«Егемен Қазақстан» газетінің тілші қосынына жасы келген қарт ана бірнеше рет телефон соқты.
Артынан өзі де келді. Сексенге толған қария екен. Аты-жөнім – Қамария Дүйсенова, деп таныстырды өзін. Әп дегенде, ол кісінің айтайын деген арызының түпкі мәнін ұға алмағандықтан, кейнірек тағы бір кездесіп сөйлесуді ұйғарған едік. Сол келісім бойынша зейнеткер кеше бізге тағы да хабарласып, қабырғасына қара тастай батып жүрген жайтты әңгімелеп берді. 2005 жылдың 17 мамыры күні балам Махмұт Дүйсенов Орал қаласынан бір үй сатып алып еді. Ол оны 2006 жылы маған сый ретінде аударды. Содан бері осы үйдің аула-шарбағын заңдастыра алмай келемін. Оның құжаттық реттелуін күтемін деп жүйкем әбден жұқарып бітті. Бұл өзі бір ауланың ішінде екі пәтер орналасқан үй. Бар түсінбестік дәл осы арадан туындап отыр. Яғни, менің үйім қаладағы А.Скоробогатов көшесі № 42 үйдің ауласында №2 болса, көршім Өтеген Ермековтің үйі № 1 пәтер болып есептеледі. Ал осы №1 пәтердің техникалық паспортының түпнұсқасы жоқ. Сөйтіп, айналып келгенде, оның кесірі маған тиіп отыр. Олай болса, шарбақтың құжаты неге менің атыма жазылмады? Мұндай жағдайда бұл шарбақ қалайша ортақ аула болмақ?! Осы сауалдарды алға тартып, бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Алайда, оның бәрінен ешқандай нәтиже шықпады. Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінен білгенім: әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуден өтуі үшін көршім Өтеген Ермековтің техникалық паспортының түпнұсқасы міндетті түрде болуы керек екен. Ал оның жоқтығына менің қандай кінәм бар?! – деп таңданысын жасыра алмайды әжей. Сондай-ақ, Қамария Дүйсенова үй құжатының актісі екіге бөлініп кеткенін қынжыла айтып берді. Тіпті, өзгесін айтпағанда, менің үйімнің құжатының екіге бөлінген нұсқасының бірі көршім Өтеген Ермековтің қолында жүр. Сонда мен не істеуім керек, деп шарасыздық танытады Қамария апай. Әйтеуір, үйімнің құжаттары комьютерде тұрған соң оның дұрыстығына ешкім күмән келтіре алмайтын шығар деген үміттің жетегінде әлі жүріп келемін. Әйтсе де, кәрі қойдың жасындай жасым қалса да шындыққа көз жеткізе алатын түрім жоқ. Менің үйімнің құжаттарының бәрі де дұрыс. Тек құжаттың екіге бөлініп кеткені қатты қинайды. Осы жағдайдың орын алғанына да алты жыл толып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Сурет:eldorado.ru
