынылмақ.
«Бұл жоба арқылы беріліп жатқан қаражат ауылды көтеруді басты мақсат тұтады. Жоба халықты ауылда тұрақтандырудың бір тетігі іспетті. Шағын несие алып, шаруаларын дөңгелете бастаған отбасыларды әр ауылдан кезіктіруге болады», дейді «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» басқарма төрағасы Алмат Жөкебаев.
Кейінгі кезде елімізде сиыр және қой басының кеміп бара жатқаны ескеріліп, өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мал алу үшін несие тек сиыр немесе қой, ешкі сатып алатындарға ғана берілетін болды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы берілетін несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екені сөзсіз. Тағы бір атап айтарлығы – жоба аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Сондай ақ несиені өтеу мерзімі де қолайлы. Айталық, мал шаруашылығына байланысты несие – 7 жылға, басқа бағыттар бойынша 5 жылға беріледі. Мұны «Ұзын арқау, кең тұсау» деп сипаттаса да артығы жоқ. Нағыз ауыл адамдарына қолайлы мерзім мен пайыз.
«Өкінішке қарай, ауылдағы кейбір ағайындар бұл жоба туралы біле бермейді. Сондықтан бұрын алынған несиенің нақты мақсатқа пайдаланып жатқан-жатпағанын тексеру мақсатында ауылдарға барған кезімізде халықпен кездесіп, жобаны түсіндіруді де қоса жүргіземіз. Соның арқасында, жобаға деген қызығушылық артып келеді», дейді А.Жөкебаев.
Жақында жалпы сомасы 83 млн теңге болатын 8 өтінім келіп түсіпті. Жоба аясында бөлінген 3,4 млрд теңгенің әлі 400 млн теңгесі өз иесін күтіп тұр.
Ұлытау облысы