Сатира • 19 Шілде, 2024

Сиырдың сыры

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Сиырдың сыры» дедік пе? Ағыл-тегіл айтайын.

Сиырдың сыры

О баста, қай заман, қай ғасыр екені белгісіз, біз де жабайы күн кешіп, тағы боп тау-таста күнелтіппіз. Тағылық тірлі­гімізден хабарымыз жоқ, әйтеуір күндердің күнінде қолға үйретіліп, адам ақылының арқасында соның қарамағына өтіп, төрт түлігінің санатына қосылып, «саналы» тірлікке көшіппіз ғой.

Тарихта нем бар, тірлігімді айтайын.

Қазір қожайынымнан «қашып шы­ғып», тау-таста жартылай жабайы күй кешудемін.

Әне бір заманда, кең қолтық кергіген кезеңде – мен ғана емес, ертеңге еренсіз болып бүткіл жұртшылық ашық-шашық шалқыды емес пе?

Басқада нем бар, өзіміз таң қылаң бере керіліп-созылып түрегеп, бұзауға иіліп, қожайынның сауып, сыпыра бұйда жіптен босатқаны сол, уайым-қайғысыз талтаң басып тау-тас етегіндегі өрісімізге кете баратынбыз. Ойхой, сол кездегі сенікі-менікі делінбеген далиған даланы ойласам – мүйізім сырқырайды, емшегім сыздайды.

Несін айтайын, жекеменшік келіп, өріс тарылды, желке жүн жығылды емес пе.

Қожайын да қауқарсыз, нарық заманына ілесе алмай – ел қатарлы тірлігін түзей алмай, бұрынғы өріс атаулы қолды болып, біз баяғы кешкілік келіп жетіп күйіс қайырып түнеп шығатын қорадан күндіз-түні шыға алмайтын халге жеттік. Қолға қараған күнді дұшпаныңа берсін. Жекеменшік жері жоқ қожайыныңның барынан жоғы...

Қожайыныма жаным ашиды. Айтпай келген аласапыран заманда азып-тозды десем болады.

Бәрі сатулы, жем жемегелі қашан, берген шөп-шолаң, кәшек-пәсекті талғажау етеміз. Бәрі құрықталып, ішіп жүрген ағыл-тегіл судың сұрауы болғанда суалып кете жаздадым.

Қиындықтан ашатұяқ атаулы айырбас­талып, бағым – сүтімнің ар­қасында белі қатаймаған бұзауымның көз жасы болып дін аман жүріп жатқаныма тәуба деймін.
Өстіп жүргенде өкіметтен «сауып отырған сиыры бар үй әлеуметтік кө­мектен қа­ғыл­сын» деген «қа­ра­қа­ғаз» шығып шал­­­қамыздан түсірді емес пе? Сондағы әлеу­мет­­тік көмекпен іл­­далап отырған қо­­жа­йы­ным­ның кү­­ңіренген көз жа­сын көрсең...

Не істейін, тұлапайы шық­­қан басқа төрт түліктен әу­лиемін бе, көресімді көрейін, маң­дайыма жазылғаны болар деп, қора ма­ңында апыл-тапыл қам-қа­рекетсіз ойнақ салып жүрген бұзауыма қарап қабырғам сөгіледі, денем түршігеді.

Құдай оңдап, қожайыным қимылға көшіп, бір түнде мені бұйдалап алып жетектеп, қазіргі күндіз панам болған тау-тастағы үңгірден бірақ шығарды.

Бір күн ешқайда аттап шығармай үңгірде қамап отырып, қас қарая қос уыс жемін беріп, жетектеп сыртқа шығарып, айналайын тау-тастың шөп-шүйгініне жайылтып, мөлдір бұлақтан суғарып, таң сыз бере үңгірге қайта кіргізіп, алақан жайып менің амандығымды тілеп, көл-көсір сүтімді сауып алып жөніне кетті.

Қанша ақымақ саналсақ та, жал­мауызға да жан керек, қожайынның айтқанымен жүріп-тұруға үйренген басымыз – күндіз аттап шықпай күйіс қайырумен боламын да, түнде жортуылға шығамын.
Қожайыным да қу, таң сыз бере үңгірге оралсам – қос уыс жемін ұсынып күлімдеп сонда күтіп отырады. Қайтейін, қожайынға үйренген басым, оның үстіне қорада қалған бұзауыма бола иіліп-иіп, сүтімді ағыл-тегіл ағытамын.

Қожайын да біледі, тау-тастағы қасқыр бастаған қарақшыларды ескеріп, өткенде мүйізімді қайрап үшкірлеп, келесіде артқы екі аяғыма тигенін тіліп түсер таға орнатып берді.

Қамқорлығына ризамын. Ол да «Сиыр сипағанды білмейді» дегенді ұмытып, көндіккен, үйреткенін лезде ұғып алған менің үсті-басымды сипалап, бір уақ тазалап, тарап та қояды.

Сөйтіп, ағыл-тегіл іш-жемнің ортасында жартылай жабайы тірлік кешудемін.

Бұрынғыдай емес, қоңданып семіріп келе жатқанымды сезе­мін. Оныма қо­жайын да риза.

«Қоңдансаң, күзге аман-есен барсаң. Ол уа­қытта қорадағы бұзауың да сүт­тен шығып санатқа қосылады. Біздің де түп-түгелді сатып, қала маңына кө­шіп кетер мезгіліміз де болады» деген пи­ғылын да сеземін.

Менің де: «Аман-есен күзге жетіп, қожайы­ным­нан бұрын бір түнде қорадағы бұзауымды ертіп әкетіп, мұндағы үңгірді талақ етіп, тау-тас­тың ықпыл-жықпылын артқа тастап, сонау қияндағы арқар мекен еткен маңға барып толық жабайы күн кешсем» деген пиғылым бар.

Берік САДЫР