Иә, алдымен ансамбль туралы айтпас бұрын...
– Менің әкем Махамбет – Әуез атамыздың жалғыз ұлы. Бірақ әжеміз сегіз құрсақ көтерген. Сол уақыттағы ел ішіндегі түрлі жұқпалы дерттен бәрі шетінеп, әкем ғана жалғыз өсіпті, – деді бірде Арман аға. – Қиын заманда атам туған ел – Қазалымен қоштасып, қарақалпақ еліне көшеді. Сондағы Тақтакөпір ауданының Ленин колхозында еңбек етеді. Әкем де осында мектеп бітіріп, 1947 жылы Нүкістегі педагогикалық институтты бітіреді. Мұғалім болады. Жалпы, жасынан сурет салуға, музыкаға, фотосурет түсіруге құмар баласына атам Әуез барынша жағдай істеген. Қажеттісінің барлығын алып беріп, өнерге бас қойған жалғыз ұлдың бетін қақпапты. Домбыра, артынша скрипка үйренген әкемсіз той-домалық пен мәдени іс-шаралар өтпейтін болған.
Уақытты бері жылжытсақ. Махамбет мұғалім бола жүріп, қарақалпақ елінде Жеңіс анамызға үйленіп, 1957 жылы елге оралады. Оған дейін Зылиха, Рахила, Раманқұл атты үш перзентті болған ол ата-анасымен бірге байырғы атамекен – Қазалыға жетіп, ағайынмен қауышады. Мұнда жүріп Дәрменқұл, Рабиға, Құрман, Арман атты балалары өмір есігін ашыпты.
– Әуелі елді мекенде, кейіннен аудан орталығына көшіп келіп, ұстаздық етеді. Әкем сонда өз мамандығы тарихтан сабақ бере жүріп, оқушыларын музыка мен сурет салуға баулиды. Мектептегі талантты балаларды жинап, скрипка, сырнай, мандолина, домбыра тартуды, ән айтуды үйретіп, оркестр де құрады. Сол оркестрмен 1965 жылы облыс орталығы – Қызылордада өткен көркемөнерпаздар байқауында бас жүлде алған. Елге келген соң да ауыл аралап, концерт қойып, жастар арасында өнер насихатын жүргізіпті. Ал біздің «Әуезовтер» ансаблі қалай құрылды?» десең, бұл беріректе болған оқиға, – дейді Арман Махамбетұлы.
Бүгінгі ансамбль жетекшісінің айтуынша, 1977 жылдың күзінде Махамбеттің шаңырағына Қазалы мәдениет бөлімінің басшысы Кеңес Асанбаев пен Мәдениет үйінің директоры, режиссер Жәдігер Тұрсынов келеді. Амандық-саулықтан соң олар бірден шаруа жайын айтыпты. Олардың сөзінше, облысқа жақында Қарақалпақ АКСР-дан қонақтар келмекші. Солардың бір тобы Қазалыға аялдамақ. Соған байланысты аудан басшылығынан қарақалпақ әндерін орындау керек деген тапсырма бар. Ал қарақалпақ әндерін білсе, Махамбет қана біледі. Сол тығырықтан шығуға көмек сұраған беттері екен.
– Әкем сол уақытқа дейін аудандағы көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оркестр негізін қалап, әлгі екі інісімен етене араласып жүрген соң келісім берді. Бірақ қарақалпақ әндерін тек өз балаларымен ғана орындайтынын айтты. Сөйтіп, екі күн дайындықтан соң келген қонақтардың алдында өнер көрсеттік. Қазалыда өз әндерімізді естиміз деп ойламаған олар орындарынан тұрып кетіп, бізбен бірге қосыла шырқап, концерт біткенше отырмағаны әлі есімде. Біздің ансамбльдің құрылуы да, алғашқы концерті де осылай басталған еді, – деп өткенді еске алады Арман аға.
Сонда ансамбль құрамында әкесі Махамбет скрипкада, үлкен апасы Зылиха мандолинада, Рахила домбырада, үлкен ағасы Раманқұл баянда, Дәрменқұл бас домбырада, сол кездегі оқушы Рабиға шылдырмақпен қоса ән айтса, Құрман примада, үйдің кенжесі Арман домбырада ойнапты. Ал Жеңіс ана әр концерттік сапар сайын балалардың тілеуін тілеп, үйде отырған. Бір қызығы, дәл сол кезде Махамбеттен бөлек, ұлы Раманқұлда ғана музыкалық білім болса, қалған ұл мен қыз барлық музыкалық аспапты әкеден үйренген.
Отбасылық ансамбль 1978 жылы Қарақалпақ АКСР-да өнер көрсетіп, ҚАКСР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасын алады. Ал келесі жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінде 62 өнерлі ұжым арасынан ІІІ орын алыпты. Әуезовтерге берілген әділ баға осы болса керек, сол кезде ансамбльдің көркемдік жетекшісі Махамбет Әуезов қола медальмен наградталса, отбасы мүшелері толықтай лауреат атанған. Айтпақшы, ансамбльдің бүгінгі жетекшісі Арман 1998 жылы Лондонда болып, қазақтың киелі аспабы қобызбен ағылшын тыңдармандарын тамсандырғанын да жаза кетейік.
– Әкем 1983 жылы ауыр науқастан 57 жасында қайтты. Ал шешем берірек 1996 жылы өмірден өтті. Әкемнен кейін ансамбльге ағам Раманқұл жетекшілік етіп, барлығымызды ұйыстыра білді. Оркестр репертуарының жаңаруына үлкен үлес қосты. Ағам да 2012 жылы марқұм болды. Ақыр соңы әкеден қалған ізгі жолды жалғауға мұрындық болу маған бұйырыпты. Мен мектептен соң Шымкенттегі музыкалық училищеде оқыдым. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында «Қобыз» класын бітіріп шықтым. Бәрін айтып қайтемін. Музыка мектебінде оқытушы болып бастап, аудандық Оқушылар үйінің директорына дейінгі түрлі сатыдан өттік. Республика мен халықаралық дәрежедегі бірнеше марапатты да алдық. Бірақ ең басты жетістігім – 45 жылдан аса уақыт елге қызмет қылған «Әуезовтер» ансамблін құлатпай, әуен мен әнін үзбей келе жатқанымыз. Мен бұл үшін барлық бауырыма, сондай-ақ қазіргі жаңа құрамдағы ансамбль мүшелері – әулеттің немере мен жиендеріне мың қайтара алғыс айтамын, – дейді ағынан жарылып Арман Махамбетұлы.
Айтпақшы, былтыр 45 жыл толған «Әуезовтер» отбасылық халықтық ансамблі әр екі жыл сайын республикалық дәрежеде отбасылық ансамбльдер конкурсын өткізіп келеді. Рас, бүгінде Қазалы жұрты тік тұрып сыйлайтын әулеттің әлі де елге берері көп. Уақытпен санаспай, қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген Махамбет Әуезов құрған отбасылық ансамбліне кейінгі буын жас ұрпақ тек алғыс айта білуі керек.