22 Қаңтар, 2015

Елдік белестері

812 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Хан-1-1* Қазақ хандығы – 550 Моңғол империясының құрылуы Ұлы Түрік қағанатының жалғасы ретінде қабылданды, осы арқылы моңғолдар өз билігінің заңдылығын дәлел­деуге ұмтылды. Моңғол империясындағы жоғарғы билік доктри­насы негізінен көнетүрік тұжырымдамасы негізінде құрылды. Біріншіден, «қаған» лауазымы және Көкпен (Тәңірмен) қасиетті байланысын білдіретін қағандық лауазымның толық формуласы қалпына келтірілді. Екіншіден, қағанның мемлекеттегі және дүниедегі рөлі, орны және функциялары жөніндегі дүниетанымы түрік империясын құрылушылардың дүниетанымын қайталады. Үшіншіден, бұл секіл­ді идео­логиялық дәстүрлер көнетүріктердің салт-жора­лғыларына ұқсас маңызды сарай салт-жорал­ғыларымен толықтырылды. Тарихнамада Моңғол империясындағы жоғарғы би­лік жүйесі ХІІІ-ХІV ғасырлардың өзінде жан-жақ­ты зерттелінді. Құрылтайдың шешімінсіз өзін хан жариялаған адамның өлім жазасына кесі­летін­дігі туралы П.Карпини: «Алдын ала князь­дар, хан­дар, мырзалар және моңғолдың әйгілі адам­дары­ның жалпы жиналысында сайланбай, император жариялауға өлім жазасымен тыйым салынады», – дейді. Империяның әскери құрамы да түркілердің дәстүрі бойынша құрылды. Армия оң қанат (барун-гар) және сол қанат (узун-гар) болып екіге бөлініп, оларға бағынатын түмендер ондық жүйеге негізделді. Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы Моңғол империясының (әсіресе, Жошы Ұлысының) аумақ­тық-әкімшілік құрылымынан және түркі тайпалары өкілдерінің маңызды рөл атқаруынан айқын көрінді. Ең соңында, тарихи сабақтастық тақ мұрагерлігі тәртібінде сақталды. Шыңғыс хан туысқандарының таққа отыру құқығының кезектілік реті жөнінде монархиялық билікті мұра ретінде иелену көнетүрік жүйесіне толық сәйкес келді. Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы моңғол дәуірі кезінде қабылданған «Ұлы Жасақ» атты көшпелілер кодексінде көрініс тапты. Ол көшпелі халықтардың саяси жүйені қалыптастырудың сан ғасырлар бойғы тәжірибесін іріктеп, екшеп, даусыз дәстүрге айналған элементтерін ресми түрде жинақтап берді. «Ұлы Жасақта» хан, қағандардың құрылтай жиналысында мұрагерлік жолмен сайлануы, ер адамның елін қорғауға әрқашан да дайын тұруы секілді ғұн-түркі заманынан келе жатқан қағидаттар сол күйінде қабылданды. Түркілерден ауысқан қылмыстық заңның кейбір баптары да «Ұлы Жасаққа» енді. Түркілік басқару жүйесінің жалғасуы, әсіресе, батыс елдерінде Қыпшақ хандығы аталған Жошы Ұлысы (Алтын Орда) мемлекетінде орын алды. Мұндағы моңғолдардың үстемдігі сонау сақ заманынан бастау алатын түркі тайпалары мен ұлыстарының этногенездік процесін өзгерте алмады, қайта өздері саны жағынан басым түркілік ортада ассимиляцияға ұшырап, жергілікті халыққа сіңісіп кетті. Араб жазушысы әл-Омари, француз ғалымы Р.Груссе, орыс ғалымы В.В.Бартольд Ал­тын Орда халқының «қыпшақтануы» жөнінде жа­зып кеткен. Әдебиетте айтылатын «қыпшақтану» про­цесін «түркілену» процесі ретінде қабылдаған жөн секілді. Алтын Орда әулеттік тұрғыдан ғана моңғол мем­лекеті делінді, ал өзінің этникалық негізі, шаруа­­шылығы, мәдениеті тұрғысынан шын мәнін­де түркі елі болды. Жалпы алғанда бұл кезеңдегі «қыпшақ» терми­нінің этнографиялық емес, тарихи мағынада қол­данылатындығы жөніндегі пікір тарихи шын­дыққа сәйкес келеді. Себебі, «қыпшақтар» (кең мағы­насында) ондаған басқа түркі тайпаларының басын біріктіреді. Ежелгі біртұтас атақоныс, бірнеше ғасыр бойғы бірімен-бірі араласып келе жатуы, ортақ тіл мен дін, барлығына тән көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшылық тұрмыс салты, бірегей мәдени-рухани көзқарас, тамыры терең әдет-ғұрып, әскери демократия нормалары «қыпшақтар» деген атаумен бөлек этникалық қауымдастықтың қалыптасуына, оның болашақ қазақ халқының ядросын құруға негіз қалайды. Өз кезегінде Алтын Орда құрамындағы Ақ Орда мемлекетінде қазақ халқының қалыптасуы мен Қазақ елінің құрылу процестері бір-бірімен қабыса, өзара байланыста жүріп жатты. Қазақстан тарихнамасындағы моңғол үстемдігі жөніндегі тақырыпқа тек негативті көзқарас қазақ мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы тақыры­бын зерттеуді оңды жолға бағыттамайды. Моңғол­дар­дың қазақ жерін «жаулап алғандығы» және бұрынғы өркениет ошақтарын талқандап, өндіргіш күштердің дамуына кедергі жасауы секілді пікірлер кеңес тарихнамасы ықпалы негізінде орныққан. Шындығына келгенде Жошы Ұлысы (Алтын Орда) қазақ мемлекеттілігінің құрылуы тарихының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Моңғол және түркі тайпаларының шаруашылық укладтарының бірегейлігі, әдет-ғұрып, салт-сана дәстүрлерінің жақындығы, ежелден көршілес, аралас-құралас өмір сүруі Жошы Ұлысында түркі тайпаларының әкімшілік, әскери-шаруашылық, мәдени салаларда лауазымды орындарға отыруына мүмкіндік берді. Жошы Ұлысында орын алған әкімшілік, құқық­тық жүйе Ақ Орда мемлекетінде жалғасын тапты. Хандық биліктің нығаюы шаруашылықтың, егіншілік пен қолөнердің, сауда-саттықтың, мәдениеттің дамуын, қираған қалалардың қалпына келтірілуін тездетті. Пошта жүйесі енгізілді, ақша айналымы реформасы жүзеге асырылды. Көшпелілерде салық жүйесінің болмауы толыққанды мемлекет құруға мүмкіндік бермеді дейтін пікір ұшырасады. Мұның негізсіздігін Алтын Орда мемлекетінде халықтың әртүрлі тобынан жиырмадан астам алым-салық түрі алынғандығынан көруге болады. Егіншілер мен малшылардан алынатын қалаң мен қапшауыр салығы, қалалық саудагерлер мен қолөнершілердің – баж салығы, ал бұқара халықтың бәрі бірдей – әскери салық төлеуі және т.б. күрделі салық жүйесінің болғандығын білдіреді. Жалпы, Жошы Ұлысы өмір сүрген кезеңді моңғол-түркі дәуірі деп атаған жөн. Бұл дәуірдегі қолайлы жағдай қазақ этносы мен оның этникалық аумағының қалыптасуын қамтамасыз етті. Ұлыс халқының әртектілігіне қарамастан, сол кездің өзінде оның басым көпшілігін арғындар, қыпшақтар, наймандар, керейлер, қоңыраттар, уақтар, маңғыттар және басқа да, кейін қазақ халқының құрамына енген тайпалар құрады. Этникалық шоғырлану процесі, әсіресе, Ақ Орда мемлекетінде интенсивті жүрді. Бұл процестің негізгі бағытын, әдет-ғұрып, тұрмыс-салты мен мәде­ниетінің, антропологиялық, географиялық фак­торлардың бірегейлігін былай қойғанда, бар­лы­ғы­на тән ортақ тіл – қыпшақ тілінің шығыс тарма­ғында сөйлеуі анықтады. Себебі, эконо­мика­лық, әлеу­меттік, саяси және мәдени тұрғыдан өзін-өзі реттеу ерекшеліктері тіл арқылы ғана жүзеге асырылды. Осы себепті Ақ Орда – Қазақстан аумағында жергілікті тайпалар негізінде құрылған тұңғыш қазақ мемлекеттілігі деуге толық негіз бар. Бұл пікір Ақ Орданың едәуір тұрақты аумақ­тық тұ­тастығымен, этникалық құрамының біртек­тілі­гімен, ел билеген хандардың (Орыс ханның әу­леті) әулеттік жалғастығының сақталуымен түсін­діріледі (Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (Тарихи-сараптамалық зерттеу). Астана, 2004). Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары кезінде Ақ Орда аумағының оңтүстігіндегі иеліктерге (Арал маңы, Сырдарияның төменгі ағысы, Қа­ра­­тау бөк­тері) және Әбілхайыр ханның тұсында Шы­­ғыс Дешті-Қыпшақтың басым бөлігіне билік жүргізді. Ортағасырлық «Умдат ат-тауарх» шығарма­сының авторы Әл-қажы Абди Әл-Гафари қазақ хан­дары жөнінде айта келіп, Барақ ханның тұрағы «Қазақ йайлағы деген жерде» деп жазады (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Лето­пись трех тысячелетий. Алматы, 1992. С. 219). Ақ Орда мен Моғолстан аумақтарын мекендеген ру-тайпа, тайпа бірлестіктері мен этносаяси бөлімдердің бір ұлт ретінде шоғырланып, ұлттық құрамының тұрақталуы мұнан да ертерек кезеңде орын алғандығын меңзейтін дереккөздері де жоқ емес. Солардың бірі 1922-1923 жылдары Қазақстанда болып, қазақ тарихына байланысты зерттеу жүргізген ағылшындық Ральф Фокс «қазақтар – моңғол шапқыншылығына дейін-ақ ұлт болып қалыптасқан халық» дейді. (Fox R. PeopІes of the Steppes. London, 1925. P.139). «Қазақ» атауының ХV ғасырдың ортасына дейін-ақ этникалық мазмұнға ие болғандығын дереккөздері де теріске шығармайды. 1330-1405 жылдары аралығындағы Орта Азияда болған тарихи оқиғаларды баяндайтын «Зафарнаме» кітабында қазақ елі, қазақ жері деген атаулардың ұшырасуы қазіргі ресми тарихнамадағы пікірдің түпкілікті еместігін көрсетеді. Өтеміс қажының «Шығыснамада» қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы Жошының ұрпағы Орыс хан (1369-1376 ж.ж.) деп есептеуі де белгілі бір кезеңдерде түркі тайпалары тобының бірде «алаш мыңы», бірде «алшын», кейін «қазақ» атанғаны жөніндегі пікірімізді толықтырады. Қалай болғанда да ХV ғасырдың орта кезінде Шу мен Қозыбасы өңірінде құрылған мемлекет пен оның халқына «қазақ» атауының берілуі Керей мен Жәнібектің өз жақтастарымен бірге Ақ Орда жерінен Жетісуға қоныс аударуына иллюстрация-1байланысты айтылады.

Қазақ хандығы

Қазақ хандығының құрылу уақыты Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Орыс хан мен Барақ хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың Ақ Орда халқының бір бөлігі­мен Жетісудың батыс өңіріне (Шу мен Қозы­басы) қоныс аударуы оқиғасынан, яғни хиджра­ның 870 (1465-1466) жылдарынан басталады деп көр­сетіледі. Әдебиетте мұны әулеттік талас-тартысқа сайып, тіпті Керей мен Жәнібектің бұл қадамы Ақ Орда мемлекетіндегі билік үшін күрес­ті жалғастыру мақсатында Жетісудағы түркі тайпаларымен қосылуды, яғни күш жинастыруды көздеді деп бағалағанның өзінде тәуелсіз өмір сүруге ұмтылған Ақ Орда халқының тарихи процес­тегі рөлі көмес­кіленіп қалады. Әуелі мемлекет (хандық) құрылды, сосын қазақ халқы қалыптасты деген пікірдің өзі де тарихи шындыққа сәйкес келмейді. ХV ғасырдың 60-жылдары «қазақ» этнониміне ие болғанмен, халық басқа атаулармен оған дейін қалып­тасып үлгерген. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін оның нығаюы мен халықтың қалыптасу тін­дерінің жетілуі өзара ықпалдастықта орын алады. Қазақ халқының қалыптасуы Қазақ хандығының құрылуына және тұңғыш қазақ хандарының іс-әрекетіне байланысты болуы деген пікір В.В.Велья­минов-Зерновтың «Қасым хандары мен ханзадалары туралы зерттеулер» деген еңбегінен бастау алды да, орыс және кеңес тарихнамасында қазақ мемлекеттілігі іргесінің қалануын да, қазақ этногенезін де ХV ғасырдың екінші жартысымен байланыстыратын тұжырым орын алды. Дегенмен, кейбір кеңес авторларының Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ оқиғалардың жиынтығы ретінде дүниеге келген құбылыс емес, ортағасырлық Қазақстанның бүкіл шаруашылық, әлеуметтік, саяси дамуы және қазақтардың этни­калық тарихының ерекшеліктерімен байланыс­тырғанын жасыруға болмайды. Жәнібек пен Керейдің Моғолстанға көшіп келу себебін Т.И. Сұлтановтың феодалдық езгінің күшеюі, осы негізде әлеуметтік наразылықтың өсуі, хан саясатына наразы сұлтандардың осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануды көздеді секілді тұжырымы дереккөздерімен дәлелденбейді. (Султанов Т.И. Некоторые замечания о начале казахской государственности // Изв. АН Казахской ССР. 1971. №1. С. 56.). Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан аумағын­дағы әлеуметтік-экономикалық және этносая­си дамудың заңды нәтижесі болып табылады. Қазақ хандығының тез аяғына тұрып, Еуразия кеңістігіндегі елеулі факторға айналуының ас­тарын­да ғасырлар бойғы мемлекеттілік дәстүр мен түр­кілік негіздегі қазақ халқының этногенезі про­це­сіндегі сабақтастықтардың қабаттаса, бірін-бірі алға сүйреген күштер жатты. Қысқаша сөзбен айт­қанда, қазақтарда әуелі мемлекет, сосын қазақ хал­қы қалыптасты деген тұжырымдама негізсіз көрінеді. Көрнекті орыс тарихшысы В.В.Трепавлов Қазақ хандығын көне дәуірден бері келе жатқан мемлекеттік дәстүрдің заңды жалғасы деп есептейді. Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі басты дереккөзі Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі екендігі әлем жұрт­шылығына мәлім. Мұны мойындамай, «қазақтарда бұ­рын мемлекет болмады» деп сөйлеу – «көрмес тү­йені де көрмес» деген қазақ мақалын еске түсіреді. Қазақ хандығының құрылуы тарихы К.А.Пищу­лина, Т.Сұлтанов, Н.Мыңжан, С.Жолдас­байұлы, М.Әбусейітова, З.Қинаятұлы, Т.Омарбеков және басқа да ғалымдар тарапынан әр қырынан зерттеліп келеді. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда зерттеу жұмыстарын жүргізген Альфред Хадсон (АҚШ) Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі тұжырымдарында «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйене отырып, Керей мен Жәнібектің, өз жағына басқа тайпалар мен руларды тарту үшін, күш-қуаты жеткілікті болғанға ұқсайды деп жазады. Әңгіме бұл екі сұлтанның беделі мен күш-қуаты емес, оған еретін, бөлінуге дайын халықтың біршама екендігі жөнінде болса керек. Келесі америкалық автор Марта Олкотт Қазақ хандығы Қасым ханның тұсында (1512-1518) бір орталыққа бағынған мемлекетке айналды дейді. Оның сөзімен айтқанда: «Қасым Ноғай тобынан» (Ноғай Ордасын айтады. – К.Е.) шық­қан қыпшақтардың, шағатайлықтардың шығыс бұтақ­тарынан тараған наймандар мен арғындарды қосқанда, басқа да түркі тайпаларының бірігуіне басты назар аударды. Бұл жағдай қазақтарды халық деп санауға мүмкіндік берді. Олар негізінен тұтастай түркі тілінде сөйлейтін, бірыңғай мал өсірумен айналысқан, ортақ мәдениеті бар бір миллиондай адамнан тұратын мықты ха­лық­ты құрады. Қа­сым­ның тұсында сая­си жағынан бірігу орнықты, себебі қазақ­тар аумағында тұрып жатқан сұлтандар хан билігін мойындап, оған бас иді». Олкоттың баян­дауы бойынша, Қасым ханның тұсында хан­дықтың құрамына Сырдария бойындағы қалалардың, оңтүс­тіктегі көшпелі және отырықшы өңір­­лер­дегі елді мекен­дер­дің енуі өзін-өзі қам­тамасыз еткен (астын сызған біз. – К.Е.) эко­номика құруға мүм­кіндік берді. Хандықтың ны­ға­юына бірнеше факторлар әсер етті. ХV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдарының басында хандыққа Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан біраз көшпе­лілер қоныс аударды. Осы ғасырдың аяғында Түркіс­тан аумағының орталығы Сығанақта, Сауран мен оның төңірегінде, Қаратаудың Созақпен қос алғанда жапсарлас ауданы және оның теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстарда, Арал өңірінде қазақ хан­дарының билігі орнады (Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХV – начале ХVI веков. Алма-Ата, 1977). Ноғай Ордасы халқының, әсіресе, алшындардың біраз бөлігі Қасым хан тұсында Қазақ хандығына келіп қосылады. Қазақ хандығының ежелден түркі тайпалары мекен­деген Жетісу жерінде құрылуы тез арада ныға­йып, халқының саны өсіп, этникалық аумағы­ның кеңеюіне жағдай жасады. Моғолстандағы керей, қаңлы, дулат, қарлық, меркіт, чорас, барлас және т.б. түгелге дерлік түрік тілі­нің қыпшақ тармағына жататын қазақ және қыр­­ғыз тілдеріне жақын тілде сөйледі (Юдин В.П. Центральная Азия в ХIV-ХVIII веках глазами восто­коведа. Алматы, 2001. С.84). Қасым хан тұсында хандықтың шекарасы оңтүстігінде Сырдарияның оң жағалауымен шек­тесіп, Түркістан қалаларының біразын, оңтүс­тік-шығысында Жетісудың тау етектері мен жазық­тарының бір бөлігін қамтиды, солтүстік-шығы­сын­да Ұлытау және Балқаш көлі өңірі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейін, солтүстік-батысында Жайық өзеніне дейін жетеді. Батыста қазақтардың этникалық аумағының Жайық өзенімен шектесіп жатқандығы жөнінде 1517, 1526 жылдары Мәскеуде дипломатиялық тапсырмамен болған австриялық дипломат С.Герберштейн де растайды. Қазақ хандығының шекарасы туралы мағлұмат­тар орыс патшасы ІV Иванның 1552 жылғы жарлығы бойынша өз мемлекетінің шекарасын анықтауды көздеген материалдар жинастырылып, 1599 жыл шамасында Федор Ивановичтің тұсында жарық көрген «Большой чертеж» кітабында келтірілген. Мұны құрастырушылар «Қазақ Ордасының» «Хвалынск» (яғни Каспий) теңізінен Қарақұмға дейінгі жері мен географиялық нысандарына сипат­тама береді (Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрон. Т. ХV. Кн.29. СПб, 1895. С. 455). ХVI ғасырда қазақтар Тобыл өзенінің жоғарғы жағы мен Есіл және Ертіс өзендерінің бассейінінде көшіп-қонып жүреді (Томилов Н.А. Казахи Западной Сибири в конце ХVI – первой половине ХІХ в. // Этногенез и этническая история тюркских народов Сибири и сопредельных территорий. Омск, 1983. С. 70). Қазақтардың Батыс Сібір жеріне орналасуы Г.Е.Катанаев, М.С.Мұқанов және басқа да автор­лардың еңбектерінде қарастырылды (Катанаев Г.Е. О поступательном движении киргизов Средней Орды к границам Западной Сибири // Зап. Западно-Сибирского отделения РГО. 1886. Кн. 8. Вып. І; Му­канов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата, 1974). ХVI ға­сыр­дың бас кезінде Қазақ жерлері Пермьмен шекара­ласып жатады (Томилов Н.А. Указ. соч. С. 69). XVII ғасырдың соңғы ширегінде хандық қазіргі қазақ аумағының басым бөлігіне бақылау жүргізеді. (OІcott M.B. The Kazakhs. Stanford, CaІifornia, 1987. PP. 3,4,9). Қазақ хандығының үш жүзге бөлінуі негізінде оны «федерация» немесе «конфедерация» болған­дығының белгісі деп есептеудің негізі жоқ. Қазақ­тың үш жүзі – бір мемлекеттің үш бөлігі ғана. Бұл жөнінде М.Олкотт былайша түсіндірме береді. Кейбір тайпалардың халқының саны мен иелі­гінің ұлғаюы әлеуметтік ұйымдасу мен бас­қару­ға қатысты проблемалар туғызды. Міне, осы жағ­дайға және генеалогиялық факторларға (басқа жағ­дайларға емес) байланысты ХVI ғасырдың бірінші жартысында хандық аумағы үш жүзге бөлінді (көпшілік авторда басқа кезең аталады. – К.Е.). Бірақ осыған қарамастан, деп жазады М.Ол­котт, қазақтар бір тілде сөйлейтін, жалпыға тән мә­де­ниеті мен экономикасы бар біртұтас халық болып қалды. Неміс ғалымы Э.Саркисянц «1917 жылға дейінгі Ресейдің шығыс халықтарының тарихы» деген зерттеуінде Қазақ хандығының құрылу тари­хын, оның Қасым, Тахир (1523/24-1531/32), Хақназар (1537/38-1580) хандар тұсында көршілес халықтармен қарым-қатынастарын, тайпалық құрамы мен этникалық аумағының қалыптасуын егжей-тегжейлі баяндайды. Әсіресе, ол Тәуке хан тұсындағы (1651-1718) бір орталыққа бағынған Қазақ мемлекетіне ерекше тоқталады (Şarkısyanz E. Geschichte der OrientaІischen VöІker RussІands bis 1917. München, 1961. S. 310-322). Қазан төңкерісіне дейінгі кейбір орыс ғалымдары да Қазақ хандығы жөнінде объективті пікір білдірді. «Далалық облыстардың қырғыздары туралы заңдар жинағы» деген еңбекте: қырғыз-қайсақ ханы Тәуке тайпалар арасында тыныштық, рулар арасында жерді әділ бөліп беріп, оны пайдалану тәртібін орнатты, жалпы ол заңдылық негізде әрекет етті; бәрін де ақылмен істеп, тәжірибе мен шеберлігіне сүйенген Тәуке үш қырғыз-қазақ ордасына билік жүргізді; әрбір ордаға өз өкілдерін: Ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені тағайындады делінеді (Сборник узаконений о киргизах степных областей / Сост. И.И. Крафт. Оренбург, 1898. С. 12). И.И.Крафт ХVIII ғасырдың бас кезінде «жүз» бөлек хандық мағынасындағы құрылымды емес, кө­бі­не-көп бір мемлекет құрамындағы генерал-гу­бер­наторлықты білдірді деп көрсетіпті (Сонда. С. 14). ХІХ ғасырдың орта кезіндегі А. Терещенко деген автордың «Дешті Қыпшақ іздері және Ішкі Қырғыз-қайсақ ордасы» деген мақаласында да осы секілді мәліметтер келтіріледі. ХVII ғасырдың бас кезінен Түркістан қаласы қазақтардың астанасына айналды. Есім ханның (1598-1613/14) ұлы Жәңгір (1627-1628) мен немересі Тәуке осы қалада тұрып, барлық қазақтарға әмірін жүргізді деп жазады ол (Москвитянин. 1853. Т. 6. № 22. Кн.2. С. 77). Қазақтардың атамекен жерлерінің этникалық қалыптасуы ХVI-ХVII ғасырлар барысында аяқ­талды. Ресей Орталық мемлекеттік тарихи мұра­ғаты, Ресей Орталық мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей Сыртқы саясаты мұрағаты, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеті мұрағаты негізінде зерттеу жүргізген М.С.Мұқанов ХVIII ғасырдың бас кезінде қазақтардың қазіргі Қазақстан аумағын тұтастай алып жатқандығын нақтылап берді (М. Мұқанов. Қазақ жерлерінің тарихы. Алматы, 1994. 4-5-беттер). Ғалымдардың соңғы жылдары жүргізген архео­логиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қазақстанның солтүстік өңірінде қимақ дәуіріне, ал Жайық өзенінің батыс жағалауында Алтын Орда дәуіріне жататын қалалар орындары табылды. ХVIII ғасырдағы қазақтардың этникалық аумағы тарихи құжаттар негізінде В.Востров, Н.Бек­маханова және басқа да ғалымдар тарапынан зерттеліп, негізделді. Мемлекеттіліктің басты атрибуттарының бірі – шекара екендігі белгілі. «Қазақтарда шекара болмады» деп ауа жайылушылар үшін қазақ та, ағылшын да, басқа да емес, қазаққа бүй­регі бұра қоймайтын Ресей Бас Штабының капи­таны Л.Костенконың мына куәлігін келтіре кетейік: «Северную границу киргизких кочевок определить легче, чем южную, потому что здесь еще с прошлого века русское правительство стремилось обозначить пределы набегам степняков устройством укрепленных линий. Таким образом северная граница киргизских кочевок обозначилась: частью Алтайских гор, рекою Иртышем, потом так называемою Горькою Сибирскою линиею от Иртыша до Тобола, или до Звериноголовской крепости, затем от этой последней до устья реки Уя рекою Тоболом; далее р. Уем и потом Уралом, начиная от Спасскаго форпоста (близь Верхнеуральска) почти до Оренбурга, или точнее до Нижняго форпоста, затем далее реками Бердянкою, Уралом и Илеком до устья последнего и потом опять Уралом. Несмотря, однакож, на эти пределы, значительная часть киргизов Малой орды, в числе 7000 кибиков, перешла в 1812 году через Урал и с разрешения правительства поселилась в Астраханской губернии (Внутреняя или Букеевская орда); другая часть, в числе 3200 кибиток, несколько ранее перешла Иртыш и кочует внутри линии Сибирского казачьяго войска. На западе границей киргизских кочевьев считается р. Урал и северовосточный берег Каспийского моря. На юге киргизы примыкают своими кочевьями до Усть-Урта, затем до Хивы, до Заравшана, хребта Кашгар-Даванского, гор Уртак-тау, хребта Александровского и гор Киргизын-ала-тау. На востоке киргизская кочевья доходят до хребта Ала-тау, озера Алакуль, гор Тарбагатайских, озер Нор-Зайсана и хребта Тянь-шанского». (Средняя Азия и водворение в ней русской гражданственности / Сост. Л. Костенко. СПб, 1870. С. 30-31). Бұл орайда орыс бекіністері мен әскери жүйелерінің, оның ішінде «Ащы өзек» аталған «Сібір шебінің» өзі қазақ жері арқылы өткенін ескеру қажет. 1910 жылы жарық көрген «Ақмола облысындағы қырғыз шаруашылығы» деген зерттеудің авторы В. Кузнецов: «Қазіргі қырғыз­дар­дың (қазақтардың. – К.Е.) ата-бабалары Петропавл даласына әр уақытта қоныс аударды. Уезде өздері­нің тұрып жатқанына бес жүз жыл болған бір ауыл табыл­ды. Ол – Полуденск болысындағы Жакей Ораз­бай тұратын 9-ауыл. Осы болыстағы №7, 10, 13, 16 – ауылдардың, Тайыншы болысындағы он бір ауыл­дың мұнда төрт жүз жылдан бері өмір сү­ріп жатқаны көрінеді» (Кузнецов В. Киргизское хозяйство в Акмолинской области. Т. ІІІ. СПб, 1910. С. 31-33). Басқаша сөзбен айтқанда, орыс мұжықтарына жер іздеген экспедиция басшысының өзі қазақтардың қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында ХV ғасырдан бері тұрып жатқанын мойындайды. Қазақ хандығы өз заманында Шығыста да, Ба­тыс­т­а да белгілі болды. Шығыс авторларының шығар­маларында Қазақ хандығы «Мамлакат-и казах», «Доулат-и казах», «Улус-и казах» деп аталды. Парсы жазушысы Хасан бек Румлудың 1931, 1934 жылдары ағылшын тіліне аударылып жарық көрген «Ахсан ат-таварих» атты еңбегінің 12-томында 1494-1578 жылдардағы Қазақ хан­дығы, оның хандары Қасымның, Бұрындық пен Хақназардың іс-әрекеттері, олардың ішінде 1578 жылы Пул-и Хатун түбінде қазақтардың түрікмендермен ұрысы жөнінде баяндалады. Қазақ хандығы туралы еуропа саяхатшылары, саудагерлері мен дипломаттарының күнделіктері де мол мағлұмат береді. ХVI ғасырдың 50-жылдары Ресейден Иранға қазақ жері арқылы екі рет өткен ағылшын көпесі Энтони Дженкинсон (1538-1580 ж.ж.) қазақтарды өз атымен атап («Cassacks»), олар­дың сол кезеңде (яғни Хақназар хан тұсында) Ташкентпен соғысып жатқандығы, қуатты халық екен­дігі жөнінде Англияға мәлімет жеткізеді. Өзі құрастырған картада Еділ мен Жайық арасында но­ғайларды орналастырып, олардан шығысқа қарай­ғы жерлерді «Казахия» («Cassackia») деп көрсетеді. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. (Жалғасы бар).