Халқымыздың жүрегінде есімдері мәңгілікке сақталып қалған Үкілі Ыбырай, Мәди, Мұхит іспетті әрі ақын, әрі әнші тұлғаларды өзіне ұстаз тұтқан Маясар ақын 1889 жылы өмірге келіп, 1965 жылы қайтыс болған. Ол ұлтымыздың айтыс өнерін дамытуға айрықша үлес қоса білді. Оның Болман, Нұрлыбек, Көшен, Қайып ақындармен сөз қағысы көптеген жинаққа енген. Ол сонымен бірге ескілікті аңыз әңгімелерді, қисса-дастандарды, өзінен бұрын жасаған ақындардың жыр-толғауларын жатқа білген. Шортанбайдың «Қаракесек», «Ағыбай батыр» дастандары мен өлеңдері, сондай-ақ «Шөже мен Кемпірбайдың айтысы», «Шал мен қасқырдың айтысы» атты ауыз әдебиетінің үлгілері М.Жапақовтың айтуымен жазылып алынып, әдеби қордың мұрасына енгізілген.
Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейіндегі Маясардың қос ішекті домбырасы қайың ағашынан жасалған, мойын ұзындығы – 48 см, шанағы – 32 см. Домбыраны музейге 1985 жылы ақынның ұлы Әбдіқұл тапсырған. Домбыра күніне орай өткізілген «Домбыра – қазақ халқының асыл мұрасы» атты көрмеге Маясар ақынның домбырасы қойылып, келушілердің қатты қызыққанын байқадық.
Жезқазған