Оқиға • 16 Шілде, 2024

«SIM картаңыздың мерзімі аяқталуға жақын»: алаяқтар 16 млн теңге жымқырған

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Енді аляқтар ұялы байланыс операторлары қызметкерлерінің атын жамылып халықты алдауға көшкен. Мұндай алаяқтықтың фактісімен соңғы кездері Ақтөбе тұрғындары полицияға жиі жүгінетін болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«SIM картаңыздың мерзімі аяқталуға жақын»: алаяқтар 16 млн теңге жымқырған

Фото: dzen.ru

Дәл осы фактімен жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі бірнеше миллион теңгеден асқан.

«Алдымен алаяқтар азаматтарға телефон соғып, өздерін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Олар телефон нөміріңіздің мерзімі өтіп кеткенін айтып, қызмет көрсету мерзімін ұзартуды ұсынады. Егер де ұзартуға келіскен жағдайда, алаяқтар SMS-хабарламадан келген кодты айтуды сұрайды. Кодты алғаннан кейін олар  WhatsApp арқылы қоңырау шалып, өздерін құзырлы орган қызметкерлеріміз деп таныстырады. Сізді алаяқтар, жалған операторлар алдап,  атыңызға бірнеше банктен несие рәсімделгенін хабарлайды», деді Ақтөбе облысының криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмурзин. 

Сондай-ақ олар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полицияның, банктің және т.б. қызметкерлері ретінде таныстырған. Қаскөйлер жәбірленушілерді олардың атына бұрын жалған операторлар рәсімдеген несиелерді өшіреміз деп алдап, өздеріне несие алған. Барлық жағдайда жәбірленушілерді қаражатты алаяқтар көрсеткен «қауіпсіз» шоттарға аударуға міндеттеген.

2024 жылдың шілде айында алаяқтар Ақтөбе қаласының тұрғынын дәл осындай жолмен 8 миллион теңгеге, екінші адам да осындайға сеніп, 3 миллион теңгесін жоғалтқан. Сонымен қатар тағы бір тұрғын өз атына 5 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеп, алаяқтарға аударған. 

Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды мұндай қоңырауларға сенбеуге, қоңырау түскен жағдайда дереу үзуге, SMS және жеке деректердегі кодтарды жарияламауға және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.