12 Маусым, 2015

Жалында, жас ұлан!

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Спасск орталығында І республикалық «Айбын» жастар жиыны өтуде

20150612 (13)

Алдыңғы күні Қарағанды облысына қарасты Спасск оқу-жаттығу орталығының базасында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. 

Ол қазақстандық белсенді жастардың 800-ден аса өкілінің басын қосты. Оған қаты­сушылар әскери-патриоттық клуб­тардың тәрбиеленушілері, әскери-қол­данбалы спорт түрі бойынша об­лыстық және қалалық жа­рыс­тардың жеңімпаздары. Сондай-ақ, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалала­­рын­­дағы республикалық әскери мектеп интер­наттарының, «Жас ұлан» рес­пуб­ликалық мектебі және «Арыс­тан» лицейінің тәр­биеленушілері.

Жиынның ашылу рәсімінде Қор­ғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-полковник Сәкен Жас­ұзақов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. «Айбын» жиыны 10-13 маусым аралығында өтеді. Қатысушыларды мазмұнды бағдарлама күтіп тұр. Оның ішінде: белтемірге тартылу, 100 метрлік нысана көздеу, әскери-медициналық даярлық бойынша жарақат таңуды үйрену, противогаз скафандрын кию сияқты жаттығулар бар. Спасск оқу-жаттығу орта­лы­ғының полигонында ел әскері­нің жарағында тұрған атыс қа­руы­ның үлгілері, ұрыс құрал­да­ры, оптикалық аспаптар, 9 мм Макаров тапаншасы, 9 мм АКС тапаншасы көрсетілді. Оның ішінде «Радио­тос­қауыл» да­былдама кешені де бар. Ол кү­зетілетін ай­мақтан 3 шақы­рым қашықтықта байқалған іс-әрекеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Жиынға қатысушыларға лаң­кестікке қарсы кез келген кедер­гілерді бұзып өтетін «Робот-бар­лаушы» жүйесі ерекше әсер қал­дырды. «Бізде қабырғаның арғы бетінде тұрған қарсыласты әшке­релеуге мүмкіндік беретін радио­локациялық станса да бар. Бұл лаңкестікке қарсы тапсырмалар кезінде шығынсыз әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп түсі­нік берді жастарға әскери қызмет­шілер. Сол жерде әскери-патриот­тық клуб мүшелеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары да көрсетілді. Жиынның басты міндеті – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, осы бағыттағы клубтардың іс-қимылын үйлестіру, жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызметті өтеу кезінде қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру.

Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.