Біріншіден, биржалар арасында реттеуші және салықтық арбитраж болмауы керек, өйткені бұл кейбіреулер үшін басқаларға қарағанда бәсекеге қабілетті емес артықшылық тудырады. Екіншіден, Мемлекет басшысы биржаларды біріктіру нұсқаларын пысықтауды тапсырды, бірақ реттеуде келісім болса, қандай жағдайда бірігуге болатыны туралы жоспар әлі нақтыланған жоқ. Үшіншіден, қор нарығында инвесторлардың негізгі табысы дивидендтерге емес, компаниялар құнының өсуіне негізделеді. Сондықтан құн өсіміне салық салынбауы маңызды. Демек бұл тұстар нарық заңына қайшы келеді. Ал 5 пайыздық мөлшерлеме өте орынды.
Бөлшек сауда салығы бойынша айналымды 500 млн теңгеге дейін қысқарту және B2B сегменті үшін ұлғайтылған бөлшек салықты енгізу туралы бастаманы да қолдауға болады. Бұл жүйе бизнестің бөлшектенуі және ірі бизнестің салық төлеуден жалтаруына жол бермейді. Жалпы, мен B2B сегментіндегі ШОБ үшін жеңілдіктерді алып тастауды және оларды тек бөлшек саудаға қалдыруды құп көремін. Өйткені ұзақмерзімді перспективада бизнестің бөлшектенуі бюджет кірісіне ғана әсер етіп қоймайды, сонымен қатар орта компаниялардың ірі сегментке өтуіне кедергі жасайды. Сол себепті дұрыс өзгерістер болып, ел бюджетінің тапшылығы мәселесін шешіп, қалыпты салық жүйесін құру үшін кез келген дұрыс бастамаларды қолдау қажет.
Қазіргі салық реформасы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы түсімдерді арттыруға бағытталған. Негізгі өзгерістер көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға және салық салу базасын кеңейтуге арналған. Салықтық әкімшілендіру және ол тәуелді болатын факторлар – қазір баспасөзде ең көп талқыланатын тақырып. Бізде қазіргі реактивті, яғни салықтық тексерулер мен айыппұлдар арқылы әкімшілік бағытқа басымдық береді. Салық органдарының субъективті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін айтарлықтай тетіктері бар. Cалықтық әкімшілендіру тек тексерулерді ғана емес, сонымен қатар басқа да маңызды аспектілерді қамтиды. Салық неғұрлым қарапайым және түсінікті болса, соғұрлым оның міндеттемелерін орындаудан жалтару қиынырақ және оны басқару немесе жинау оңайырақ болады. Өйткені олардың әрқайсысы күрделі есептеулер мен құжаттық дәлелдемелерді талап етеді.
Салық негіздерін оқытуды мектептен бастау, сондай-ақ салық міндеттемелерін орындау қажеттігін түсінуге бағытталған түрлі білім беру іс-шарасын өткізу маңызды. Проактивті білім беру болашақта салықтан жалтаруға тырысатын адамдардың санын айтарлықтай азайтады.
Бізде белгілі бір салаларға, компанияларға және аумақтарға арналған көптеген салық жеңілдігі бар. Мұндай жеңілдіктер салықты оңтайландыру тетіктерін құруға ынталандырады. Бізде мұндай арбитраж көп, ал жаңа салық кодексінде одан да көп. Жаңа кодексте ұсынылып отырған жаңалықтарды негізге ала отырып, бірнеше мысал келтіремін: Мысалы, фитнес-клубтар желісі бір заңды тұлғада тіркелген және олар жалпы салық режіміне жатады және барлық салықты төлейді. Жақын жерде фитнес-клуб желісі ашылып жатыр, олардың әрқайсысы жеке заңды тұлғада тіркелген және әр клубқа барлық жеңілдігі бар арнайы салық режімі қолданылады. Нәтижесінде, бұл бірінші компанияның да бөлінуін ынталандырады, әйтпесе бәсекелестіктен жеңіліп, банкротқа ұшырайды, өйткені салық ауыртпалығы әр алуан.
Салық үдерістерін автоматтандыруға келер болсақ, бұл бағытта жүйе құру маңызды және біздің еліміз бұл мәселеде алға жылжыды. Мысалы, ESF жүйесі – әлемдегі ең озық үлгілердің бірі. Мұны аванстық жүйеге көшкен кезде экспорттық компанияларға ынталандыру ретінде пайдалануымызға болады. Автоматтандыру үлкен деректерді талдауды жақсарту үшін де оң ықпалын тигізеді. Салықтық деректер тек салық жинау үшін дерек көзі ғана емес, сонымен қатар несие қабілеттілігін бағалау, экономикалық белсенділікті талдау, қаржылық есептілік үшін өте құнды ресурс ретінде танылған.
Жаңа Салық кодексі аясында салық жинау тек салықтық бақылау мен автоматтандыру шараларын күшейту арқылы ғана емес, сонымен қатар салықтық түсіндіру институтын енгізу арқылы да қамтамасыз етілуге тиіс. Саланың дамуы салық жеңілдіктерінің есебінен емес, тең бәсекелестік ортаның арқасында жүзеге асады. Бәсекелестік неғұрлым көп болса, соғұрлым компаниялар бәсекеге қабілетті болады, өнімділікті арттыруға ынталана түседі.
Ғалым Құсайынов,
сарапшы