Экология • 17 Шілде, 2024

Мәдениет тазалықтан басталады

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Игі істер марафоны» аясында елімізде «Экология» апталығы өтті. Осыған орай Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен Мұнайлы аудандық жас­тар ресурстық орталығы «Таза Like» сенбілігін ұйым­дастырды.

Мәдениет тазалықтан басталады

фото: gov.kz

Тазалық іс-шарасы Мұ­найлы ауданының Ата­мекен аулы маңындағы «Өлі көл» полигонында өтті. Іс-шараға 10-ға жуық техника жұ­мылдырылып, 150-ге жуық жас қатысты. Нәтижесінде, Мұнайлы ауданынан 45 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік апталығы тек мұнымен шектеліп қалмай, апта бойы әр орында жалғасын табады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында көктемде бүкіл ұжым, кә­сіпорындар ауыл, қала іші, теңіз жағалауынан бастап, шалғайдағы тарихи-мәдени ескерткіштерге дейін назардан тыс қалдырмай тазалық жұмысын жүргізді. Өкініштісі, арада көп уақыт өтпей-ақ есіл ең­­бектің зая кеткенін байқадық. Ақтау қаласындағы Каспий теңізі жағалауында қайтадан сусыннан босаған пластик, қалбыр, шыны ыдыс­тар, темекі, балмұздақ қораптары, тіпті аяқкиімдер мен өзге де неше түрлі қоқыстан көз тұнды. «Өлі көл» полигонында жүргізілген сенбілікте маңайдың аз уақытта қайтадан қал­дыққа бөгіп қалғанын байқап жағамызды ұстадық. Бас-аяғы екі-үш айда адам айтса нанғысыз көлемде қайтадан қоқыс басып қалыпты. Неге бұлай? Тұрғындардың бұл әрекеті – еш ақтауға келмейтін іс. Мұндай жауапсыздықты, тіпті қоршаған ортаға деген қатыгездікті қалай тоқ­татуға болады? Аталған акция, сен­біліктер ұйымдастырылмаса, әп-сәтте өкпесі қабына қоқыспен демалатын елге айналып шыға келгендей екенбіз. Қайтпек керек?

Маңғыстау облысы