Облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы және «Арлан» арнайы бөлімшесі қызметкерлері 64 жастағы азаматтың жеті жылға таяу уақыт құлдықта ұсталғанын анықтады.
Бұл жайт шалғайдағы Бөкей ордасы ауданындағы маң далада, мал қыстағында орын алған.Оның еріксіз еңбек тұтқынында жүргені белгілі болғаннан кейін «есін жиған» жәбірленуші полицияға өтініш-шағым жазып, аталған уақыттың аралығында оған ешқандай төлем төленбегені жөнінде айтқан. Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлжан Қанатова жоғарыдағыдай мәлімдеме жасады. Осыдан кейін басына бір үлкен қара бұлттың төніп келе жатқанын сезе қойған шаруа қожалығының жетекшісі, яғни зейнет жасындағы адамды құлдыққа жеккен меншік иесі оған алты жылдан астам уақыттағы еңбегі үшін 760 мың теңге төлеген. Осымен ол өз айыбы мен кінәсінен толық арыла ала ма? Арыла алмайтын секілді. Өйткені, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде қарастырылған «Адамдарды сату» арнайы бабы бойынша сотқа дейінгі тексеру ісі басталып кетіпті.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы.