22 Қаңтар, 2015

Дарынды балалармен жүздесті

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
4-21 Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков дарынды балалармен – елорда мектептері оқушыларының арасынан шыққан республикалық және халықаралық олимпиадалардың, түрлі конкурстар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарымен кездесті. Кездесу бейресми жағдайда өтті. Шараның тізгінін де оқушылар өз қолдарына алды. Жас физиктер, математиктер, информатиктер, архитекторлар, суретшілер, экологтар мен спортшылар елорда басшысына өздерінің табыстары мен жетістіктері жайында әңгімелеп, болашақ жоспарларымен бөлісті. №6 гимназияның оқушысы, Оң­түстік Кореяда өткен «Жас ғалым» ғы­лыми жобалар конкурсының Гран-при иегері, «Үздік инновациялық еңбек» сыйлығының иегері Аида Ұмырбекова өзінің «Экоқала» жобасын таныстырды. «Астана – менің қалам! Мен оның ең әсем, таза, жайнаған қала болғанын қалаймын. Менің жобам «Экоқала» деп аталады. Онда мен энергияны желден және күннен алу жолдарын қолдандым», – деді ол. №6 гимназияның оқушысы, географиядан Республикалық олим­пиаданың және ғылыми жобалар кон­курсының жүлдегері Әнуар Әб­дірахманов өзінің «Бірыңғай Энерго-ақпараттық жүйесі» зерттеуін таныстырды. Ал №66 мектеп-лицейдің оқушысы, «Алтын микрофон» (Фран­ция) Халықаралық конкурсының Гран-при иегері Дания Ишанқұлова ұлттық жетіген аспабында попурри орын­дап берді. Географиядан Республикалық оқу­шылар олимпиадасының жеңімпазы, ҚР құрамасының мүшесі Артем Рычко Әділбек Жақсыбековтен өзімен бірге селфиге түсуге рұқсат сұрап, сол үшін «достарымен бәстескенін айтты». Артем бұл бәсте жеңді. Әкім қызыққа толы кездесу үшін балаларға алғысын білдіріп, олардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Және спортпен, дене шынықтырумен шұғылдану – олардың денсаулығы мен болашағына әсері мол болаты­нын естеріне салды. Қала әкімі жас жеңімпаздарды қол жеткізген нәти­жемен шектелмей, одан әрі алға басуға шақырды. – Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар, Қаныш Сәтбаев сияқты ғалымдар, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жүруі әбден мүмкін. Сендердің оқып, білім алуларың үшін, жетіліп, дамуларың үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес бірегей Оқушылар сарайы салынды, білім беру гранттарының саны артты, шәкіртақының көлемі ұлғайды, әлемдік деңгейдегі университет бой көтерді, интеллектуалды мектептер салынды, «Болашақ» бағдарламасы қабылданды, бұл бағытта әлі де қыруар жұмыстар жүргізіле беретін болады. Сендер біздің елорданың жарқын өкілісіңдер, Ел сендермен мақтануы керек. Бүгінгі таңда 67 мыңнан астам астаналық оқушылар түрлі деңгейдегі ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда. Астана қаласының оқушыларынан құралған топ 7 жыл қатарынан бірінші орындар мен атақтарға ие болып келеді. Оған қоса, жақында өткен О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада біздің балалар математика мен физикадан, информатикадан жүлделі орындарға ие болды. Сендердің болашақтарыңның жарқын болуы – бұл қаламыздың, тұтас еліміздің жарқын болашағының кепілі, – деді кездесу қорытындысында қала әкімі. «Егемен-ақпарат».