КӨКШЕТАУ. 26 сәуір. Ақмола облысында сайлау белсенді өтіп жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметовпен тілдескенімізде өңірде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституциялық заңға сәйкес өткізіліп жатқаны айтылды. Барлық 20 аумақтық және 808 учаскелік сайлау комиссиясы саяси науқанды жоғары ұйымдастырушылық екпінмен бастады. Облыста 462208 адам дауыс берушілер тізіміне тіркелген.
Сайлау күнгі сағат 14.00-дегі мәлімет бойынша 355794 адам жергілікті сайлау учаскелерінде дауыс берді. Бұл жалпы көрсеткіштің 76,97 пайызын құрайды. Әділхан Шаяхметовтің айтуынша, жұртшылықтың белсенділігі бұрнағы жылдарға қарағанда анағұрлым жоғары.
Мұны газет қосынына түсіп жатқан хабарлар айқындай түсуде. Есіл, Атбасар, Ерейментау, Целиноград және басқа аудандар облыстың орта көрсеткішінен жоғары мәлімет беруде. Жеке мекемелердегі белсенділік те көңіл өсіреді. Мәселен, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлымен сөйлескенімізде ол: «Бүгін 3124 ақмолалық полиция қызметкері мен олардың отбасындағы 2229 адам дауыс беруге қатысуда. Қазіргі көрсеткішіміз 90 пайызға жақындады»,-деді.
Облыста сайлаудың өткізілуін 30 халықаралық байқаушы қадағалауда.Олардың жұмысына Сергей Кибасов жетекшілік ететін арнайы Орталық көмек-қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, «Сайлаудың өткізілуін бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» жұмыс істеуде. Біз сайлау учаскелерінде, облыстық сайлай комиссиясында байқаушылармен өткізілген брифингтерге қатыстық. Байқаушылар тарапынан сайлауға қатысты ескертпелер түскен жоқ.
Ел азаматтары Президент сайлауының мемлекеттік маңыздағы шара екендігін, ол көп ұлтты халқымызды біріктіре түсетінін және тәуелсіз республикамыздың болашағына айқындайтынын паш етуде. Бұл облыс тұрғындарының азаматтық белсенділігінің артуынан, сайлауға игі үміттер жетегімен келгендігінен байқалып тұрды.
Облыстық сайлау комиссиясы әр екі сағат сайын жер-жерден мәліметтер жинауда. Көрсеткіш арта түсетініне сенім нық.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz