фото: inbusiness.kz
ШЫҰ-на экономикасы аса ірі жəне жылдам дамып келе жатқан, 3 млрд-тан аса адам тұратын мемлекеттер кіреді. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дəрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымның орасан зор əлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Астанадағы алқалы жиынға 16 елдің президенті мен үкімет басшылары, сондай-ақ бірнеше халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Осының өзі бұл жолғы ұйымның отырысы дəстүрлі форматтан анағұрлым өзгеше болғанын, бұл ұйымның халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанын, бүгінде ШЫҰ Еуразиялық ұйымға айналғанын көрсетеді.
Саммитте сөйлеген барлық елдердің басшылары Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығының табысты өткенін айта келіп, Қазақстанның əлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқарып жатқанына назар аударды. Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш өзінің сапарын БҰҰ-ның Қазақстанға жəне оның ШЫҰ төрағалығына көрсеткен қолдауының көрінісі ретінде қарастыратынын мəлімдей келе, Қазақстанның бейбітшілік жолындағы күрестің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқанын, көптеген күрделі жағдайда Астана қашанда алтын көпір, бітімгершіліктің елшісі, бейбітшілік алаңы болғанын атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалап, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси жəне экономикалық реформаларды қолдайтынын, еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалық етуі ұйым үшін де, еліміз үшін де үлкен маңызды кезең болды. Президент Қ.Тоқаев еліміздің сыртқы саясатының жасампаздық əлеуетін бүкіл əлемге танытты. Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар жəне ШЫҰ жастар кеңесі өтті. Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі жандана түсті. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі дами бастады.
Саммитте 25 құжатқа қол қойылды, оның ішінде негізгі саяси құжат – Астана декларациясы. Бұл құжатта ШЫҰ-ның халықаралық өзекті жəне өңірлік мəселелер бағытындағы ұстанымы айқындалып, ұйымның өткен кезеңдегі қызметі қорытындыланды. Саяси тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ға мүшелік және оған төрағалық ету еліміздің халықаралық саясатта өз орнын бекітуге, қауіпсіздік, тұрақтылық пен жүйелі дамуға қатысты ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір əлемдегі саяси-экономикалық тұрақсыздық кезеңінде еліміздің ұйымға мүше болуы, төрағалық етуі өзге елдермен саяси диалог құруға, бейбіт бастамаларды жүзеге асыруға жол ашты. Экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан қарасақ, Қазақстанның ШЫҰ-ның экономикалық əлеуеті жоғары мүшелерімен ұйым аясында қарым-қатынас орнатуы екіжақты сауда-саттық байланыстардың нығаюына, елімізге инвестиция тартуға, біріккен жобаларды іске асыруға айтарлықтай септігін тигізеді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше болу Қазақстанның өңірлік, халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді, оның экономикалық, саяси дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар жаһандық мəселелер мен сын-қатерлерді шешудегі рөлін арттырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ШЫҰ аясында инвестициялық қор құру мүмкіндігі ұсынылып отыр. Ұйымның қаржыландыруы ШЫҰ аясында нақты жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни қаржыландыру Қазақстан мен ұйым мүшелерінің экономикалық дамуына серпін беретін, негізінен серіктестікті нығайтатын, көлік-транзит əлеуетін арттыратын жобаларға бағытталады. Бұл ретте еліміз зор маңызға ие ауқымды жоба – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының дамуына өз үлесін қосады.
Қазақстанның төрағалығы нақты ұсыныстар мен тəжірибелік маңызы бар шешімдерге негізделді. Қазақстан төрағалық кезінде ұйымға мүше мемлекеттердің күш-жігерін ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын тиімді жүзеге асыруға бағыттады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, тең құқықтық жəне өзара қолдаудың негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналды. Астанада өткізілген «Шанхай ондығына» кіретін елдердің саммиті қазіргі жаһандық геосаяси күрделі кезеңде əлем қоғамдастығына жаңа тыныс, дем берді.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономика ғылымдарының докторы