22 Қаңтар, 2015

Ұлттық рухты оятқан ұлы шығарма

3836 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
* Есенберлин – 100 Халықаралық Түркі академиясы белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай бір топ зиялы қауыммен «Көркем шығармадағы тарихи шындық» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оны аталмыш академияның президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Ілияс Есенберлин тарихи шығар­маларын Кеңес Одағының дүркіреп тұрған шағында жазды. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдардан тұратын «Көш­пе­нділер» трилогиясы арқылы ха­лықтың тарихи жадының жаңғы­руына үлес қосты. Оның қаламынан туған «Көшпенділер», «Алтын орда» сынды сүйекті шығар­маларда ұлы дала өркениеті көрініс тауып, Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан мол мағлұмат берілген. Атақты жазу­шының 100 жылдығы Қазақ хан­дығының 550 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келуінде де ғажап бір сәйкестік жатқан сияқты. Дөңгелек үстел басына жиылған елдің зиялы азаматтары ең алдымен трилогияның алғашқы кітабы «Қаһар» романының жарыққа шыққан бойда қоғамда ерекше сілкініс туғызғанына назар аудартты. Жазушы, ғалым Құ­ныпия Алпысбайұлы «Көшпенділер» авторының қажырлы қайратымен, терең білімімен қол жеткізген табысы халықтың рухын көтерді», – деді. «Бұл роман көпшілік ортасында зор сілкініс туғызды. Өйткені, мұның алдында дәл осы тақырыпқа қалам тартуға ешкімнің дәті бармаған еді. Ол Бекмахановтың 25 жылға сотталған тұсы болатын. Ал, Есенберлин осы тақырыпқа барып, жақсы нәтиже шығарды. Алғашқы кітабы қанша тиражбен шықса да, өтіп кетіп жатты. Кітапханаларда, дү­кендерде самсап тұрмайтын. «Қаһар» қойшы мен егіншінің қонышында, студенттердің қолтығында жүрген кітап болғанын көзіміз көрді. Осы кітап арқылы тарихқа деген көзқарасымыз өзгерді. Бұл кітап «қазақ тарихы 1917 жылдан басталады» деген қағидаға тосқауыл қойып, ұлттық рухты оятуға үлкен еңбек сіңірді», деді ол. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы «Қаһар» шыққан кезде кітапты өзі оқып көрген соң дүкеннен он кітап сатып алып достарына таратып бергенін айтты. «Бұл кітап ерекше қозғалыс туғызды. Көкейімізде «біз кімбіз» деген сауалға жауап іздей бастадық. Осы кітаптың әсерімен алғаш Дүкенбай «Отырардың күйреуін» жазды. Сосын Әбіштің «Үркері» шықты. Қабдештің «Соңғы көш» романы оқырмандарын тауып жатты», деген қаламгер сол уақытта өзінің де іштей дайындала бастағанын, бірақ қалай жазам, оқырманға қалай ұсынам дегенді көп ойланғанын айтты. Ал академик Сейіт Қасқабасов жазушының тарихи шығармасы оқыр­манға ой салуымен, эмоциялық тұрғыдан әсер етуімен күшті екенін жеткізді. «Кез келген тарихи шығарма тарихтың көшірмесі емес. Ешуақытта да көшірме бола алмайды. Бірақ жазушының міндеті де ол емес. Оның міндеті – оқырманға сол дәуір, адам туралы ой салу, эмоциялық тұрғыдан әсер ету. Бұл жағынан келгенде Ілияс Есенберлиннің «Қаһары» әлі де оқылатын дүниелердің қатарында. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Демек, жазушының шығармалары қайтадан жаңғырады»,  деді академик. Есенберлин романдарының сапасына қатысты жазушы, таяуда ғана Мемлекетік сыйлықтың лауреаты атанған Қажығали Мұхамбетқалиұлы орынды уәж айтты. «Ілекең тарихи тақырыпты көтеру арқылы ұлттың рухын көтерді. Тек тарихи тақырыпқа жазғанына емес, ұлттың санасына ықпал еткеніне де назар аудару керек. Оның үлкен ерлігі – тез арада көп шығарма жазуында. Рас, алғашқы жазылған «Қаһар» көркемдік деңгейі жоғары роман. Одан кейінгі «Алмас қылыш», «Жанталастың» көркемдік сапасы төмендеу. Бірақ, бұл Ілекеңнің осалдығы емес. Жиналған деректер оқырманға тезірек жол тартуы керек болатын. Тағы бір нәрсе, жазушының бағы жануы үшін оның заманы да тууы керек. Бұл жағынан алғанда Есенберлин бақытты жазушы», деді ол. Өз кезегінде сенатор Жабал Ерғалиев жазушының 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы ұсыныс Парламент тарапынан жасалғанын баяндады. Соған сәйкес бүгінде жазушы дүниеге келген Көкшетау өңірінде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде жазушының туған жері Атбасар қаласында тарихи-мәдени шаралар ұйымдастыру қолға алынатынын да айтты. «Атбасарға тек Ілияс Есенберлиннің туған жері деп қарамау керек. Ол жерде тұтастай тарих бар. Кенесарының жүрген ізі сайрап жатыр», деді сенатор. Дөңгелек үстелде Есенберлин туралы кітап жазған, жазушыны зерттеп жүрген санаулы зерттеушілердің бірі Амангелді Қашқынбаев Хан Кене туралы Омбы, Қызылжар мұрағаттарынан дерек жинауға І.Есенберлинге Д.Қо­наев­тың тапсырыс бергенін Нәй­ла Бекмаханованың кітабынан кездес­тіргенін айтты. Онда жиналған мате­риалдардың әрқайсысы үш дана етіп көшіріліп, екеуі Қонаевқа берілетіні туралы айтылыпты. Сол кітапта Есенберлин мен Бекмахановтың бірге жұмыс істегені де баяндалады екен. Жалпы, басқосуда көп мәліметтер айтылды. Кеңес дәуірінің жы­лы­мық кезеңінде ұлт санасын оятқан три­логияның құндылығы дәріптелді. Оның бүгінгі күні де өзектілігін жоғалт­пағаны, болашақта да жоғалтпайтыны тілге тиек етілді. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.