26 Сәуір, 2015

Батыс Қазақстанда сайлаушылардың 40 пайыздан астамы дауыс берді

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
26.04.2015 vybory-2015ОРАЛ. 26 сәуір. Президент сайлауы күнгі сәуірдің ақ таңында батысқазақстандықтар әдеттегісінен ерте оянды. Таңғы 6-дан бастап көшелерде кәдімгідей қимыл-қозғалыс басталып кетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Біз сағат тілі 7-ге жақындағанда Еуразия көшесі маңындағы №22 орта мектеп ғимараты жанындағы № 486 сайлау учаскесінде тұрған едік. Бір кезде осы араға жүзі жарқын, көңіл-күйі көтеріңкі жас жігіт тез адымдай басып жақындады. Көзінде от-ұшқын бар. Бұл жасы 18-ге толып тұңғыш дауыс беруге келген жоғары оқу орнының 1-курс студенті Ғабдол Тілеков болып шықты. «Біз өмір сүріп жатқан бүгінгі Қазақстанның әлемдік қауымдастық арасындағы орны мен салмағының жоғарылап келе жатқаны жүрегіме жылылық ұялатады. Біз жастар бұдан да көрі жақсырақ өмір сүру деңгейіне құштармыз. Әрі еліміздің әл-ауқатының арта түсуіне мүдделіміз. Бұл – біздің таңдауымызға байланысты. Жеке өзім осы таңдауды тезірек дауы беру жәшігіне түсіру үшін ерте келдім», - дейді ол. Дауыс беру үдерісі басталған таңғы 7 мен 10 аралығында облыс орталығындағы бірнеше сайлау учаскелерінде болып ондағы жұмыстың сыйпатымен таныстық. Сонда бір байқағанымыз әр учаскені халыққа қызмет көрсету орталықтарымен байланыстыратын телефондар орнатылыпты. Сонымен бірге еріктілер дауыс беруге келген жасы ұлғайған адамдар мен мүгедек жандарға көмек беріп жатқандарына куә болдық. Олардың кейбірі өздерінің аты-жөнін тізімнен таба алмаса, оған да ақыл-кеңестер берілуде. Дағдарып жүргендердің қай сайлау учаскесіне жататыны анықталуда. Халыққа қызмет көрсету орталығымен байланыстың қажеттілігі де осында болып шықты. Яғни қандай жағдайда да ешкім дауыс бермей кері кетіп жатқан жоқ. Сағат тілі күндізгі 12-ні соққан кезде Орал қаласындағы Достық даңғылы бойында орналасқан Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының ғимаратына келдік. Мұнда да қызу қимыл-қозғалыс. Зал ортасына табло-телевизор қойылыпты. БАҚ өкілдері одан әр екі сағат сайын жиналатын дауыс беру деректерімен таныса алады екен. Дәл осы сәтте біз сағат 12-00 ге дейін облыс бойынша дауыс беруге тіркелген 404 465 сайлаушының 40 пайыздан астамы өз таңдауларын жасап үлгергенін көрдік. Бұл 164 455 сайлаушы Президент сайлауы күні осы уақытқа дейін азаматтық белсенділік танытқанын көрсетеді. Ал облыстағы Шыңғырлау Ақжайық және Теректі аудандары сайлаушыларының белсенділігі бұдан да жоғары тұрды. Бұл өңірлерде  дауыс берушілердің пайыздық көрсеткіші сол сәтте 50-48-ді құрады. Темір Құсайын. Дерек, сурет: egemen.kz