Әдебиет • 19 Шілде, 2024

Тарих қаһармандықтан ғана тұрмайды

451 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жошы – қазақтың ішіне түскен дерт. Жошы – қазақтың жолына біткен серт. Қалам-хат ұстаған қауым сол екі шектің шырғауынан шыға алмайды. Ал осы дұрыс па?

Тарих қаһармандықтан ғана тұрмайды

Дулат Исабековтің «Бөрте» драма­сындағы гуманистік идея жошытануда жаңа бағытқа жол ашты. Өз тарапымыздан оған «лиротрагедия» деген анықтама бердік. «Бөрте» – трагедия емес, лиротрагедия!

Лиро-эпостық жырлар жанымызға жақын. Трагедия тарих болса, лиро – өнер. Көптеген ұлы шығармалардың жанры трагикомедия деп аталатыны бекер емес. Кәнігі драматург қойылым басталғаннан кейіпкерлерге іш тартқан көңіл күйімізді ұмыттырып, өнер деген сиқырлы дүниенің күйдіріп-жандыр­ған көркемдік әлеміне күмп бергізеді. ­Мұны тәптіштеп айтып отырғанымыз­дың себебі бар.

Тарихи тақырып біз үшін пафосқа айналғалы қашан. Кеңестік цензура басқаға тыйым салса да, пафосқа кең­шілікпен қарады. Сахнада еденге қа­далған қылыштың дірілдеп тұрғаны сияқты пафостық детальдармен де айтарын айтып қалған ағалар-ай дейсің. Бір кезде осыған да тебірендік!

Бірақ көне сүрлеуді шиырлай беру ешқандай даңғылға бастамасы бел­гілі. Думан Рамазан да мұны түсіну үшін біраз шығармашылық жолдан өтті. Кенесарының басын іздегенде, ол да біраз сентименталды көңіл күйге түсті. Әрине, бұл журналистік, публицистік жол болатын.

Меніңше, Думан драмаға тақырып­ты ішінен біліп, жаны ауырып келді. Қарғадайынан Кенесарының басын іздеп жүріп, небір шындықтың бетін ашты. Қараса тарих қаһармандықпен қоса қып-қызыл қан да екен.

Бізде бір бағыттың басында тұру үшін тұлға болып мойындалу керек. Бұл тұрғыдан Думан Рамазанды Дулат Исабеков арқылы ашуға тура келеді. Иә, Думан да – әлемге әйгілі хандық пен қаһармандық тақырыбын гуманистік идеяға бұрған қаламгер.

Біз қазір Жошыны тәуелсіз санамен жаза бастадық. Әйтпесе, әзелгі аңыз­да домбыраның шанағына қорғасын құй­дыратын Жошы хан еді. Кейін оны Жошыны өлтірткен Шыңғыс ханға теліп, ретке келтірген болдық. Ал шындығында бұл Шыңғыс ханға дейін де болған аңыз емес пе? Бірақ Жошының тарихынан әлгі аңызды алып тастасаң, талғажау етерлік ештеңе қалмайтын сияқты. Кешегі кеңестік саясат хандар тарихын осылай жалаңаштап тастады. Енді бұл тарихты немен байыту керек?

Міне, Думан Рамазанның таңдаған жолы – осы. Яғни тарихты пәлсапамен толықтырады. Осыншама кең кеңістікте хандық құру үшін оның философиясы болғаны ләзім. Мұны ұлы хан Жошы­ның басына жинақтау – ең ұтымды тәсіл. Думан драматург ретінде Жошының тағдырын аранға салмай, ұлы хандық­тың негізін қалаушы тұлға ретінде таны­туға күш шығарыпты.

Шынында да, Жошы мақсатына жет­пей өліп кетсе, өзінен кейін таққа мұра­герлік еткен ұрпағы қандай жолмен жүрер еді? Бүгінгі тілмен айтқанда, ұлы даланы ұрпаққа аманаттаған билік инс­титуты сол қалпында қалыптасар ма еді? Жошы соншалықты аурушаң, дімкәс, дәрменсіз болса, ондай адамның соңында не қалмақ?

Думан Жошыны қанқасапқа қарсы тұрған тұлға ретінде шыңдайды. Жошы осы болмысымен кәрлі тарихта ізгі жосын түзеді. Автордың драмалық шығармаларының бәріне осы ізгі жосын лейтмотив болып тартылған. Сон­дықтан да қаһармандықтан гөрі лиро­трагедиялық элементтерді көбірек ен­гі­зуімен тақырыпты көркемдікке жа­қын­дата түседі. Сол себептен де оның драмалық шығармалары «Абы­лай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ», «Қанат­талды» деп жалғаса береді. Осы себеп­тен де Дулат Исабековтен Думан Рама­занға дейінгі тәуелсіз санадағы дра­матургтердің жазып жүргені – трагедия да, трагикомедия да емес, өзіміздің жа­­ны­мызға жақын лиротрагедия! Дей­тұр­­ғанмен де оның биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Жошы хан» жинағының басқалардан қандай шығармашылық ерекшелігі бар деген сұрақ туары заңды.

Біріншіден, ата тарихымыздан сыр шертеді, хандар арқылы қазақ хал­қы­ның тағдыр-талайын баяндайды. Екін­шіден, тұтас дәуірдің кескін-кейпі мен шын­дығын сипаттайды. Үшіншіден, өзінше, өзгеше толғайды, нені және қалай жа­зу­ды біледі, тарихи тұлғалардың өмір жолын термелемейді, қажетті деп тап­қан, өмірлік мән-маңызы ерекше ке­зеңін тамыршыдай таңдап алып, тұл­ға­лық қадір-қасиетін толық сипаттап жет­кізеді. Төртіншіден, «тарихты тұл­ға­лар жасайды» демекші, тарих жаса­ған, елге, ұлтқа, халыққа қалтқысыз қыз­мет еткен, мемлекетті құрған, қа­лып­тастырған, дамытқан, елдік пен тәуел­сіздік үшін күрескен ұлы көсемдер жө­нінде ғана қалам тербейді. Бесіншіден, кейіпкерлердің характерлерін ашуға, образдарын даралауға шебер, көркем бейнелер қай жағынан болсын бір-бірлеріне ұқсамайды, өзінше дара, өзгеше кейіптейді. Алтыншыдан, тек тарих қана емес, қазақтың этнографиясын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, таным-түсінігін, өмір сүру салтын, тыныс-тіршілігін көрсеткен. Жетіншіден, мен білетін Думанның мінез-құлқында өтірік айту, бірдеңені бұрмалау, бұра тарту жоқ, сондықтан шығармалары да шынайы, шындыққа суарылған. Сегізіншіден, тарихилық қана емес, шеберлік пен көркемдік тұрғысынан да мінсіз, тартымды, қызықты, жып-жинақы жазылған. Тоғызыншыдан, бәрі де ойға құрылған, аз сөзге көп мән-мағына сыйдыра біледі, оқып отырғанның өзінде түрлі ойларға жетелеп отырады, оқып болған соң да сол күй мен әсерден арыла алмайсыз, астарына ой тастап кетеді. Оныншыдан, тарихи оқиғаларды кескіндей отырып, бүгінгі күнгі жағдаяттарды қозғайды, болашағымызға бағыт-бағдар сілтейді. Жошы ханның, Керей мен Жәнібек­тің, Абылай мен Кенесары хандардың алдында тұрған елдік мәселелер әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Яғни өткенді бү­гінмен астастыра суреттегісі келетіні де түсінікті. Өткен күннің оқиғаларын айта отырып, бүгінгі күнге ескерту жасайды. Тарихи шығарма бүгінмен астасып жатқанда ғана өзекті, мәнді, маңызды болмақ. Құны да сонысымен өлшенбек. Драматург жазған тарихи драмалардың ел сұранысына ие болып, көптің көңілінен шығуы мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуінде де осындай құпия-сыр жатыр.

Рас, ата-баба тарихын қорғау керек, осы бағытта монолиттік, пафостық шығармалар жазу керек, бірақ өнерді де қолдау керек емес пе? Өнерде алдымен өнердің мүддесі биік тұрса ғана бұл салада өркениетке бет бұрамыз. Егер маған дауыс бергізсе, мемлекеттік сыйлықтың әлем әдебиетіне бейімделген туындыларға берілуін қолдар едім. Бірі аға, бірі дос, тағы бірі төл шәкіртім болып келетін үміткерлер ішінен лайықты дегендерінің бәріне де осы шартты қояр едім. Ал Думанды бөлектеп отырған бір себебім, Шерхан Мұртазаның Қайым-Мұнар Табеевке Желтоқсан, Рақым­жан Отарбаевқа Арал тақырыбын аманат­тағаны сияқты оған мен бас редактор кезімде Кенесарыны табыстаған едім. Думан Жошы хан, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Кенесары линиясы бойынша бұл аманатты адал атқарып, тәуелсіз елдің жаңа бір биігіне көтеруге дейін жеткізді. Думан Рамазан Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық!

Қазір Жошы тақырыбын қайта қау­зау­шылар да көбейді. Себебі Жошы – қазақтың ішіне түскен дерт, Жошы қазақ­тың жолына біткен серт қана емес, Жошы өзекке түскен өрт те болып отыр. Тек ол өзекке түскен құрт болып жү­р­месін деңіз!..

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК