Жетісу өлкесін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр. Тегі Суан руынан шыққан. Әкесі Аққабақ елге сыйлы би болған». Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Хамит Мадановтың «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» атты кітабында Сатай батыр Ұлы жүздің бас батыры екендігі нақты жазылған. Он екі томдық «Қазақ энциклопедиясының» 11-томының 373-375-беттерінде де осы дерек айтылады. 1734 жылы Қазақ елі мен Ресейдің қарым-қатынасы жөніндегі хаттамаға Ресей патшайымы Анна Иоанновна мен Ұлы жүздің ханы – Жолбарыс, бас биі – Төле би, бас батыры – Сатай батыр қолын қойып, мөрін басқан. Бұл тарихи құжат та мұрағатта сақтаулы.
1740 жылы қырық жастағы Сатай батыр қазіргі Панфилов ауданындағы «Жаркент-Арасан» шипажайынан жеті шақырым төмен орналасқан Доланқара жотасының айналасындағы бес мың жасағының жүзін алдырып, Қорғас өзенінен Ілеге қарай түсіп, Қазақ елінің шекара бекетінде болып, бүгінгі Пенжім ауылынан төрт шақырым қашықтықтағы Шұбарағаш тоғайына жетіп тоқтайды. Осында шағын ғана жүз жасағымен түнеген Сатай батыр: «Жасақтарым, осы жерден екікүндік қашықтықтағы менің бес мың жасағым әскери жаттығуын өткізіп жатқан Доланқарадан сендерді арнайы жұмысқа шұғыл түрде алдырдым. Сендер айналасы он күннің ішінде Қашама жолын тастан қашап, Қазанкөлден алда болатын алапат су тасқынының жолын бекітіп, Қорғас-Арасанды аштыруда қажырлылықпен еңбек еттіңдер. Бүгін осы Шұбарағаш тоғайында дем алыңдар», дейді.
Осы Шұбарағаш тоғайын 1960-1980 жылдары Калинин атындағы ұжымшар басшылары түгелімен шаптырып, ағашынан қоралар салып, тоғайдан ашылған жерін жүгерілі алқапқа айналдырған.
Әлгі оқиға болар алдында Сатай батыр түс көріп, түсінде Қашама жолын тастан қашап жасағанын, Қазанкөлден халыққа төніп тұрған қатерлі апат су қаупін, Қорғас арасанының емдік қасиеттерін халықтың қуаныса пайдалана бастағанын көріпті. Бұл көрген түсі жайындағы әңгіме Суанның болысы Сатай Мұқаға бабаларының айтуымен жеткен. Мұқа болыс Сатай батыр туралы көрген түсін қазақтың белгілі ақыны, өзімен бірге қытайдың түрмесінде отырған Таңжарыққа 1945 жылы айтып берген. Таңжарық оны қытайдағы қазақтардың басылымы «Іле газетіне» жазыпты. Бұл дерек «Egemen Qazaqstan» газетінің 2023 жылғы 21 сәуірдегі нөмерінде баяндалды.
Сатай батырдың осы Шұбарағаш тоғайында жүз жасағымен бір түнеп шыққанын қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттеп, сұрастырып біліп, нақтылап жазыпты. Енді ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Шығыс Түркістанға саяхат күнделігі» атты ғылыми жазбасына назар аударайық. 1856 жылғы 2 тамыз күнгі осы жазбасында Шоқан:
«Үсек өзеніне жетіп демалайық деп айтты... Шайдан артық шөл қандыратын ешнәрсе жоқ. Аллаға шүкір!», деп жазады. Ал 1856 жылы 3 тамыз күні Жаркент қаласын қалдырып, кезінде Сатай батыр түнеген Шұбарағаш тоғайына сауда керуенін бастап тіке тартады, Пенжім ауылынан төрт шақырым төмен орналасқан Шұбарағаш тоғайына жетіп түнейді. Осылайша, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Сатай батырдың ерлігі мен асыл қасиеттері өзіме жұғысты болса екен деп Шұбарағашқа түнеген. «Ұлыларды ұлылар алыстан таниды» деген дана сөз де осыдан шықса керек.
Сатай батыр мен Шоқан Уәлиханов түнеген Шұбарағаш тоғайы бұл күнде жойылып кеткенімен, сол тоғайдың орны жетпісінші жылдардан бері жүгерлі аймаққа айналып, халықтың ырыс-берекесіне зор үлес қосуда. Осы Шұбарағаш тоғайы орнына өсірілген «ЗПСК» сортты жүгерісінің әр гектарынан 140 центнерден өнім жиналып, сол кездегі Калинин атындағы ұжымшарды миллионер шаруашылыққа айналдырды. «Ат аунаған жерде түк қалады» деген. Ұлылар түнеген жер шаруашылықты миллионер атандырды.
Шұбарағаштан бой көтерген Калинин атындағы ұжымшардың 1985 жылғы еңбек көрсеткіштеріне мұрағаттың нақты мәліметтері де дәлел. Ауыл мәдениеті жөнінде көптеген жылы пікір айтуға болады, Мәдениет үйі, аурухана, тұрмыс қажетін өтеу комбинатының және құрылыс материалдары зауытының филиалы, байланыс бөлімшесі, орта мектеп, азық-түлік және өнеркәсіп дүкендері бар. Мәдениет үйінің жанындағы «Шаттық» ансамблінің өнеріне аудан көрермендері дән риза. Өнерлі жастардың талабын ұштауға шаруашылық басшылары әрқашан қамқорлық жасап келді. Мәдениет үйінің жанында әртүрлі үйірме жұмыс істеп келеді. «Шаттық» ансамблінің мүшелері Х.Аманбаев, Т.Сраждинов, И.Мұсаев, Р.Вагаповалар жыл сайын жүгері жинау науқаны кезінде қырмандарда, егін алқабында болып, еңбекшілерге өнерлерін көрсетіп келеді. Сондай-ақ осы маңдағы Ават, Төменгі Пенжім селоларының бейнелері де өзгеріп келеді. Ауыл тұрғындарының алаңсыз еңбек етуіне, дем алуына бүгінгі күн талабына сай жағдай жасалған.
Шоқан «Шығыс Түркстанға саяхат күнделігі» деген жазбасында: «Шынында да айналаның бәрі құм мен тас, тым болмаса бір тал шөп болсашы, тіпті үй тіккендей таза орынның өзін төңіректі түгел барлап, қанша іздесек те таба алмадық», дейді. Ал енді бүгін ауданымыз қандай өзгерді десеңізші. Оның көрікті жерлері, сәнді салынған құрылыстары қаншама.
Ш.Уәлиханов Ақкент қаласынан шыққаннан кейінгі жазбасында: «…Шаһардан шығып алты шақырымдай жүрген соң, түнер жерімізге жетіп тоқтадық та, шай ішуге кірістік. Біздің кісілеріміз шаһардан, қарбыз, қауын, алма сатып ала шыққан екен, енді соларын жеп рахаттанып отырды», дейді «Шығыс Түркістанға саяхат күнделігі жазбасында».
Сатай батыр мен ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов түнеген Шұбарағаш бүгінде танымастай өзгерді. Біздіңше осы тарихи орынға бір белгі-тақта орнату қажет.
Садық Жұмабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі