Яғни бұған дейін шекара шегінен аса алмай жүрген ұлттық күресімізді алты құрлыққа апарды. Оған дәлел мынау: 2005 жылы Төкеевтің тегеурінді тұяқ тіреуінің арқасында жеке шаңырақ көтерген қазақ күресі 12 жылдың ішінде (2017 дейін) 8 әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогі, 3 Еуропа біріншілігін өткізіп үлгеріпті. Расында, жоғарыдағы жарыстарды өткізу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Мұның сыртында сонау қиырда жатқан Бразилия елінде қазақ күресінен кадеттер және жастар арасында құрлық біріншілігін ұйымдастыру, Оңтүстік Африка республикасында екі дүркін қара құрлық чемпионатын өткізу оңай ма?!
Кітапта жоғарыдағы спорттық іс-шаралардың барлығы айтылып, жазылған. Құндылығы – осында. Яғни кейіпкерді білетін, тәлімін үйренген, қапталдасып үзеңгі соғыстырып бірге жүрген шәкірттері мен жора-жолдас әріптестерінің жүрекжарды естеліктері топтастырылыпты. Әсіресе өзінің ағайын-туғандары мен әпке-бауырларының жүрексөзі таза бұлақтың қайнарынан үзіліп түскен мөлдір тамшыдай. Мысалы, Төкеевтің туған апайы Ұлдықыздың естелігінде: «Қазақта әке балаға сыншы» деген бар емес пе, бірде әкей маған: «Балам, ерте кезде біздің жауырыны жер иіскемеген Қайыпберді деген батыр-балуан атамыз болған екен. Мына Серік інің сол атасы сияқты. Батырды ел мақтайды, жұрт жақтайды, сөйтіп ақылынан адастырады. Бұған көз қырыңды сала жүр! Бұл балаға Алла Тағала науадай қылып несібе берген. Бұл пердемен туған бала», деді».
Егерде туындыны бір ғана тұлғаны мақтау-мадақтау мақсатында құрастырылған дүние десеңіз, қателесесіз. Мұнда тәуелсіздік жылдарындағы қазақ күресіне деген жанашырлық һәм ұлт ұпайын түгендеу жолындағы жеке тұлғаның жанкешті еңбегі туралы біле аласыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл шығарма Төкеевтің жеке тұлғасы арқылы бір дәуірдің саяси-психологиялық ахуалы мен ұлттық күрестің мұраты жолындағы күрделі оқиғалар тізбегі іспетті.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, туындының негізгі құндылығы – тілеулестер лебізінің тоғысуы. Бұл стиль заманауи сұранысқа ие. Өйткені мұнда бір адамның көзқарасы емес, кейіпкер туралы қалам тербеген 48 адамның әртүрлі пайымы, түсінігі, ұғымы, пікірі сіңірілген. Кітапты құрастырушы қазақ спортының шежіреші-журналисі Қыдырбек Рысбекұлы осы жолды дұрыс таңдапты. Яғни бұл тәсіл – кейіпкердің болмысы мен әрекетін толық ашып, түсіндіре алатын бірден-бір амал. Кітаптың ұтары да осында. Сондай-ақ көлемі 340 беттік туынды тамаша суреттермен безендірілген. Әрбір фото – бір-бір тарих. Қазіргі таңда әлеуметтік ортада «көзбен сезіну» дейтін психологиялық ұғым пайда болды. Тәпсірлеп айтқанда, фотодеректер арқылы көзбен оқу, түйсікпен сезіну. Дәл бұл стиль мына кітапқа сіңірілген.