ПЕТРОПАВЛ. 26 сәуір. Қазақстанда өтіп жатқан саяси шаралар Ресей тарапынан әркез зор қызығушылық танытып келе жатқаны белгілі. Бұл жолғы президент сайлауына көрші елдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарынан елуге жуық байқаушы қатысып, сайлау барысын бастан-аяқ бақылады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Біз солардың бірі Михаил Каракозды әңгімеге тартып, алған әсерлерімен бөлісуді өтінген едік.
«Бұл – менің Қызылжар өңіріне екінші сапарым. Мұның алдында Парламент Мәжілісі сайлауына байқаушы ретінде қатысып, көп тәлім алып қайтқан болатынбыз.
Ресейдің Омбы облысының делегациясын Омбы үкіметі төрағасының орынбасары Владимир Компанейщиков бастап келді. Делегация мүшелері шетінен тәжірибелі, кәсіби білікті мамандар. Кең құшағын айқара ашып, қонақжай пейілмен қарсы алған қазақ еліне ризамыз.
Енді негізгі тақырыпқа ойысатын болсақ, кезектен тыс Президент сайлауына жер-жерлердегі тыңғылықты дайындығы, солтүстікқазақстандықтардың көтеріңкі көңіл-күймен, саяси белсенділікпен қарсы алғаны бірден байқалды. Оған сайлау учаскелерін аралау барысында анық көз жеткіздім. № 635 сайлау учаскесінде болғанымда сайлаушылармен әңгімелесіп, пікірлерін сұрастырдым. Қай қайсысын болсын Қазақстанның болашағы, ертеңгі тағдыры бейжай қалдырмайды екен. Бәрінің ойлары «айтулы оқиғаға өз қалауымызбен келдік. Өйткені, Отанымыз – біреу, бізді ортақтастыратын–бір мүдде, бір мақсат. Еліміз күн өткен сайын гүлденіп келеді. Осындайда әр дауыстың қаншалықты маңызды екені білінеді. Сол себепті қоғамдық саналылық таныту – әр қазақстандықтың асыл парызы» деген пайымдармен үндесіп жатты. Мені осында 80-нен асса да, таяғына сүйеніп келген Әлпеш деген кейуананың қайсарлығы таң қалдырды. Денсаулығын сылтауратып, үйде дауыс беремін деп сылтау табуға болар еді. Бірақ дімкәстігіне қарамастан күйректікке салынбаған батыр кейпі керемет сүйсіндірді. Ол маған «келесі сайлауға келуге де күш-қуатым жетеді» деп қалжыңдап қояды.
Одан әрі ол № 636, 639, 642, 630 сайлау учаскелеріндегі сайлау үдерісімен танысқанда да демократиялық талаптар мен заң нормалары сақталуының куәсі болғанын, байқаушы ретінде сайлау учаскелерінде жүрген президентікке үміткерлердің сенімді өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері бұра тартушылықтардың кездеспегенін, әділ де ашық өтуі қамтамасыз етілгенін жеткізді.
«Қазақстан – біздің ежелгі көршіміз. Төсекте басы, төскейде малы қосылған тату елміз. Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылғалы интеграциялық байланыстарымыз тереңдеп, нарық көкжиегі кеңейіп келеді. Алыс-берісіміз артты. Бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы Қазақстанның ұмтылысы мен әлемдік аренадағы беделі жоғары. Өркениетті 30 елдің қатарына кіру қадамына сәттілік тілеймін. Мен бұл пікірлерімді халықаралық байқаушылармен өткен брифингте де мәлімдедім. Бұл жолғы президенттің сайлау да халықаралық қауымдастық тарапынан оң баға алары даусыз», - дейді ол.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: egemen.kz