22 Қаңтар, 2015

Абу-Дабидегі болашақ энергиясы саммитi

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-851Бiрiккен Араб әмiрлiктерiнiң астанасы Абу-Дабиде «World Future Energy Summit 2015» (WFES) Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитi өз жұмысын бастады. Төрт күнге созылатын саммиттiң басты тақырыбы ең заманауи технологияларға және қолдағы мүмкiндiктердi тиiмдi пайдалануға негiзделе отырып, болашақ энергиясын қалыптастыру бойынша бiрлескен шешiмдердi әзiрлеу болмақ. Сондай-ақ, саммитке қатысушылар баламалы энергетиканы дамыту мәселелерiн талқылайтын болады. Қазақстан да Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитiнiң жұмысына қатысуда. Абу-Дабиге «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ делегациясы келдi, ол болашақтың таза экологиялық технология­ларын дамытумен айналысатын MASDAR компаниясының басшылығымен, Қайта қалпына келетiн энергия көздерi жөнiндегi IRENA халықаралық агенттiгiнiң басшылығымен және БАӘ медиа-кеңесiмен екiжақты кездесулер өткiзедi. Ұлттық компанияның Халық­аралық қатынастар департаментiнiң бас менеджерi Сайран Байжаханов атап өткендей, ең соңғы әлемдiк энергетикалық трендтермен және энергетика саласындағы ең жарқын деген инновациялық жобалармен танысу мүмкiндiгi Дүниежүзiлiк болашақ энергиясы саммитiне қатысудың сөзсiз артықшылықтарының бiрi болып табылады. «World Future Energy Summit-қа қатысу және көрмеге бару бiздiң жұмысымыздағы бас­ты кезеңдердiң бiрi болып табылады.  Бiз баламалы энергетика саласында жемiстi диалог құрып, қызықты жаңа жобалармен танысамыз деп үмiттенемiз. Дүниежүзiлiк саммиттiң тақырыбы бiздiң ЭКСПО-2017 көрмесiнiң тақырыбымен үндеседi. Бүгiн Абу-Дабидегi көрмеде бiздiң әлеуеттi серiктестерiмiз, қайта қалпына келетiн және баламалы энергия көздерi саласындағы өз жобаларын таныстырып жатқан қатысушылар бар. Бұл оларды 2017 жылғы көрмеге шақыруға арналған жақсы алаң», – деп атап өттi ол. Естерiңiзге сала кетейiк, Қа­зақ­стан Бiрiккен Араб Әмiр­лiк­терiнiң ЭКСПО-2017 көрмесiне қатысатыны туралы растауды алды. Келiссөздер барысында Дубай­дағы ЭКСПО-2020 және Астана­дағы ЭКСПО-2017 өкiлдерi 2017 жылы көрмеге қатысу мәселе­лерiн талқылады. Сондай-ақ, оған қайта қалпына келетiн энергия көздерi жөнiндегi IRENA халықаралық агенттiгi қатысады деп күтiлуде. БАӘ Астанада үлкен павильонды алмақ, оның бiр бөлiгi Масдар институтының (Абу-Даби) жобаларынан тұратын болады. Өткiзiлген келiссөздердiң қоры­тындысы бойынша БАӘ Астана­дағы ЭКСПО-2017 көрмесiне қаты­суға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтуге болады. WFES саммитiнде 650 компа­нияның стендтерi ұсынылып отыр, ал спикерлер ретiнде халықаралық ұйымдардың (Халықаралық энергетика агенттiгi, БҰҰ қоры және т. б.) өкiлдерi, сондай-ақ, әлемдегi ең iрi энергетикалық компаниялардың басшылары сөз сөйлемек. «Егемен-ақпарат».