Суретті түсірген – Жұмабай Мусабеков
Екі қолға – бір күрек ұстаудың ретін таба алмай, қол қусырып отырған қарапайым ауыл азаматының еңсесін тіктеп, кәсіппен айналысуына қолғабыс етуде мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор. Осы ретте, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында тауарлық несие беру тетіктері де қарастырылған. Өз кәсібін ашуға ниет білдіргенге жер, мал немесе құс беріледі. Нәтижесінде, тұрақты табыс көзін қамтамасыз ете отырып, дайын өнімді кепілдендірілген бағамен сатып алудың жолдары қарастырылған.
Бүгінде мал өсіруге қолайлы өңірде кәсіпкерлердің қолдауымен «Құнар» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бір отбасыға 30 қой беріледі, сонымен қатар арнайы мамандар мал бағудың қыр-сырын үйретіп, жыл бойына қажетті кеңес беруді жоспарлаған. Жобаға алғаш рет Ақсеңгір аулынан үш отбасы таңдалды. Бастама авторы Жәнібек Кенжебаев жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсыну екенін алға тартып отыр.
«Біздің бастамамызды «Kusto group» компаниясы мен «Qunar creative» қоғамдық қоры қолдап отыр. Біз қойларды беріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар ветеринарлық қолдау көрсетіліп, жайылым мен мал күтімі үйретіледі. Тұрақты түрде шаруаның барысы қадағаланып отырады. Жобаға қатысушылар кәсіби мамандардың көмегімен мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелетеріне сенімдіміз», дейді жоба жетекшісі.
Жобаға қатысушылардың бірі – Дәуіт Әбдірахымов. Жұбайымен алты бала өсіріп отырған азаматтың сөзінше, ата кәсіппен айналысуға ниетті жандар көп, алайда бәрі бірдей малдың жайын біле бермейді. Сондықтан қой өсіруде мамандардың көмек беруі тиімді екенін атап өтті. Қанатқақты бағдарлама бойынша алдына салған 30 қойды бағып, өсірумен айналысуды бастап кеткен Әбдірахымовтар отбасының бұл күнгі қуанышында шек болмады.
«Үкімет түрлі қолдау бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлердің бастамалары да маңызды рөл атқарады. Азаматтарға өз кәсібін бастауда алғашқы қадам жасауға көмек беру маңызды. Жобаға қатысып жатқандарға сәттілік тілеймін», деді Т.Дүйсенова.
Бұдан әрі Талғар ауданы мен Еңбекшіқазақ аудандарына ат басын бұрған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Green Eco» ЖШС жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесті. Елімізде жетекші орынға ие компания бұл күнде 30 түрлі салат түрлерін өсірумен айналысып келеді.
«Жыл бойы кідіріссіз жұмыс істейтін кәсіпорнымызда 10 түрлі салат, 9 түрлі салат микстерін және 10 түрлі оралған көксөк түрлерін өсірумен айналысамыз. 100-ден аса адам еңбек ететін жылыжайдың жалпы аумағы 1,3 гектар аумақты алып жатыр. Жылыжайда айына 65 тонна немесе 400 мың бірлік балғын өнім өндіріліп, ол еліміздің ең үлкен қалаларындағы 350-ден аса ірі сауда орталықтарына жөнелтіледі», – деген компания директоры Роман Шнайдерман ұсақ жылыжай кешендері үшін ауылшаруашылық өнімдерінің агрегаторы болуға және осы бағыттағы серіктестікке әрқашан дайын екендігін атап айтты.
«Ол үшін жылыжайлардың көлемі 300 шаршы метрден кем болмауы, өнімдер пестицидтерсіз және гармондарсыз өсірілген, яғни экологиялық таза, табиғи өнім болуға тиіс. Бізбен серіктес болу тиімді, өйткені ұсақ өндірушілердің өнімін толықтай сатып алумен қатар, мамандарды оқытып, агрономиялық қызмет көрсетеміз, көшеттермен қатамасыз етеміз», дейді компания басшысы.
Ауылдағы халықтың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруда ұсақ кәсіп иелерінің осындай ірі кәсіпорындармен біріге жұмыс істеудің, ауыл шаруашылығында өндірістік кооперативтер құрудың маңыздылығын атап айтқан Тамара Дүйсенова жергілікті тұрындардың толғақты сауалдарын тыңдап, оларға тұщымды жауаптар қайырды.
«Мемлекет басшысының басты назарында тұрған мәселелердің бірі – халықтың табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту. Осы себепті «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері мен тиімділігін түсінгендеріңіз дұрыс. Кәсіп ашып, табыс көзін табуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріп қана қоймай, оның жүзеге асырылуы маңызды. Сол үшін ұсақ кәсіпкерлердің бірігіп, кооперативтер құру, ірі компаниялармен бірлесе жұмыс істеудің әлдеқайда тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр», – деген Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова кеңдалалық кәсіпкерлердің сан сауалына жауап берді.
Аграрлы аймаққа іссапары барысында Тамара Дүйсенова Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС-ның да ұжымымен кездесіп, ет-сүт өндіру бағытындағы іс-тәжірибесімен танысты.
Жеміс-жидек, алма өсіруде адыңғы орынға ие Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қайнар аулындағы «Есік жеміс консерві» зауытында қызанақ концентранты, қызанақ пастасы, өрік және алма езбесі, джем, алма шырындары даярланады. Еңбек нарығында 15 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан өдіріс орнында маусымдық кезеңде 200-ге жуық адам еңбек етеді. Күнделікті 600 тонна шикізат өңделіп, 60 тонна дайын өнім өндіріледі. Оны құятын шыны ыдыстар да осы зауытта жасалады. Ал шикізат үшін 10 мың шаршы метрлік жылыжай жұмыс істейді. Консерві зауытының өнімдері елімізден өзге, Ресей мен Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.
Отандық өнім өндіруде алдыңғы орында аталатын «FOOD Master» зауыты да осы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 54,7 мың тонна өнім. Сапалы сүт өнімдерін өндіруде тәжірибесі зор зауыттың жұмыс үдерісімен танысқан Т.Дүйсенова бұдан кейін Алматы облысының ауылшаруашылық саласының мамандарымен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өткізді. Онда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуын арқау етті. Оның сөзінше, өткен жылы аталған бағдарлама бойынша аймаққа бөлінген қаржының толықтай игерілгені, оның негізгі бөлігі мал шаурашылығына бөлінгенін тілге тиек етті.
Жиын соңында Тамара Дүйсенова ауыл әкіміне қажетті 5 қадам жайында түсіндіріп, жыл соңына дейін әр әкім ауылдың даму бағдарламасын жасау және соның негізінде тиімді жұмыс атқару қажеттігін тапсырды.
Алматы облысы