Ауыл • 17 Шілде, 2024

Жол азабын тартқан Жаңажол

316 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облы­сындағы Жамбыл ауданын жергілікті жұрт «Ұлылар мекені» деп атайды. Себебі аса көрнекті жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов – осы өңірдің тумалары. Олардың мерейтойы ел көлемінде думандатып атап өтіліп жатқанымен, туып-өскен ауылдарының жағ­дайы жылдан-жылға нашарлап барады.

Жол азабын тартқан Жаңажол

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Тіпті жергілікті билік биыл Сафуан Шаймерденовтің туған аул­ы – Амангелдіні жабу мәселе­сін көтер­ген екен. Себебі мектебі жабылып, тұрғындарының көбі басқа жаққа үдере көшіп кеткен бұл ауылда қазір небәрі 15 адам тұрады. Ал Сәбит Мұқановтың өз есімімен аталатын туған аулындағы бастауыш мектепте оқушы қалмағандықтан, биыл жабы­лып жатыр. Бұл екі ауыл – бір кезде кең­шар бөлімшесі болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп қалған шағын елді мекендер. Дегенмен Ғабит Мүсірепов атындағы кеңшардың орталығы болған ұлы қаламгердің туған аулы Жаңажолдың да бүгінгі ахуалы алаңдатарлықтай.

1989 жылы өткізілген бүкілодақ­тық халық санағының қорытындысы бойынша Жаңажолда 834 адам, яғни 200-ден астам отбасы тұрған. Ал 2021 жылы болған Ұлттық халық санағы бұл ауылдағы тұрғын саны 242 адамға дейін азайып, 70 шақты ғана от­басы қалғанын көрсетті. Шынтуайтын­да, Жаңажол – Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында суреттелгендей, табиғаты тамылжыған, Елтінжал атанған қайыңды орманды, өзекті-шілікті, тұрмысқа қолайлы жерде орналасқан ауыл. Кеңшар орталығы болған кезде үш қабатты орта мектеп ғимараты мен екі қабатты Мәдениет үйі, мешіт салынған. Мектеп жанында шағын орталық, медициналық пункт, кітапхана жұмыс істейді. Ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына орай мемориалдық музей ашылған. Онда ұлы жазушыға қатысты жәдігер­лермен қатар осы ауылдың тағы бір дарынды тумасы, белгілі ақын, көсем­сөзші, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденовтің соңында қалған мол мұрасы да сақтаулы. Атақты Есеней сұлтан, Ұлпан ана бейіттері де осы маңайда. Қайың-теректер мен қарағай­лардың ортасында саяқ өскен сұлу шыршаға Ғабит Мүсірепов ат қойып, ақын Мақсұтжан Әубәкіров өлең жазып, сазгер Жоламан Тұрсынбаев әуен шығарып, бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенованың орындауымен елімізге кеңінен танылған «Қызқарағай» әні де – жаңажолдықтардың мақтанышы.

Міне, осындай тамаша табиғаты­мен, тағылымды тарихымен туризм нысаны болуға сұранып тұрған өңір­де орналасқан Жаңажол аулы тұр­ғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқанының себебі неде? Бұл сауалға жаңажолдықтар: «Бізді көп­тен қинап келе жатқан басты мұқ­таждығымыз – жолдың нашарлығы. Көктемгі лайсаңда, жаздың жауын­ды күндерінде, қысқы боранда ауыл­дан жеңіл көлікпен шығу мүм­кін емес. Әсіресе науқас қысқан жандар­дың аудан орталығындағы ауруханаға уақ­тылы баруы қиынның қиыны. Сон­дықтан ауылдастармыз басқа жаққа көшіп кетіп жатыр», дейді бірауыздан.

Білуімізше, аудан орталығынан Жаңажол аулына баратын жол мәсе­лесі Ғабит Мүсіреповтің 80 жыл­дығы қарсаңында көтеріліп, оған мем­лекеттік бюджеттен қаржы бөлінген. Нәтижесінде, бұрынғы ойдым-ойдым болып әбден бүлінген грейдер жолды қиыршықтас төсеп жөн­деу қолға алынған. Алайда ол көрші­лес Святодуховка аулынан әрі асып, Жаңажолға 15 шақырым қалғанда «қаржы жетпей қалды» деген желеумен тоқтатылған көрінеді. Содан бері 43 жыл өтсе де, жаңажолдықтардың жанайқайын шығарып келе жатқан осы 15 шақырым қираған грейдер жолды жөндеу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ.

«Біздің ауылдық округке қарасты Жаңажол аулына баратын 15 шақы­рым бүлінген жолды жөндеуге қажет жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп қойдық. Алайда қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Қазіргі жаздың жаңбырсыз күндерінде жаңа­жолдықтар жеңіл көлігімен дала жолымен жүріп жүр. Ал қалың жауын жауғанда ауылдарынан шыға алмайтыны рас», дейді Майбалық ауылдық округінің әкімі Гүлнәр Нұрахметова.

Жаңажолдықтар көтеріп жүрген тағы бір көкейкесті мәселе – Ғабит Мүсі­репов­тің туған аулының тірек және серіктес ауылдық елді мекен­дер тізбесіне енгізілмегендігі. Жалпы, Майбалық ауылдық округіне қарай­­тын 4 ауылдың ешқайсысы тірек және се­ріктес ауылдар қатарына жатқызыл­­ма­ған екен. Бұл олардың мұқтаждық­тары ел қазынасынан бөлінетін мол қаржы есебінен емес, «көрпесі басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей жататын» жергілікті бюджеттің есебінен шешілуге тиіс, яғни бола­шағы бұлыңғыр дегенді білдіреді. Біздің­ше, Жаңажол аулының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті оны тірек немесе серіктес елді мекен ретінде белгілеуге мүмкіндік береді. Себебі онда барлық әлеуметтік нысан тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр. Бұған қоса 22 мың гектар егістік жерге ие базалық шаруашылық – «Агрофирма Жамбылская» ЖШС жұмыс істейді.

Сұрастырып білсек, еліміздегі тірек және серіктес елді мекендер тізбесін жасау кезінде Солтүстік Қазақстан облысында аудандық әкімдіктердің ұстанымы ескерілмеген болып шықты. Ал алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының 2020 жылы облыстық әкім­дікке жолдаған, Жаңажолды аталған тізбеге енгізу туралы ұсыны­сын сол кездегі өңір басшылығы қолда­мапты. Әттеген-ай!

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, Солтүстік Қазақстан облысы­ның жаңа әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов Жамбыл ауданын аралап көрген алғашқы сапарында Ғабит Мүсірепов сынды ұлы жазушы шыққан, топырағы қасиетті Жаңажол аулына не себепті соқпағанын өңір жұртшылығы түсіне алмай дал. Олар жергілікті өзекті мәселелерді әкіммен жүзбе-жүз талқылауды қалағанын айтады.