12 Маусым, 2015

Экологиялық сана – басты қазына

3060 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде адам санасы барлық іс-әрекетін экологиялық тұрғыдан қарас­тыр­маса, тіршілігімізге қауіп төніп тұр­ғаны сөзсіз. Әл-Фараби атамыз айтқан­дай, «Дүниеде бәрі математикалық дәлдік­пен орналасқан, орнынан бір нәрсе жыл­жыса, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады». Бір жақсысы, осы ретте жас­тар өз болашағына жауапкершілікпен қарай­тынын олардың жыл сайынғы өтетін Ұлттық экологиялық форумға қаты­суы­нан білуге болады. ІІ Ұлттық эколо­гия­лық жастар форумы «Жандану әлемі» қоры­ның құрылтайшысы Ә.Назар­баева­ның жеке бастамасымен жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен болатын.

1429037047_news3

Форумның бас әріптесі Тұңғыш Президент қоры, форумның ұйымдас­ты­рушылары Білім және ғылым министр­лігі және «Жандану әлемі» қоры болып табылады. Форумның басты мақ­саты жастардың қоршаған ортаға деген ық­палын жақсарту, экологиялық ағарту, экологиялық мәдениетін құру және қоғамның түйсігін қалыптастыру саласындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыру; жастардың өзекті экологиялық мәселелерді шешуге байланысты зерттеулерге, тәжірибелік және қоғамдық жұмысқа белсенді тартылуын қамтамасыз ету. Жиынды Ғылым және білім министрлігі өкілдерінің, Германия мен Финляндияның ғылыми сарапшыларының қатысуымен экология саласындағы халықаралық білім беру бағдарламаларының тұсаукесері ашты. Бұл форумға еліміздің барлық жоға­ры оқу орындарының өкілдері қатыст­ы. Әр оқу орнынан жалынды жастар­дан құралған командалар келді. Форум­ның үш күндік жұмысы барысында Респуб­ликалық ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының байқауы шеңберінде экология сала­сындағы бірлескен жобаларды жоспарлау, табиғатты қорғау қызметі саласындағы теориялық және тәжірибелік білімді талқылауға арналған алаң құрылды. Форумға келіп түскен сту­дент­тер­дің 100-ге жуық ғылыми ең­бегі жинақ­талып, осы сала­дағы сарапшылар ұжы­мы үлкен саралау жұмысын жүргізді. Эко-форумның бағдарламасына «Менің жасыл қалам – менің арман қалам» тақырыбына ЖОО арасында Ботаника бағының аума­ғында өткен байқаулық бағ­д­арлама, Медеу шатқалына экс­курсиялық тур, «Барлығы отбасынан басталады» бейнероликтер байқауы, «Балалық шақтың балдәурен ғаламшары» балалар эко-шығармашылығының көрмесі кірді. Ұлттық форум Гала-концертпен аяқталды, онда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының «Жандану әлемі» қорымен бірлесіп жүзеге асыратын «Балалық шақтың балдәурен әлемі» әлеуметтік жобасының тұсаукесері болды. Форумның жұмысына Қазақстанның барлық аймағын қамтыған еліміздің 34 жоғары және арнайы оқу орындарынан келген 1540 делегат қатысты. Ең үздік жұмыстардың авторлары, форумның бас әріптесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры тағайындаған арнайы сыйлықтарды У.Асен, А.Болатбек, А.Дәрменқұлова, М.Жұ­мабекова, Ш.Желенова, Г.Ел­­шібек, Г.Сейтмағанбетова, М.Сар­­ман, А.Якуценя сынды әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ студент­тері еншілегенін мақтан тұтамыз. Студент жастарымыздың бел­сенді ой, пікірталасына қа­рап, кеңі­нен қанат жайған эко­ло­­гия­лық форумға ақ жол тілейміз. Әлия На­зарбаева бас­та­ған ұйымдас­тырушы азаматтар­дың осы отан­сүйгіштік рухтағы патриот­тық бастамасы жастары­мыздың бойында ең басты қазы­наларымыздың бірі – экологиялық сананы қалып­тастыруға болашаққа да қызмет ете берсе, нұр үстіне нұр демекпіз.

Тұрсынкүл БАЗАРБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың энергоэкология кафедрасының меңгерушісі, география ғылым­дарының кандидаты, доцент.

АЛМАТЫ.

Сурет: http://www.zhandanu.com/