Тоғызыншы ауысымның алғашқы күні. Орта Азиядан, Еуропадан, тіпті Америка құрлығынан жиналған 300-ге жуық қазақ баласы Бурабайда бас қосты. Бір-бірімен енді танысып, енді табысып жатқан оқушылар. Олардың ата-аналары да өзара шүйіркелесіп, жаңа маусымның ашылу салтанатына жиналып жатыр. Осы сәтте мерекелік шараға дайындалып, өзінен үлкен домбырасын шертіп тұрған балақай ерекше көзімізге жылы ұшырады. Жақын барып, таныстық. Тоғыз жасар Еркін Данияр Қытайдан келген екен.
– Қазір өнер көрсеткелі тұрған сияқтысың?
– Иә, «Бір шәугім шай» әнін орындаймын.
– Әп бәрекелді! Болашақта кім болғың келеді?
– Димаш болғым келеді!
Міне, жауап! Балақайдың асқақ арманы мен аппақ көңіліне шексіз риза болдық. Оның жанында сырнайын құшақтап тұрған Тұрсынәлі Еламанды да сөзге тарттық. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген Тұрсынәлі 9-сыныпты Қазақстанда оқимын дейді. Сөзге жүйрік жеткіншектен әр нәрсені сұрай келіп, «Атамекенге алғаш келгенде қандай сезімде болдың?» дегенімізде, ұзақ ойланып қалды. Біршама үнсіздіктен соң, көзін жұмып тұрып, «Анашымның құшағына кіргендей болдым» дегенде қалай құшақтай алғанымызды өзіміз де аңғармай қалдық.
Көптен күткен 9 ауысымның ашылу салтанаты басталды. Нағыз еміренген, тебіренген сәт осы кезде болды. 12 мемлекеттен келген 300 қазақ баласы оң қолдарын кеуде тұстарына қойып, Мемлекеттік Әнұранды орындағанда ашық аспан астындағы сарай күмбірлеп кетті. Кім біледі, «Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар», деп шетелдегі қазақ баласы осы сәтте алғаш рет айтқан да болуы мүмкін ғой... Кейін «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» сынды патриоттық әндер бірінен соң бірі орындалып, күй тартылып, Абайдың өлеңдері оқылды. Сахнаға қауымдастықтың өкілдері шығып, құттықтау сөз сөйлеп, балаларға көңілді демалыс тіледі.
«Биылғы лагерь бұрынғыдан өзгерек. Мәселен, аталған жобаға қатысуға осы жылы Қытайдан 460 ата-ана құжат тапсырды. Соның ішінен біз ең үздік деген 48 баланы іріктеп алдық. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Одан бөлек, Ресейдегі, Моңғолиядағы өкіметтік мекеме орындары өздері қаржы бөліп, балалардың жол шығындарына көмектесіп, қолдау көрсетіп жатыр. Дәл осы тоғызыншы ауысым 9 шілдеден бастап, 23 шілдеге дейін жалғасады. «Атасын алдырамын десең, ботасын алдыр» дейді ғой. Бүгін балалардың Қазақстанда демалып, үйлеріне жақсы әсерде қайтуы – ертең шетелдегі қандастардың атамекенге келуіне жол ашады. Осы жоба арқылы қаншама бала өзінің ата-анасына көшіп келу туралы ұсыныс айтқан. Он бес күн бойы «Балдәуренде» балалар тегін демалады», деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жастар бірлестігінің төрағасы Нұрдәулет Бөкейханұлы.
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Сержан Әлібаевтың айтуынша, демалыс орнына жыл сайын 300-ге жуық бала келеді.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен 2003 жылдан бастап бірге жұмыс істеп келеміз. Біздің басты мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыра отырып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. 15 күн ішінде жеткіншектерге заманға сай қарым-қабілеттерді үйретуге тырысамыз. Сол үшін де, алғашқы күннен бастап балалардың ұялы телефондарын жинап аламыз. Өйткені гаджеттер, алысты жақындатқанымен, жақынды алыстатады. Әрине аптасына екі рет ата-аналарымен, жақындарымен хабарласып отырады. Сондай-ақ оқушылар бір-бірімен тілдесіп, араласып, достасып кетуі үшін өзінің ынтасына қарай спорт, өнер, білім, технология бағыты бойынша түрлі үйірмелерге қатысады. Айта кетейік, шет елден келген балалар мен Қазақстандағы балаларды бөліп-жармаймыз. Бағдарлама – бәріне де ортақ», деді С.Әлібаев.
Балалармен 15 күн бойы бірге болып, барлық іс-шарада басы-қасында жүріп, оларға жетекшілік ететін – ұйымдастырушы ұстаздар. Солардың бірі Жанел Ақжолтайдың айтуынша, дәл осындай Халықаралық лагерьдің қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді.
«Өйткені бәрі де қазақ балалар болғанымен, жан-жақтан келгеннен кейін әуел баста бір-бірін түсінісіп кету оңайға соқпайды. Тіпті әрқайсысының әзілдері де әртүрлі. Бірақ балалар 12 елден келгеніне қарамастан, бір шаңырақ астында болғаннан кейін, көп ұзамай тез тіл табысып кетеді. Түрлі ойындар мен іс-шаралардың арқасында ұжымдасып, бір-біріне бауыр басып қалады. 4-сыныптан 9-сыныпқа дейінгі балалар жас ерекшелігіне қарай 13 топқа бөлінген. 12 елден келген балалар бір топта болуы да мүмкін. Енді қызығы сол, олар бір ұжым болғаннан кейін түрлі жарыстарда ортақ ұрандарын айтып, бір-біріне қолдау көрсетіп, 15 күннен кейін бір үйдің баласындай болып кетеді», дейді Ж.Ақжолтай.
«Балдәуренге» сонау Америка Құрама Штатынан, Еуропадан келген балалар тілшілерге өздерінің алғашқы әсері туралы айтып жатты. Соның бірі – Польшаның Варшава қаласынан келген Хакан Жанкей есімді 14 жастағы бала.
«Бұл жаққа біз де іріктеліп келдік. Мен өзім бірнеше тілді меңгерген полиглот болғым келеді. Жалпы, біз үйде тек қана қазақша сөйлесеміз. Бірақ мен тағы да түрікше, ағылшынша, полякша сөйлей аламын. Ата-анамның «Атамекенге көшеміз» дегенін естіп жүрмін. Бұйырса, ол күнге де жетеміз деп ойлаймын. Жалпы, туыстарым осында болған соң, Қазақстанға жиі-жиі келіп тұрамын», дейді Х.Жанкей. Ал Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген Абдулхамит елімізге алғаш келген екен.
– Қазақстанға алғаш келген екенсің. Қандай әсердесің?
– Тап мен ойлағандай емес екен...
– Сонда қалай? (Не дер екен деп, демімізді ішімізге тартып, елеңдей қалдық)
– Бұл жақта бәрі орысша сөйлейді деп ойлағанмын. Бірақ мұндағы достарым қазақша сөйлегенде, қалай қуанғанымды білсеңіз ғой...» деген кезде барып, біз Абдулхамиттен бетер қуандық.
Ашылу салтанаты жалғасып жатты. Сахнаға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шақырылды.
«Шет мемлекеттен балаларды «Балдәуренге» алғаш рет 2003 жылы әкелгенбіз. Сол кезде 5 бала келген еді. Содан бастап мінекей, бүгін 288 балаға шейін жеткіздік. Алдымен ТМД мемлекеттерінің төңірегінен келетін. Биыл балалар Қытайдан да, Еуропадан да, Америка Құрама Штатынан да келіп отыр. Бүгінгі бала – ертеңгі халық. Елге келген соң бұл балалар бір-бірімен танысады, табысады, бір-біріне бауыр басып, дос болады. Терең қарайтын болсақ, ынтымақ-бірлік осы жерден басталады. Сөйтіп, осы жеткіншектер келешекте елімізді әрі қарай көркейтеді. Бұл жаққа келген балалардың көпшілігі кейін атажұртта қалып, квота арқылы жоғарғы білім алып жатыр. Ол білімді алған соң, олар келешекте Қазақстанның азаматы болып шығады», деді З.Тұрысбеков.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ардагері Ботагөз Уатқанның айтуынша, бұл іске алғашқыда Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған еді.
«2003 жылы Алтай Республикасының Қосағаш елді мекенінде зілзала болып, халық көптеген зиян шекті. Осыны ескеріп, Қосағаштан он баланы арнайы шақырғанбыз. Оған қоса, Моңғолия мен Қытайдан жиырма бала келіп демалды. Сол жылы Біржан сал бабамыздың 170 жылдығына орай тағылымды шаралар ұйымдастырылып, театрландырылған көрініс әзірленді. Қойылымның негізгі кейіпкерлері, яғни Біржан мен Сараның рөлінде Моңғолиядан келген Қосқанат Көпжасар және Алтай Республикасынан келген Гүлдәурен Шоқабаевалардың ойнағанына куә болғаным бар. Бұл тамаша іс-шараның соңы Біржан сал бабаның ұрпақтарымен кездесуге жалғасты. Сондай-ақ Оқжетпес пен Жұмбақтасқа жасаған саяхаттары да балалардың көңіліне өзгеше әсер етті. Осындай игі іс-шаралардың бәрі де олардың тәрбиесіне оң ықпал жасады. Он бес күнде әжептәуір тіл сындырып қайтады. Алғашында бір-бірінен тосырқағанымен, кетерлерінде жылап қоштасады», деді Б.Уатқан.
«Балдәуренге» бұл жолы 288 бала келсе, осы жобаның себебімен олардың ата-аналары да бірге келген. Қытайдан келген Шалқар Баймұхамедұлының айтуынша, аталған бағдарламаға қатысу үшін құжат жағын реттеу қиын болмаған.
«Құжат жағын жауапты адам реттеп отырды. Ата-аналар ол жағына алаңдамадық. Осы «Балдәурен» лагерінің себебімен біз де Атамекенге алғаш келдік. Ойдағыдан да жақсы болып жатыр. Ашылу салтанатынан кейін 2 апта Астанада боламыз. Бұйырса, көштің басын отанымызға тіреп, балаларымыз осында білім алса деген ниеттеміз», деді Ш.Баймұхамедұлы.