Жастардың белсенділігі жоғары болды. Жүздің үстінде ерікті атсалысты.
«Жасыл ел» еңбек жасағының жас жауынгерлері, КТА командаларының қатысушылары, спортшылар, ҚХА жастар қанатының өкілдері «Металлург» қалалық стадионының аумағын қоқыстан тазалады. Жас жалындар басқаларға үлгі бола отырып, қаланың экологиялық мәселесіне титтей де болсын үлес қосуды көздеп отыр.
«Біздің басты міндетіміз – жастарды экологиялық бастамаларға тарту және ауқымды акцияны белсенді қолдау. Стадионда күн сайын жаттығулар, командалық ойындар өтеді. Street Workout-ойын алаңы кешке спорттың көптеген жанкүйерлерін жинайды. Бүгін біз спортшылар дәл осы жерді тазалауды таңдағанымыз да бекер емес. Тұрғындарды тазалыққа барынша мұқият қарап, спортпен шұғылдануға шақырамыз», дейді «Тау» спорт клубының еркін күрестен жаттықтырушы-оқытушысы Максим Самцов.
Қаланың жас белсенділері экоакцияның аумағын арттыра береміз деп уәде беріп отыр.
«Біздің жастар әрқашан эко бастамаларға қатысады. Қалыс қалып көрген емес. Жастардың тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға деген ұмтылысы жоғары. Соған қуаныштымыз. Әрі қарай бұл игі істі жалғастырамыз. Қаланың басқа да жас тұрғындарын біздің сапқа қосылуға шақырамыз», дейді Теміртау қаласының Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Қожекенов.
Мұнымен қоса, акция кезінде жас еріктілер арасында түрлі экоойындар ұйымдастырылды. Командалар бақ сынасқан экоквест ойыны тартысты болды. Қоқыс қалдықтарын сұрыптау, оларды өңдеу бойынша семинарлар мен шеберлік сағаттарының жастарға пайдасы тиді.
«Жастар таза Қазақстан үшін!» – сәуір айының басында Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акцияның жалғасы.
«Таза Қазақстан» акциясына Теміртау қаласының 20 мың тұрғыны, 300 түрлі ұйым-ұжымы қатысып, саябақтар мен гүлзарлар тазаланып, 15 мың тонна қоқыс шығарылды.
Мұнымен қоса, экоакция кезінде 5 мыңнан астам түрлі көшет егілді. Тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумақтары жиналды.