12 Маусым, 2015

Шарбағымды заңдастыра алмай жүрмін – дейді еңбек ардагері, қарт ана Қамария Дүйсенова

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің тілші қосынына жасы келген қарт ана бірнеше рет телефон соқты.

new_42002365_l_1

Артынан өзі де келді. Сексенге толған қария екен. Аты-жөнім – Қамария Дүйсенова, деп таныстырды өзін. Әп дегенде, ол кісінің айтайын деген арызының түпкі мәнін ұға алмағандықтан, кейнірек тағы бір кездесіп сөйлесуді ұйғарған едік. Сол келісім бойынша зейнеткер кеше бізге тағы да хабарласып, қабырғасына қара тастай батып жүрген жайтты әңгімелеп берді. 2005 жылдың 17 мамыры күні балам Махмұт Дүйсенов Орал қаласынан бір үй сатып алып еді. Ол оны 2006 жылы маған сый ретінде аударды. Содан бері осы үйдің аула-шарбағын заңдастыра алмай келемін. Оның құжаттық реттелуін күтемін деп жүйкем әбден жұқарып бітті. Бұл өзі бір ауланың ішінде екі пәтер орналас­қан үй. Бар түсінбестік дәл осы арадан туындап отыр. Яғни, менің үйім қаладағы А.Скоро­бо­гатов көшесі № 42 үйдің ауласында №2 болса, көршім Өтеген Ермековтің үйі № 1 пәтер болып есептеледі. Ал осы №1 пәтердің техникалық паспортының түпнұсқасы жоқ. Сөйтіп, айналып келгенде, оның кесірі маған тиіп отыр. Олай болса, шарбақтың құжаты неге менің атыма жазылмады? Мұн­дай жағдайда бұл шарбақ қалай­ша ортақ аула болмақ?! Осы сауал­дарды алға тартып, барма­ған жерім, баспаған тауым жоқ. Алайда, оның бәрінен ешқандай нәтиже шықпады. Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй ком­муналдық шаруашылығы бөлі­мінен білгенім: әділет депар­­­тамен­тіне мемлекеттік тіркеу­ден өтуі үшін көршім Өтеген Ермеков­тің тех­никалық паспортының түп­­нұсқасы міндетті түрде болуы керек екен. Ал оның жоқтығына менің қан­дай кінәм бар?! – деп таңданы­сын жасыра алмайды әжей. Сондай-ақ, Қамария Дүйсенова үй құжатының актісі екіге бөлініп кеткенін қынжыла айтып берді. Тіпті, өзгесін айтпағанда, менің үйімнің құжатының екіге бөлінген нұсқасының бірі көршім Өтеген Ермековтің қолында жүр. Сонда мен не істеуім керек, деп шарасыздық танытады Қамария апай. Әйтеуір, үйімнің құжаттары комьютерде тұрған соң оның дұрыстығына ешкім күмән келтіре алмайтын шығар деген үміттің жетегінде әлі жүріп келемін. Әйтсе де, кәрі қойдың жасындай жасым қалса да шындыққа көз жеткізе алатын түрім жоқ. Менің үйімнің құжаттарының бәрі де дұрыс. Тек құжаттың екіге бөлініп кеткені қатты қинайды. Осы жағдайдың орын алғанына да алты жыл толып отыр.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Сурет:eldorado.ru

Соңғы жаңалықтар