Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Баспасөз жиынында сөз алған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова биыл тест тапсырушылардың саны артқанын, мұның себебі демографиялық жағдайдың жақсарғанына және жоғары білімге сұраныстың артуына байланысты екенін айтты.
«12 шілдеде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталады. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті. Су апатынан зардап шеккен 6 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 12 шілдеге дейін ұзартылған еді. Осыған дейін айтқанымыздай, ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Биылғы мектеп түлектерінің саны артып, 181 мыңнан аса талапкер ҰБТ-ны екі мүмкіндікті қоса есептегенде 326 мың рет тапсырды. Өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық бала тест тапсырды. Бұл еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсарғанын және жоғары білімге сұраныстың артуын көрсетіп отыр. Алдын-ала ақпарат бойынша 139 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, яғни осыншама үміткер грант конкурсына қатыса алады. 2023 жылы 162 мың бала 291 мың рет тапсырған еді. Соңғы үш жылдың ішінде алғаш рет 140 балл жинаған талапкер шықты. Бұл Алматы облысы Талғар ауданының Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің түлегі – Жаннұр Еңсебек. 139 балды 2 тестіленуші: Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Атап өтсек, аталған үш талапкер де ауыл мектептерінің бітірушілері», деді Г.Көбенова.
Спикердің айтуынша, грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау 13-24 шілде аралығында өткізіледі. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлер еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш бере алады. Сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі форматта – офлайн тапсырғысы келетіндер үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Ескеретін жайт, құжаттарды кез келген жоғары оқу орны арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыға оқуға түсуді жоспарлап отырған ақтаулық түлек грантқа өтініш беру үшін Алматыға бармай-ақ, құжаттарын еGov арқылы онлайн немесе жергілікті университет арқылы офлайн тапсыра алады.
«Енді гранттарға келсек. Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағыттарға басымдық берілді. Осылайша, барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Атап айтқанда, гранттардың басым бөлігі (19 344 грант) «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына берілді. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі. Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған грант бөлінген. Осыған қоса «Серпін» бағдарламасы арқылы да тегін оқуға мүмкіндік бар, бұл бағдарламамен түсушілерге 3 903 грант, оның ішінде 2024 жылы алғаш рет колледж түлектері үшін 400 аса грант қарастырылып отыр. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң, грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды», деді комитет төрағасы Г.Көбенова.
Баспасөз жиынында баяндалғандай, гранттар тізімінде 5000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған. Бұл жерде атап өтетін жайт, балалар осы арнайы грантқа да, жалпы конкурсқа да қатыса алады. Сондай-ақ педагогикалық, ауыл шаруашылық және инженерлік мамандықтар бойынша мақсатты гранттар өңірлік жоғары оқу орындарына орналастырылды. Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал топтарға квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35% болып бекітілген. Ал су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. 2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді.
«2022 жылдан бастап беделді халықаралық пәндік олимпиада, жарыс, конкурс жүлдегерлері мемлекеттік грантқа ҰБТ-сыз ие бола алады. Мемлекеттік грант конкурсында балдардың теңдігі жағдайында басымдылық «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Биыл 7 мыңнан аса түлек «Алтын белгі» иеленді. Әскери борышын өтегендерге қатысты да тоқталсақ. Өткен жылдан бастап олар ҰБТ-сыз әңгімелесу арқылы тек ақылы негізде оқуға түсе алады немесе жоғары оқу орнының ішкі гранттарына үміткер болады. Жылдағыдай, білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Университетке құжат қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі. Құрметті ата-аналар және талапкерлер! Грант конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 13 шілдеден басталды. Құжаттарды 12 күн бойы қабылдайды, сондықтан бұл сіздің өміріңіздегі маңызды таңдау болған соң, асықпай, жан-жақты зерттеп, тиісті шешім қабылдап құжаттарыңызды өткізе аласыз. Тағы сұрақ туындаса, 69-50-89 нөмірі бойынша колл-орталығына, сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының 69-52-80, 69-50-96, 69-52-87 нөмірлері бойынша хабарласуға болады», деді Г.Көбенова.
Қоса кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін де, анығын айтқанда, осы жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады. Қайбір жылдары тіпті жоғары балл жинап, тегін оқуға түскен түлектердің де тестілеу бейнежазбаларына талдау жүргізуден кейін грантынан айырылып қалғаны бар. Сол себепті осы талапты түлектердің есіне сала кеткіміз келеді.