22 Қаңтар, 2015

Саз бен сөз

423 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
БайтилесЕр Ермұрат ерте кетіп қалды. Фәниден бақиға. Зейіні бөлек, зердесі ерек Зейіпханұлы екі етегі жасқа толып, елім деп оралған азаматтардың бірі еді. Қытайдан. Бір басында ақын­дық, сазгерлік, әншілік секілді қасиеттер қатар тоғысқан сегіз қырлы, бір сырлы жігіт-тін. Толыс­қан шағында мына жалған­ға қол бұлғады да жүре берді. Бірақ артында жұртымен бірге жасай беретін жырлары мен ән­дері қалды. Бүгінде Ибрагим Ескендірдің үнімен құлағы­мызға әбден сіңісті болып, жалпы­ұлт­тық сипат ал­ған «Көк тудың желбірегені» әні – осы Ермұрат Зейіпхан­ның жүрегін жарып шыққан туын­ды. «Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» деп жанары­на жас толып тұрып өзі де орын­да­ды бір кездері. Ермұратпен етене ара­ласты­ғымыз болмаса да әдеби ортадағы жиындарда жиі жолығатынбыз. Әсіресе, Жазушылар одағындағы «Қаламгер» кафесінде аңыратып ән айтып тұрған бейнесі көз алдымыздан кетпейді. Сарт-сұрт соғылып жатқан тасқаяқтың қызығын Ермұраттың зор дауысы бөлетін. «Басы Күнес Іленің», деген ақын кім едің?» деп ақырындап басталатын ән өзіне елітпей қоймайтын. Қайыр­масына келгенде, ақын­ның көзінен сорғалаған жасты да көргенбіз. «Кейде өзіңе бұлданып, Алушы едім, Күнес-ай. Алыс кетсем, Мұңданып қалушы едім, Күнес-ай» дегенде көкірегінен жалын атып тұрғандай көрінетін. Сонан соң перзенттік сыры былайша ақтарылатын: Бауырыңа бір барып, Енейінші, Күнес-ай! Көзім алды дымданып, Келейінші, Күнес-ай! Сөйтсек, Күнес Қытайда қалып кеткен қазақ жері екен. Осы Ермұраттар шөбі шүйгін, жұрты тұйғын аймақта өмірге келіп, ер жетіпті. Кіндік қаны там­ған жерден жырақта жүріп, үлкен сағыныштың әсерінен осы ән туыпты. Алмалы мен Телқараны анасы тіккен кес­теге ұқсатып, Аққолтықтың күнгейлеп соққан желін еске алып жазылған әннің иірімі терең еді. Өмірімізде көр­месек те Өріктіарал мен Жау­тоғайдың табиғаты көз алды­мызға келетін. Сосын Көк­шо­қыға көңіл деген көк дөнен­мен шоқып шығатынбыз. Әндегі ең әсерлі тұс соңғы екі сөйлемде жатқандай көрінетін. Боз жусанның бозымен, көне зират көзімен, Тік көтеріп төбеме, әкетсемші-ай өзіммен. Осы сәтте Табыл еске түсе­тін. «Толағай боп туылмадым әттең-ай, Атырауға апарар ма ем, бір тауды» дейтін. Еке­уін­­­дегі арман екі бөлек болға­ны­мен, қос әннен әйтеуір бір үндес­тік сезілетін. Расында, бұл ән Зейіпханұлының зор дауысында аса сәтті орындалды дей алмаймыз. Кейіннен Алтынай Жорабаева үлкен сахнаға алып шықты. Диапазоны кең, тынысы таудай Алтынайдың айтуында да санамызға сіңіре алмадық. Сөйтіп жүргенде, Ермұраттың «Күнесін» Ұшқын Жамалбектің айтқанын тыңдадық. Желімдей жабыстық та қалдық қой. Қазақ сахнасында «Алаш­ұлы» дейтін топ бар. Біз айтып отырған Ұшқын осы топтың мүшесі. «Ата­ның баласы емес, Алаштың баласы болуды» мақ­сат тұтқан топ бүгінде үл­кен ізденіс үстінде. Халық ән­де­рін­ заманға ыңғайлап, жеңіл рок араластырып, арагідік A&B стилімен әр­леп, жастарды ұлттық музыкамен ұйытып жүр. Дауылпаз, домбыра секілді ұлттық аспаптар олар айтқан әннің әрқайсысынан табылады. «Қоңырдан» кейін қазақ сахнасына көтерілген этно-топ осы «Алашұлы». Бұлар жай ән айтып қоя салмайды. Әр әніне бөлек би тауып, сахнада түрлі акробатикалық трюктар жасайды. Экранның арғы бетінде отырып-ақ екі иығыңды жұлып жеп бара жатқаныңды байқамай қаласың. Киім киістерінің өзінен ұлттық иіс аңқып тұрады. Қазақ екені, Алаштың баласы екені анық көрінеді. «Алыстан Алаш десе аттанамын, Қазақты қазақ десе мақтанамын. Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деген Міржақыптың сөзі өрімдей үш жігіттің әрбір әрекетінен білінеді. Ұшқыннан бөлек топтағы Әзімбек Байлин мен Мақсат Рахметтің ұлтының ұлтарағы болуға дайын жігіттер екенін ішіміз сезе­ді. Өйткені, олар орындайтын «Қара жорға», «Жарамазан», «Махамбеттің жыры», «Ақтанның термесі» секілді шығармалар жұрттың өр рухын ұштай түсетін, қазақ­тығыңды мақтан ететін әндер. Өткен жылдың соңына қарай «Алашұлы» «Угәй» деген жаңа ән жазды. Таным мен тамырды жаңа технологиялар таптап, жаһанданудың жұтқыншағы желкеңде тұрған мына заманда жастардың санасын сілкіндірер ән еді бұл. Бүгінде «Бол жаным­да» деп тыңдарманын елі­тіп жүр­ген жас әнші, айтыс­кер ақын Төре­ғали Төрәлі сөзін жаз­­ған «Угәй» қа­лың қауым­ның­ ыс­тық­ ықыла­сына бөлен­генін бай­қай­мыз. Әні – бағана­дан­ айтып отырған Ұшқын Жамал­бектікі. «Алатаудың неге, Жасаурап тұр жалын жанары? Салиқалы жұрттың, Балалары қайда барады, саналы?» деп дабылмен бас­талатын әннің дабысы да бөлек-дүр. Қазақтың намысы қызының арында байлаулы тұр. Ұлттың ұшпаққа шығуы да, құрдымға кетіп тынуы да қазақ әйеліне байланыс­ты. Себебі, ол оттың ұйытқысы. Ал оттың басында алған тәрбие Отанның гүл не күл болуына әсер етеді. «Угәйда­ғы» «Аруларым қайда? Кең даламыздың кең маралы, бағалы. Кейбір сұлуларды көрген кезде, Намыс алауы жанады, Жанымыз жаралы» деп шырқырайтыны да содан болса керек. Онан соң бұрынғы өткен ер балалар мен өр аналардың қадірі мен қасиетіне тоқталып, бүгінгі жастарды сондай болмаққа үндейді. Бастысы, әннің сазы мен сөзі бір-біріне өте үйлесіп тұр. Жалпы, бұл қасиет «Алашұлының» әрбір әніне тән дер едік. Ал тұтас композицияның шырқау шегі нүктесінде жатыр. Ұлттық аспаптармен әспет­теліп, заманауи рэппен айтылатын мына сөздер санаңды дүр сілкіндіреді. Мінберге шығып алып, қабырғаң қайысып, қаба­ғың­нан қар бүркіп, қолың­мен үстел тоқпақтап сөйлеудің жастарға қаншалықты әсер ете­тінін қайдам? Ал мына үш ұлдың әнмен өрілген жанай­қай­лары жүрегіңді тербеп, жаның­ды бей-жай қалдырмайды. Қазақ сахнасына аталарының сақалына, әжелерінің етегіне оралып өскен үш жігіт көте­ріл­ді. Ұлты үшін еңбек етпекке. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты. Қыран­дай күшті қанаты, Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан жы­ры «Алашұлы» тобындағы аза­мат­тардың ерік-жігер, күш-қайратына қарата айтылғандай. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда.