Өнер • 16 Шілде, 2024

Балалықтан даналыққа жол ашқан

198 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Суретші-кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, Еуразия көркем-сурет одағының мүшесі, Халықаралық ЮНЕСКО өнер ассоциациясы мүшесі, «Тұран-Астана» университетінің туризм және дизайн факультетінің доценті, Қазақстан Республикасы Көркем академиясының вице-президенті Жанұзақ Мүсәпірдің туындысы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естігенде қатты қуандым. Өнер иесі ғана емес, қоғам қайраткері. Ол ғұмыр бойы ұлтымыздың мәртебесін арттыру үшін қолынан келгенін жасап келеді.

Балалықтан даналыққа жол ашқан

Бейнелеу өнеріндегі кем-кетігімізді толтырды, өзіндік мәнерін, асыл арнасын қалыптастырды. Ұлт­тық салт-дәстүрімізді жан-жақты кескін­деп, мазмұнын байытты. Картиналары бәрінен бұрын нақтылығы, қарапайым қалпымен ерекшеленеді. Ұлылықтың өзі сол қарапайымдылық­тың баламасы емес пе?! Әйгілі сурет­шіміз Әбілхан Қастеевтен өнерді қай­дан үйрендіңіз дегенде: «Ешкінің мүйі­зінен, апамның киізінен үйрендім» деген екен. Осы қағидат Жәкеңнің адами ұста­ны­мымен ұштасып жатыр. Міне, сол себепті де жүрегінде әлдилеген айтулы туын­дыларының өзектілігі ғасырлар тіз­бе­гінде өз мән-мазмұнын жоғалтпасы хақ.

Бір сұхбатында Жанұзақ Керімбек­ұлы: «Бейнелеу өнерін қолымыздағы он саусақтың бесеуімен қарастырсақ. Сурет өнерінің атасы – алғаш сызбамен тасты тырнап, қашап, белгілерді салуды графика десек, сол гафикадан балбал тастарымыздың алғашқы бейнелері денеге айналып – мүсінге ұласады. Адам ата–Хауа ана болғалы өмірге керекті тұр­мыс, салт-дәстүр өнері қалыптасқан. Ендеше, қолданбалы өнер деген ұғым осыдан шыққан. Әр шығармасын жауһарға айналдырар небір шебер суретшілер дүниеден өткен.

Міне, осы бес өнердің түп тамыры – сурет, бейнелеу өнері дейміз. Суреттің араласпайтын жері жоқ. Суретсіз адам баласы өмір сүруі мүмкін емес десек болады. Ендеше бейнелеу өнерінің түрі де, сыры да таусылмайтын шексіз. Бүгінде кешегідей көзбен көргенді емес, көңілмен сезгенді де салатын измдер өте көп. Иә, көрермен оны сезе бермеуі әбден мүмкін. Ол өнердің сиқыры десем болар. Қазақ өмірінің бәрінде өнер бар. Киіз үйден бастап, ат әбзелдерін және қару-жарақтардың түрін айтып тауысуға біраз уақыт керек болар. Бейнелеу өнерінің ғылыммен байланысты қырлары өте көп», деп еді. Осы лебізінен аңғарып отырғанымыздай, суретшілік кәсіптің негізі ғылыммен байланысты. Мынау ғаламдағы кез келген қозғалыс, тіршіліктің, бейне мен заттың өзіндік ішкі тылсымы бар. Ал бұларды түпкі астарынан айнытпай көре де, сезе де білу үшін өнер адамына ең алдымен табиғи түйсік, адами тереңдік қажет дейтініміз де сол себепті. Тәңірге тәуба, біздің кейіпкерімізге мұндай зеректік, аңғарымпаздық, аялай білу, қадіріне жету сынды асыл қасиеттер әкенің қаны, ананың сүтімен берілген.

Елімізді әлем тани бас­тағанда, ұлттық құндылық­тары­мызды өнер арқылы кеңі­нен наси­хаттаудың маңызы зор деп білеміз. Осы ретте Жәкең айтулы үлес қосып келеді. Ешбір халықтан кем соқпай­тын салт-дәстүр, бай тарихымыз бен өріс­ті өркениетімізді, әдебиетіміз бен мәде­ние­тімізді, ән-жырымызды, даңқты дала перзенттерін бейнелеудің түпкі өзегін ­ала отырып, небір ғажап картиналар гале­реясын түзіп шықты.

Суретшіге керегі көрме ұйымдастыру және шетелдерге шығып пленэр мен сим­позиумдерге көп қатысу дейтін бол­сақ, Жәкең бұл жағынан да оқ бойы алда. Әлемнің көптеген елдерінде шығар­машылық көрмелері жемісті көрсе­тіл­ді. Түркияның астанасы Анкарада Қазақ­станның атынан «Түркістан» (к.м.б. 300х200) атты картинасын жазып қалды­руы (2021 ж.) өзінің де, еліміздің де мәртебе­сін өсірді. Кезінде ұлы даламыздағы Сыр бойынан қоныс аударған бүгінгі түркия­лықтардың түп тамырын, өзімізбен туыс­тығын паш ететін аталған картина – берік достығымыздың бір кепілі.

Жанұзақ Мүсәпірдің «Балалықтан даналыққа жол» атты полиптихы әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің ғұмыр-дариясын кескіндеген. Мазмұны да, идеялық құрылымы мен бірегейлігі де мінсіз. Полиптихтің биіктігі 1,8 метр, ұзындығы 11,5 метр. Кенепке майлы бояу­мен әртүрлі техникаларды қолда­ну арқылы жазылған. Картинаның жазы­луы мен көлемі жағынан да суретшілер­дің қалыпты стандарттарын байытқан қолтаңбаны бірден аңғарасыз. Бірінші және соңғы бесінші полотноларының көлемі бірдей. Картиналардың тұрқы тігінен қарауға ыңғайлы, жинақы көрінеді. Ортасындағы екінші, үшінші және төртінші топтамалары үлкен көлемде қалыпты үлгіні сақтай орындалған. Топтаманы қатар көргенде көз алдыңызға бейне бір фильмнің қойылымын қызықтағандай күйге енесіз. Автордың көп ізденгені көрініп-ақ тұр. Тарихи тақырыптардағы сюжет – бейнелеу өнерінің ең асыл түрі болып табылады, сондықтан да бейнеленген барлық кейіпкерлердің өзара әрекетін, эмоцияларын айқындауға зер салған. Туындыда көркем бейнелер мен сызба таңбалар жүйесіне сүйене отырып, кәсіби тұрғыдағы барлық талаптарды сақтағаны, бейнелеу өнерінің ерекше жанрына тән түрлі стильдерді пайдаланғанын байқаймыз.

Әлем халықтарының жетпіс тілін білген, көптеген ғылымдардың көкжиегін кеңейткен тұлғаға кіші көлемде шығарма жазу мүмкін емес. Сол себепті бес томға бөлінген. Бірінші картина балалық шағын арқау еткен. Әбу Насыр жас күнінен білімге үйір болған. Оның бақытына орай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренді, сол тілдерде ғылыми трактаттар оқыды. Полотноның негізгі бетінде шұқшия кітапқа үңілген он екі, он үштегі Әбу Насыр терезенің кең кернеуінде отыр. Күннің ыстық қызуын да ескерместен кітаптың қызығына жан-дүниесі әбден ауған. Үйдің ішкі көлеңкесі салқын суық түстермен көмкеріліп, қоңыр қараға тән қою дала колоритімен берілген. Ауланың ішкі көрінісі Ортаазиялық архитектура сызбаларымен ашық аспанға ұласады. Жұмыста геометриялық түйіндесулер методикасын суретші майдан қыл суырғандай шеберлікпен пайдаланған. Сол заманның киім кию үлгілері де ескеріліп, көлеңке жарықпен архитектуралық көріністері менмұндалайды. Одан бері асық ойнаған балалар, ұшып-қонған кептерлермен кескінделіп, түйе сауған әйелдердің қимылынан ерекше анатомиялық плас­тика айқын сезіледі. Алтыбақан тепкен жастардың әнімен бірге саудагерлер­дің қызу әңгімесін тыңдайсыз. Қазақ тазыларының сан түрін көріп, бүркітші, сал-серілер мен сол замандағы шаһардың жалпы тыныс- тіршілігі реализм стилінде күрделі жазылғанын айқын аңғарасыз.

Екінші картинада Әл-Фарабидің туған жері Фараб-Отырар қақпасы, қазақтың сақ қорғандары, балбал тас, петроглифтер мен таңбалы тастардың көріністері және Отырар теңгелері төменгі тұста пішінделген. Шаш-Ташкен қаласының ескі қақпасы мен тарихи күмбездері қамтылған. 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттардың алғашқы жазбалары түскен Самарқан қаласын көрген адамның көзі астындағы ескі шаһар өміріне қызығары сөзсіз. Осы үйлерде әл-Фараби тұрып білім алған, тұңғыш ғылыми жұмыстарын жазған. Бұған мән берген кісі сол жағында Шамға кіріп бара жатқан арбалы адамды байқайды. Төменгі тұсында қыштың көп түрлерін меңгерген технологиясы дамыған қалалар. Фарабидің ақылды қалаларға деген қызығушылығы оянып, трактаттары жазылған жер. Қатарында Ұлықбек обсерваториясының белгілері айқын суреттелген. Бұқара қаласының көне тарихын дәлелдейтін ағаш есік астынан үстіне қарай күрделі мазоктармен жазылып бір картинаға сыйдырылған. Алғашқы білім алған қалалары, жүріп өткен жолы, қазақтын түйелері оған артылған аспаптар мен киіз үй нышандары арқылы берілген.

Үшінші картинада – Мерв қаласы. Бұл – әл-Фарабидің хронологиялық тәртіпте өмір сүрген шаһарларының бірі. Кескіндемеде Түркіменнің тарихи кітапханасында болғанын айқындайтын ұлттық ерекшеліктер, киім кию үлгілері суреттелген. Кілем тоқу, музыка өнері, сәулелі зердесінің Хамадан білімімен ұштасуы, Мешхедтегі оқулары Нишапурмен жалғасады. Рей қалаларына барған кезде оның басқа түйеге ауысып, Түркімен және Иран түйелеріне мінгенін байқаймыз. Картина жазу барысында әрбір тарихи деректерге баса мән берілген, полотно астынан үстіне қарай үшке бөлінген. Астыңғы қатарында әл-Фарабиға дейінгі заманның көрінісі: қорғандар мен аркалар, жол бойындағы тарихи кесенелердің сұлбалары, теңге, қыш ыдыстар, ескі құмыралар сияқты артефактілердің фрагменттері, логотиптік белгілер де жік-жігімен айқын түскен. Ал төртінші картинада ғұламаның Бағдат қаласында парсы, араб, түрік тілдерінде поэзиялық, музыкалық және ғылыми бағыттағы зерттеуге, жаңалықтар технологиясына ден қоюы кескінделген. «Музыканың үлкен кітабы», тағы басқа еңбегін жазғандығы аңғарылады. Мысырда Халеб /Алеппо/ пен Харанда болып Дамаск қаласына келген кезі. Әл-Фарабидің шаһарға кіріп келе жатқан жолында ғалымдармен, бүкіл Дамаскідегі айтулы тұлғалармен кездесерде әуеде өзімен бірге қазақ даласынан ұшып келе жатқан қаршығасы – жан серігі, дем берушісі ретінде бейнеленген.

Бесінші картина арқылы Дамаскінің жеті қақпасының бірі шығыс қақпасындағы әл-Фарабиді күтіп тұрған ғалымдар мен қалың жұрттың қошемет-құрметі жеткізілген. Барлық картина бірнеше қабат бояумен қалың мозокты техникада орындалған. Сондай тартымды, соншалықты рухты.

Қысқасы, есімі әлемге мәшһүр ұлы ғұлама, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фа­рабидің адами және рухани келбеті ба­рын­ша таза және көркем бейнеленген. Көз алдымызда дүниенің мәңгілігін мойын­дап, танымның болмысқа тәуелділігін әйгілеп кеткен ұлы ғалымның жарқын тұлғасы жатталып қалды. Талантты қыл­қалам шебері Жәкеңе де, ел-жұртқа да керегі осы еді ғой. Әл-Фарабидің «Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек» деген нақыл сөзі бар. Олай болса, біздің Жанұзақ Мүсәпірдің де алдағы бәйгеде бәсі биік болсын. Төрт жыл толғана өмірге әкелген «Балалықтан даналыққа жол» атты топтама туындысы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деп есептейміз.

Берік ӘЛІБАЙ,
суретші-зергер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері