Ескерткіш АҚШ-тағы Техас штатының Лас-Колинас ауданы Уильямс алаңында тұр. Сондықтан былайғы жұрт оны «Лас-Колинас мустангтері» деп атайды. Мамандардың айтуынша, дәл мұндай аумақты алып жатқан жылқы үйірінің ескерткіші әлемде жоқ.
Бұл туындының авторы – Кенияда 1940 жылы туған америкалық скульптор әрі дизайнер Роберт Глен (Robert Glen). Әу бастағы нобайы осы азаматтың Найробидегі шеберханасында 1976 жылы жасалыпты. Қаланың скульпторға өтініші – Уильямс алаңындағы субұрқақты елеулі ету екен. Басты нысанға жылқы таңдалады. Өйткені ол – жылдамдық пен еркіндіктің, үйлесім мен табиғилықтың рәмізі. Шебер бірнеше ай атбегілер мен жайылым арасында болып, жануардың психологиясын, қозғалысын зерттейді. Әуелі 47 нобай жасалынады. Айғырдан құлынға дейінгі әр жануардың жеке бейнесі сомдалады және олар табиғи қалпынан сәл үлкейтіледі. Найробидегі қырлау мен сырлау біткен соң, 1981 жылы композицияны қоладан құю үшін Англияның «Моррис Зингор» өндірісіне жібереді. Не керек, ескерткіш құтты орнына 1984 жылы 25 қыркүйекте ғана қонады. Неге? Себебі әдемі дүниені жарқыратып көрсетуге ланшафт дизайнерлері тер төгеді (кейін бұл дизайнерлер тобы Американың арнайы сыйлығын жеңіп алады).
Сөйтіп, бір үйір жылқы шұрқырап өзенге түскендей (ұзындығы 130 метрлік су имитациясы жасалған) бейнеленеді. Содан бергі 40 жылда бұл орын Техастың ғана емес, бүкіл Американың мақтанышына айналды.
Бірауыз сөз «мустанг» туралы. Ол латынша «жабайы», «иесіз» деген мағына береді. Әдетте ресми тарих Америка құрлығына жылқы ХVI ғасырда жеткізіліп, кейін оның бір бөлігі жабайыланды делінеді. Бірақ кейінгі деректер үндістердің арғы атасы Алтайдан жылқы тұқымын әкеткенін дәлелдейді. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Техас университетінің Майкл Уотерс бастаған археолог ғалымдары үндістің қайна тайпасы орналасқан резервация маңынан осыдан кемі 13 мың жыл бұрынғы жылқы мен түйе қаңқаларын тапқан.
«Бәрін айт та, бірін айт» деген, 2002 жылы АҚШ-тың «Dream Works» компаниясы «Спирит: дала рухы» («Spirit: Stallion of the Cimarron») анимациялық фильм шығарды. Отаршылдардың құрығына түскен тұлпар дәл қазақ сынды толғанып, бұғауды бұзып, ақыры бостандыққа шығады. Бостандығы – құлын кезінен баптаған жазиралы дала мен жаужүрек үндістің мығым тақымы...
Ең өкініштісі, орыс тіліне аударылған осы мультфильм әлі күнге қазақша сөйлемепті. Бұл бірнеше буынның, сан мың баланың арманын, тарих туралы танымын шідерлегенімізді көрсетеді. Ынта-ниет болса, әлі де кеш емес.
Айтуған Досби