фото: vera.kz
Әрине, мемлекеттегі жаңғыру үдерісі кезең-кезеңімен, біртіндеп жүзеге асырылатыны белгілі. Байқап қарасақ, елдегі ауқымды саяси өзгерістер осыдан екі жыл бұрын бастау алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басқару тетігін экономикадан біртіндеп саяси бағытқа икемдеді. Осы орайда негізгі реформаларды үшке жіктеп қарастыруға болады. Атап айтсақ, демократияға атсалысу, құқық қорғау тетіктері мен адам құқықтары және заң үстемдігі.
Адам құқықтарын қорғау институтын нығайту мақсатында 2022 жылы «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң қабылданды. Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін, құзыретін және дербестік кепілдігін Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіп берді. Ізінше 2023 жылы Президент Қазақстанның халықаралық стандарттарға толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат есебінен атқарылуға тиіс нақты шаралар бекітіліп, адам және оның өмірі, бостандығы мен құқығы деген қағиданы берік ұстану қажеттігі айқындалды.
Бұған қоса Адам құқықтары және заң үстемдігі тетігі бойынша өлім жазасы жойылды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функцияларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Еліміз балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.
Бүгінде тағайындалған Адам құқықтары, Бала құқықтары, Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендерге түсіп жатқан шағым-өтініштердің артуы – адам құқықтарын қорғау бағытындағы нақты қадамдардың анық нәтижесі.
Мәселен, былтыр Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, оның өкілдерінің атына, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа 6 мыңға жуық шағым мен өтініш түскен. Көрсеткішті 2021 жылмен салыстырсақ, 3,1 есе, ал 2022 жылмен салыстырсақ, 1,5 есе көп. Оған қоса өңірлерде 2 405 жеке қабылдау өткізілген. Шағымдарды қарау нәтижесінде азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін қабылдануға тиіс шаралар туралы 2023 жылы 705 ұсыныс жіберіліп, оның 585-і қолдау тапқан.
Елімізде адам құқықтарын қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – Ұлттық алдын алу тетігі. Бұл ретте азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып, азаптауларға қарсы күрестің ұлттық превентивті механизмі күшейтілді. Азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қатысты заңнамалық анықтама енгізілді. Бүгінде Ұлттық алдын алу тетігі құрамында 146 мүше бар. Олар – құқық қорғаушылар, дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Олардың миссиясы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің және ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының өзара іс-қимылын білдіретін «Омбудсмен+» қағидатына негізделген.
Сондай-ақ жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. Былтыр мекемелерге 461 рет мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде мемлекеттік органдардың 188 қызметкері тәртіптік жауапкершілік арқалаған. Ал азаптау және басқа да қатыгез, ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлері туралы 160 өтініш қаралыпты.
Адам құқықтары және заң үстемдігі тетігіндегі маңыздысы – тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтіліп, мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда азаматтар үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс екеніне баса назар аударды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет», деді Президент.
Айта кетерлігі, еліміздің адам құқықтарын қорғаудағы жетістіктері Женевада жоғары бағаланды. Бұл туралы таяуда Женевадағы БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаевтың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен кездесу барысында айтылды.
Жүздесуде Ерлан Әлімбаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау деп аталып кеткен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгілейтін БАҚ мәселелері бойынша елімізде қабылданған заңдарға тоқталды. Тараптар Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 56-сессиясы барысында жаһандық құқық қорғау алаңында алғаш рет ұсынылған Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бірлескен мәлімдемесін талқылады. Құжат БҰҰ-ға мүше 62 мемлекеттен қолдау тапты.
Жоғарғы комиссар Фолькер Тюрк еліміздің адам құқықтары мәселелерін ілгерілету бойынша күш-жігерін, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің жұмысына қосқан үлесін құптады.
«Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы прогрессивті заңды толық және тиімді жүзеге асырудың маңызы ерекше. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚК) Бас Ассамблеяның 2006 жылғы 15 наурыздағы 60/251 резолюциясына сәйкес құрылып, бүкіл әлемдегі адам құқықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және қорғауға, адам құқықтарының бұзылуына байланысты жағдайларды қарауға, сондай-ақ тиісті ұсыныстар дайындауға жауапты БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы болып табылады. БҰҰ АҚК оның алдында жұмыс істеген БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясын алмастырды. Кеңес құрамына 47 мүше мемлекет кіреді, олар тікелей жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады», деді ол.
Сонымен қатар Сенат маусымда адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау тиімділігін арттыратын «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды мақұлдады. Бұл «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлықта көзделген Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Негізгі мақсат – адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасының алдын алу және жолын кесу жөніндегі заңнаманы жетілдіру. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев заңның маңыздылығы мен прогрессивтілігіне тоқталды.
«Омбудсмен ретінде мен Қазақстанның адам саудасынан азат болуға ұмтылысын растайтын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бейілділігін көрсететін осы заңның маңыздылығы мен прогрессивтілігін атап өткім келеді. Осы қылмыстың жиі құрбаны болып қалатын кәмелетке толмағандардың Заңда көзделген құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие, бұл еліміздің халықаралық міндеттемелеріне толық сәйкес келеді. Бұл заң қылмыс үшін жауапкершілікті арттырып қана қоймай, жәбірленушілерді қорғау шараларын енгізетін, осы қылмыспен күрестің маңызды аспектісі болып есептеледі. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы және Қазақстан ратификациялаған адам, әсіресе әйелдер мен балалардың саудасының алдын алу және жолын кесу туралы Палермо хаттамасы кез келген мақсатта және кез келген нысанда балаларды ұрлаудың, бала саудасының немесе олардың контрабандасының алдын алу үшін ұлттық, екіжақты және көпжақты деңгейлерде қажетті шараларды қабылдауға міндеттейді», деді Артур Ластаев.
Жалпы, адам саудасы – құрбандар үшін қайтымсыз зардаптарға, соның ішінде психологиялық және физикалық азапқа әкелетін кең таралған қылмыстың түрі. Кей мәліметтерге арқа сүйесек, халықаралық тәжірибеде дүние жүзінде есірткі және контрафактілік өнімдерден кейінгі үшінші орында тұр.
Әділетті Қазақстан құру жолында саяси жүйені жаңғыртудан бастап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған батыл бастамаларының бір парасы ғана. Десек те мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда айрықша маңызды.