Жамбыл облысында кейінгі төрт жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар десе, сенер ме едіңіз? Ел болған соң елді мекендерде бас жарып, көз шығара жаздайтын сотқарлар кездесіп тұрады. Бұл – жазылмаған заңдылық қой. Бірақ Сарысу ауданына қарасты Жаңарық аулының қариялары жастарды «ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстап» отырған секілді. Содан да болса керек, ауыл ішінде төрт жыл бойы қылмыс тіркелмепті.
Облыстық полиция департаменті таратқан дерекке жүгінсек, ауылдық округ құрамында Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев елді мекендері бар. Жалпы, мұнда 1700-ге жетеқабыл халық тұрады.
Бірнеше жылдан бері ауылдық округтегі дүкендерде темекі және алкогольдік өнімдер мүлде сатылмайды. Жергілікті халық бұл істі қатаң қадағалауға алған. Таяуда округте тағы бір дүкен ашылады екен. Кәсіпкер де ауыл халқының жазылмаған заңына бағынып, жұрттың ұстанымын қолдап отыр.
Баянды бастаманы ауыл халқы өзара ақылдаса отырып қабылдаған. Округке қарасты елді мекен тұрғындары, әсіресе жастар үлкендердің кесімді сөзін қолдап, шешіміне бас иген. Нәтижесінде, ауылда қылмыс атаулы сап тыйылған екен.
«Шайтанның суы талай отбасылық жанжалдың, қылмыстың туындауына әкеп соғады. Жаңадан отау құрған жастардың үйінен береке кетеді. Округ тұрғындары бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуі керек. Біз мұндай шешімді сол үшін қабылдадық. Ауылдастарымыз бізді қолдады, қуаттады. Нәтижесінде, елді мекендерде мызғымас тыныштық орнады. Осы татулықты, бірлікті, берекелі тірлікті сақтауға күш салып жатырмыз», дейді жергілікті тұрғындар.
Учаскелік полиция инспекторы Сағынғали Саламатов кейінгі бес жылдың бедерінде Ұ.Сыздықбаев аулында тұрып жатыр. Округке қарасты елді мекендерді жиі аралап, тұрақты түрде рейд жүргізеді. Ілгеріде полиция есебіне ілінген азаматтарды тұрғылықты жері бойынша дер кезінде тексеріп жүр. Бір сөзбен айтқанда, қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ауыл халқы еңбекқор инспекторды тегіс таниды, құрметтейді.
«Ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындары қай кезде де жұмылған жұдырықтай бірігіп, берекелі істердің басында жүреді. Жергілікті халық баталы бастамалардың барлығына қолдау білдіріп, белсенділік танытады. Полиция қызметкері ретінде мен округ тұрғындарының сенімін ақтау мақсатында аянбай жұмыс істеп жүрмін. Ауылдастарымның сеніміне селкеу түсіргім келмейді. Ең бастысы, ауылда қылмыс тіркеліп жатқан жоқ. Ал кішігірім дауларды медиация арқылы шешуге күш салып келеміз. Округке кіретін ауылдарда жағдай тұрақты әрі тыныш болса да, өз басым үлкен жауапкершілік жүгін сезінемін. Неге десеңіз, бірнеше жыл бойы бірлесе атқарған жұмыстың арқасында қол жеткізген оң көрсеткішті сақтауымыз керек», дейді С.Саламатов.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, алкогольдік ішімдіктен бас тартқан Жаңарықтан өзге ауылдар да баршылық. Нақтырақ айтар болсақ, өңір бойынша 12 ауылдық округ бірнеше жыл бойы елді мекендерде ішімдік сатуға шектеу қойған. Сол 12 округтің барлығы қазіргі кезде ең қауіпсіз ауылдар санатына қосылып отырғаны көңіл тоғайтады.
Бірнеше жыл бұрын науқан сипатында басталған бастама әлденеше жылдан кейін оң нәтиже бергені – расында жақсылықтың нышаны. Алкогольдік ішімдіктен бас тартқан елді мекендерде қазіргі кезде жағдай тұрақталған. Ақсақалдардың ақылына құлақ асқан жастар құқық бұзушылыққа жол бермейді. Олар мұны өмірлік салтына айналдырған.
Жамбыл облысы