Әдебиет • 18 Шілде, 2024

Тәуелсіздікті ту еткен шығармалар

239 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Балалар поэзиясының орыс, қазақ тіліндегі қазынасын бойына сіңіріп, өзіне дейінгі, қазіргі және кейінгі жанрлық түрлерін, ізденіс, жаңалықта­рын жақсы білетін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаев «Тәуелсіздік деген не?» өлеңдер мен ертегілер жинағында жасөспірімдердің ойлау, сөйлеу қабілетін, сөздік қорын жетілдіруін, еліміздің рәміздерін қастерлей білуін, ұлттық құндылығымызды бағалай алатындай азамат болып өсуін мақсат тұтқан.

Тәуелсіздікті ту еткен шығармалар

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кітап сегіз бөлімнен тұрады. Ал­ғашқы «Тәуелсіздік шуағы» – бүгінгі көк туы желбіреген егемен ел ұланының ұлы істерге талпынысынан бастап, қазақ даласының көне тарихына үңілуіне де­йін­гі сәттерін анық та қанық бейнелейді. ­Шуақ шашқан шумақтары балақайлар­дың мәнерлеп оқуына сұранып тұр: «Туған елім – тірегім, Елжірейді жүре­гім. Әнұран­ға сыйдырған, Бүкіл елдің тілегін». Жас­өспірім алдында туын­даған сан сауалға жауап береді: «Тәуелсіздік – ырыс, бақ, Қадам басу сеніммен. Емін-еркін тыныстап, Бақ кетпеуі төріңнен»; «Ата Заңым, Алтын Заңым – ардағым, Аяла­ған адамзаттың арманын. Жол бас­тай­ды болашаққа жасампаз, Әрбір бабың, тарауларың, тармағың»;

Туған жер байлығының иесі – кие­лі Қазақстанның қияға ұшар қыраны, еркіндікті сүйген тәуелсіз ұланымен емін-еркін сырласады автор. Сөз мәйегі – мақал-мәтелдерді жаттап өскен кіш­кентай кейіпкерлерінің мақсат, тілегімен бөліседі. Жаманнан жиренсе, жақсыдан үйреніп, арман қуған баланың талабы таудай асқақ, «тал өседі шыбық­тан, шұғылданып спортпен жігіт болам шыныққан» деп, бәйгеде озуға тырысады, атажұртты сақтап қалған бабалар ерлігі Отан-Анаға тағзым етуге баулып, туған жерін жайнатқан тұлға болуға бағыттайды. Әрине, арман алауын жаққан, зейіні ұшқыр баланың «От шашады жанарым. Отанымның ертеңгі мақтанышы боламын» деуі тек­тілікті үлгі етуіне, салт-дәстүрден ел­дігін тануына, талайды таңдандырған қазақ әдет-ғұрпын сақтауына мүмкіндік туғызып, домбыра мен бесігін киелі санаған, туған өлкесін жат жұрттың табанына таптатпаған бабаларына деген құрметпен жалғасады.

«Құрмет жырларында» тұлымы желп-желп етіп, атасына «жанарының нұрымын» деп еркелейтін ұлдар Абай, Махамбет, Бауыржан Момышұлы, Әбілхан Қастеевтің, «Жауға басын имеген, Жатқа жөнсіз тимеген. Өрнекте­ген өмірін әнмен, жырмен, күйменен» бабаларының, өздерінің ата-әжелері, ұстаздарының бір-біріне ұқсамайтын үлгі-өнегесіне ден қояды. Ұлы ақын ес­керткішінің басында Абайды сүю ар­қылы ұлтымды сүйдім деп біледі. «Тө­ре­лік айтқан заманға, Ашынып топас, наданға. Кейіпкерлері Абайдың Әлі жүр біздің қоғамда». «Жүрегін жырмен ұсынып, Танытқан таудай кісілік. Сөздері бірі-біріне тұрады сәуле түсіріп», әсіре­се соңғы жолдары көкейде дереу жатталып, өзара ұшқын шашқан сөздер­дің оқырманын парапсихологиялық жаттығуға жетелейтіні қызық.

Өлеңі мен саздары жүректі тербейтін «Есіл ер, қайран Махамбет!». Сөз жоқ, «армандайды әр бала, Махамбеттей бол­­сам деп». Өйткені «Егіз боп туған ер­лікпен, Қайсарлық, қайрат тең біткен». «Өлеңі – өрт, өзі – алау», «Шенге де мо­йын­ бұрмаған, тағдырың толы шырға­лаң, Кектеніскен жауымен, Кескілеспей тынбаған» Махамбеттей құдіреттің құ­нына жете алмаған қазақтың кешегі, бүгінгі, ертеңгі ұрпағы «жасын тия алмай, жоқтайды әлі кегіңді». Тажалға күркі­рей төнген, ажалға қаймықпай қараған, ортасына сыймаған тайсалмас тұлға, табанды ер Махамбетті жастарды жігер­лен­діре Болат биікке асқақтатады: «Қыран боп көкте құйғыдың, Тайсалу білмес тұйғыным. Ездіктің күлін ұшырып, Елдіктің түрдің түндігін».

«Ең жақсы күн», «Балабақша жырлары» бөлімдері ақынның балғын ке­йіпкерлерінің тәтті қылықтарына, қы­зығы мен қуанышына толы. Ұлы Отаны әлпештеп қорғаған, қадамына гүл өскен бақытты бөпенің тәй-тәй жасағаннан балабақшамен қоштасқанға дейінгі түрлі мінезі, әрекеті, табиғат көріністерін қабылдауы тілге тиек етілген.

Он екі айдың мәні де көп екен, төрт маусымға телінген. «Қаңтар аяз ұсынар, Наурыз құс ұшырар. Олар – көктем, жаз бен күз, Қалтыратқан қысы бар». Автор әр айдың сипатын балдырған ұғымына жеңіл де ойнақы жеткізеді.

Өздері оқыса да, тыңдаса да, қабыл­дауға оңай осынау жыр жолдары жас­өспірімнің зейінін ашып, көрнекілігінің әсерінен жадында мықтап сақталады. Бұған қоса жаттау барысында автор­дың сәтті теңеулері балғындардың тіл байлығын молайтып, әрбір сөздің ма­ғынасын айқындауына әсер етеді. Ақын мен жас оқырман талғамы өзара үндестік тауып, қысқа да нұсқа шумақтар көкейге дереу қона кетеді. Қоянының ойыншық екенін ескермей шөп жұлып әкелген Лаура, тап-таза қуыршақтарға күлкі боп, шомылудан шошитын Айбек, көп өлеңді жатқа айтатын алты жасар Төлеген, «жіптің ұшын түюді» ұмытқан тігінші Гүлсім, саусақты санай алмай шарша­ған Самат және басқаларының іс әре­кеті кенеттен қиял-ғажайыпқа ұласып, танымдық бағытқа жетелейді.

Көңілі алып-ұшып, айналасына та­ңыр­қай қараған балақайдың та­ным­дық көк­жиегін «Табиғат – тылсым әлем», «Жақсы мен жаман» бөлімдері одан әрі кеңейте түскен. Сыздау жерге жатып, суық тиген қошақанына кө­мекке асыққанда, басын шұлғып мәз ет­кені, ерте келген қараторғайдың тоңып алаңдатуы, сүт, қаймаққа көзі шоқтай жанып, тышқанға айбатты, күшік ырылдаса, зәресі ұшатын мысығы, мойнына таққан гүлдерін жеп қойған ботақаны, зұлымдықты сүймейтін көгаршыны, көк пиязды жұлған, гүлдің басын қиған тәртіпсіз лағы, сәйгүлікке балаған қасқа құлыны, енесін еміп, «тәртіп бұзған баладай» төмен қараған көк бұзауы, қутың қаққан қоңыр қозысы, несін айтасыз, балалар патшалығының ғажабы көркемдікпен жалғаса береді.

Табиғат көріністері де баланың қа­былдау деңгейіне сай қылаңдап, көз ал­дында тіршілік жадырап, бұтаның бүр­шігінен «сәби-көктем қол созды». Жаз­ғы таңның күлімдеген көкжиегі, көк­темде алақайлаған бұлақтар, аққулы көлдер, суық желі сумаңдаған күз, ап­пақ қарды омбылатқан қыс пен аң-құс, жа­нуарлардың тірлік тынысы таңғалды­ра­ды балдырғанды. Жер мен көкті жалға­мақ боп жанталаса өрмек тоқыған өрмек­шіні құрылыс десе құлшынған сәулет­шіге ұқсатады, айнаға кеп шашын тараған кірпінің, сірә, өз түрінен шығар, тыжырынып қалатыны, шалшық көрсе теңіз бе деп шошитын тұрқы ұзын, көрікті керік, балаларды қаппайтын ақылды күшігі Ақтабан, едірейген құлағы елең қағып тұратын қоян, үй арқалап жүрген тасбақа, қанатты тышқанға ұқсайтын жарқанат, шегінуді білмейтін кенгуру, мүйізін тасқа тіреп, түрлі сальто жасайтын арқар, жат дыбысты аяғымен қағып алатын шегіртке, түсі суық, тілі улы жылан – бәрі дайын сурет.

Кітап кейіпкерлерінің еркелігі, тен­тектігі тыйылып, әжелері айтқандай, бірте-бірте «адам бола» бастайды. «Жеті жасқа толғаным – ептеп жігіт болғаным» деп, сөмкесін арқалап, мектепке жиналады. Бір-біріне ұқсамайды: ешкім жоқта үйінде айғайлап ұрандатқан «Дарын нет­кен ұялшақ, бере алмайды бір ән сап»; ұйықтап сабағынан қала беріп, шолжаң Кеңес; ата-әжесін әбігер ғып, дәптері мен қаламын таппай, «сабақ жоқ еш сана­да, көңілі ауған далаға, мінезі жаңғалақ» Қасен; шітірейіп тұрғанымен мұры­нын сүртетұғын орамалы жоқ Нұрым; «Р»-ды айта алмағанымен, синонимге тілі бай тапқыр Жанайдар; ауылдың тұнып тұрған қазына екенін көрген қалалық бала Абыл; байқамай сүрінген қартқа жүгіре жетіп, құлатпай ұстап қалған қайрымды Қабыл; «бүлдіріп ап бірдемені, тымырайып үндемейтін» Данияр; автобуста өтірік ұйықтап, қартқа орын бермейтін Разақ; аңғал бала Медет; теледидарға таңылып, сабақ оқымай екі ала беретін Дидар; «Көше кезіп сабылған, тентек еді не қылған», бұл – Сабыржан; түсінде көрген кәмпитті ояна сала іздеп әлектенген Тәттімбет; қажетін мектепке барарда ғана іздейтін салақ бала Айна­бек; есіл-дерті ойынға ауып, сабақ оқы­майтын, «дала кезіп далақтаған» Далақбай; жүрген жері қиғылық, жылар құлақ тұндырып, бақырауық Бапан; қылышын сүйреткен қыста тымақсыз жүріп, «тамағы да ісінген, құлағы да үсіген» жалаңбас Қасымбек; саусақтары майысқан, қимылына, ебіне, ел таңдан­ған ісмер қыз Айжан; әжесінің қолға­наты Гауһар; қармақты да, ауды да бұ­рын көрмеген, судағы балықты қолмен шап беріп ұстауға әрекеттенген қонақ бала Ерәлі; «білімге еш құлқы жоқ, оқитын да сұрқы жоқ» Сәрсенбай; жоқтан сылтау тауып, жылай беретін, мінезі шатақ Жұмабек; үзілісте қоқаңдап, сабақтан бір бесі жоқ, неше рет «екі» алғанын да айта алмай, партаның ең соңына тығылып, «мойны төмен салбырап, қал­жырап» отыратын Қанат – түрлі мінез, түрлі әре­кет, іс-қимыл, тынымсыз қоз­ға­лыс бары­сында әрқайсысының бет-бей­несі дараланып, жағымды, жағымсыз қылық­тарының аясында жақсылық, әдептілік, білімге құлшыныс белең алады.

Автордың ақыл-кеңесі де мезі ет­пей­ді, баланың қабылдауына жеңіл: «Айна­лайын түлек, Өскін бойды түзеп. Жасы үлкенді сыйла, Кішіге ет ізет». «Ерке құлыны», кейіпкері де есейіп, бәрін де оқып үйренуге тырысады, Отанын көзі­нің қарашығындай сезініп, ұстазын ардақ­тайды, арманы да асқақтайды. Сау­сақ, башпайларына қарап, есеп құрас­тырады. Бір-бірімен жарасып бара жат­қан ата, бауырларын қосып, логикалық есеп жұмбаққа айналдырады. Бөлменің әр бұрышындағы бір-бір мысықтың санын есептейді. Бұлтқа еніп, көрінбей қалған күн де алаңдатады балақайды.

Осының бәрі оның ішкі сұранысы­ның көбейіп, айналасына елгезектік­пен қарауына, көріп білген сайын сауал­дардың да күрделеніп, жауап іздеп, «Тап­тым оның айласын, Ұқтым оқу пайдасын. Ақтарайын беттерін, Кітаптарым, қайдасың?» деп қазіргі кездегі ең ма­ңызды мәселені еш дабырасыз алға тартады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз, ең алдымен, жастар­ды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», деген аталы сөзі бәріміздің есімізде. Оқитын ұлтқа айналып, бала­қайлар­дың кітапқа сүйіспеншілігін қа­лай оятамыз дегенде, түйткілдің бір ұшы оларға арналған шығармалардың мейлінше табиғи, шынайы, ойнақы, ұтқыр, ұтым­ды, өміршеңдігіне келіп тіреледі. Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» кітабында мұның бәрі бар. Басынан соңына дейінгі бөлімдер өзара логика­лық үндестікпен бір-бірін толықтыра жалғастырады.

Сәт сайынғы кедергі, бөгеттен ын­тымақ пен бірлік қана құтқарады екен. Піл мен маймыл күш сынасқысы кеп, бір-біріне дес бермей, даурығыса дау­лас­қан­да, «Ормандағы ақылман, Үкі мүл­гіп отырған. Қуысынан еменнің тап болып­ты ол тосыннан». Ширақ мешін мен маң­ғаз піл зулай жөнеліп, мақтанады. «Бағ­а­сын сен бересің. Үстембіз біз қайсымыз, ­Айт­шы анығын, төрешім?». Қуысынан әрең түскен үкі тасып жатқан өзеннен өтіп, алма теріп әкелуді тапсырады. Үкі уәжі­не көнген екеуінің сын сәттегі бір-біріне көмектесуге мәжбүрлігі оқыр­манын да қызықтыра еліктіріп, автордың сюжет құрудағы тапқыр­лығы көз алдыңа дайын­ мультфильмді елестетеді. Диалогтері мен баяндауы нақты көрініске құрылып, мазмұны шынайы өмірмен байланыса «Ақыл – айла-амалсыз сырап болар жалаң күш. Қол ұстассақ бәріміз, Топтасқан ­бір қо­ғамбыз» деген қағидаға жетелейді.

Болатпен ұзақ жылдар балалар басылымында қатарласа қызмет еттік. Ісіне тиянақты, адал да әділ, білімі көл-көсір, кәсіби деңгейі биік, қаламы ұшқыр, ойы терең, ұдайы ізденіп жүреді. Осы қасиеттерінің одан әрі шыңдалып, кемеңгерлікке бет алғаны оның биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Тәуелсіздік деген не?» жинағынан анық байқалады. Қазіргі балалар әдебиетіне қосылған елеулі еңбек. Көне заманнан жеткен балаларға қатысты жыр, ертегі, аңыздар сарынын, Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсен­биев, Жақан Смақов басқа да көрнекті қаламгерлердің ізденістерін жалғастыра отырып, өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырған Болат Үсенбаевтың «Тәуел­сіздік деген не?» атты жинағы Мемле­кеттік сыйлыққа әбден лайық. Ең бас­тысы – жас оқырмандар­дың бас алмай оқитын сүйікті кітабы, балабақша тәрбиешілерінің, бастауыш сынып мұғалімдерінің күнделікті пайдаланатын әдістемелік құралы. Ұстаз­дар қауымы­ның зерттеу нысанасына, оқырман­ның іздеп жүріп оқитын авторына айнал­ған Болаттың балаларға арналған туындылары ұдайы тәжірибе­­лік айналымда. Ең бастысы, балалар әде­­биеті мемлекет назарында.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері