Тұлға • 19 Шілде, 2024

Өресі биік, өрісі кең

249 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Мен мақаламды тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы, өзім байқаған, қоғам бойындағы келеңсіз көріністердің бірінен бастағым келіп отыр. Жазушылар одағының екінші хатшысы болып келген кезім. Қызметке жаңа келген адам не нәрсені де тезірек білгісі, тезірек ұққысы келіп тұрады ғой. Көз қарақты, құлақ түрулі. Сондай күндердің бірінде құлағыма жастар еліміздегі қазіргі жағдай туралы пікірталас өткізгелі жатыр екен деген хабар тиді. Жиналып шұғыл бардым. Жиын енді басталғалы жатыр екен. Аудиторияда кілең жастар. Бәрі де елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаулы екені көздерінен көрініп тұр. Көп ұзамай негізгі тақырыпқа көшті.

Өресі биік, өрісі кең

Жұқалтаң бір жігіт мін­беге көтеріліп, суды­ратып сөйлей бас­тады. Жастар жетекшілерінің бірі екені көрініп тұр. Шық­қан бойда ол кешегі зұлмат заманды, коммунистік қоғамды іреп союға кірісті. Дұрыс-ақ. Әсіресе қазақты қан жылатқан ком­му­нистік қоғамды бұтарлап сындырып, қалай айтуға да болады. Ол Құдайсыз қоғамның иманнан, ардан жұрдай екені белгілі ғой. Сөзшең жігіт екен. Айтарын төгіп-төгіп ақтарған ол ақырында коммунистік қоғамды сынап қана қоймай, коммунистерді мүл­дем жою керек, оларды қоғамнан бір­жола аластау керек дегенге дейін барды. Оның бұл сөзіне жастар қатты елігіп, қолдарын соқты.

з

(Өтешқали Атанбаев, Нұртас Оңдасынов және Бауыржан Момышұлы. Алматы, 1946 жыл)

Менің еріксіз орнымнан тұ­руыма тура келді де, мінбеге бардым. «Айналайын, інім, сен жақсы сөйледің. Дұрыс айттың. Енді ол қоғам келмеске кетсін. Бірақ мен коммунистерді мүлдем жою керек деген сөзіңе қарсымын. Онда біздің де сол қатыгез қоғамнан айырмашылығымыз болмайды ғой. Сонда біз жақындарымызды, туған-туысқандарымызды, әкеле­ріміз бен ағаларымызды, елдің басы-қасында жүрген, сөздеріне бүкіл ел құлақ салатын адамдары­мызды қайтеміз? Олардан бас тарту деген өзімізді өзіміз тірідей жерге көму ғой. Шынын айтқанда, еліміздегі қарапайым адамдар да, әйгілі азаматтардың көбісі де өз еріктерімен коммунист бола қойған жоқ. Мәжбүрледі. Ал бе­делді, белгілі азаматтарымыз коммунист болмаса өз пікірін де, елдің сөзін де айтатын мүм­кіндігі болмайтұғынын білді. Сол үшін амалсыз коммунист болды. Мәселен, қараңдаршы, өздерің қатты қадірлейтін, тіпті пір тұтатын Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мыр­за­лиев және басқалардың бәрі де – коммунистер. Сонда сенің талабың бойынша соларды да жою керек пе? Онда біз қалайық-қаламайық қанішер елге айналамыз ғой. Өзімізді өзіміз құрта­мыз ғой. Одан да ел болып бірі­гейік, жұрт болып топтасайық», дедім. Зал сабасына түскендей болды.

Мен мұны неге айтып отырмын? Айтып отырған себебім – өт­кеннің бәріне күл шашатындар әлі де бар. Осымыз дұрыс па? Сол қатыгез, қатал заманның өзін­де де, халқының қамын ойлаған, ұлтының болашағын сақтап қалуға өзін құрбан етуге даяр азаматтар болды ғой. Мәселен, Тәшеновтің өзін ғана алайықшы. Ол өзінің жанкешті ерлігінің арқасында елдің, жердің тұтастығын сақтап қалды ғой. Оның сол ерлігі болмаса, қазіргі күніміз не болар еді? Әрі қарай ел боламыз ба, ел болмаймыз ба деген тағдырымыз екіұшты болып қалар еді. Сондықтан да оның есімі тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды.

Сол заманда, бұрын да, одан кейін де ел қамын ойлаған азаматтар, Құдайға шүкір, болды. Солардың бірі, сөз жоқ, Нұр­тас Оңдасынов дер едік. Ол – Хру­­щевтің қоқан-лоққысынан бұ­­ғып қалмастан қайта-қайта қар­сы шыққан адам. Ол Хрущев­тің тың көтереміз деген сөзіне орай «Тыңды көтерейік, оған қар­сы емеспін, ол үшін ашаршы­лық жылдарында шетелге ауып кет­кен қазақтарды шақырайық, со­сын көтерейік», дейді.

Сондай-ақ республиканың қырық жылдығы тойланып жат­қан­да, орта тұста отырған Оң­да­сыновқа келіп: «Оңдасынов, сен үнемі Өзбекстанға үш ауданды беруге қарсы болушы едің, ертең қол қойылады, ол аудандар беріле­ді», дейді. Сонда Нұртас орнынан аспай-саспай тұрып «Мен Үкімет басында отырсам, әлі де қарсы болар едім», деп қатқыл жауап береді. Осы бір сәтке куә болып отырған Д.Қонаев естелігінде: «Банкет­тің ортасында Хрущевтің көңіл күйі бұзылып, кетіп қалды», деп жазады. Осындай текетірестердің әбден жетіліп, кемеліне келіп тұрған шағында, яғни 58 жасында Оңдасынов зейнеткерлікке шығарылады.

Көріп отырғанымыздай, Нұр­тас Оңдасынов – қашанда өз мүд­десінен гөрі ел мүддесін жоға­ры қойған адам. Сол кездің өзінде-ақ ол Хрущевтің тың игеру нау­қаны қазақ еліне аласат қауіп, орасан зиян әкелетінін білген еді. Шынында да, солай болып шықты. Оның зиян-зардабын әлі күнге тартып келеміз ғой.

Тыңды игеруге ешқандай тия­нақты жоспар да, жүйе де бол­ған жоқ. Қазақ жерінің астын үстіне шығарып, қара жерді қақы­ратып жырта берді, жырта бер­ді. Осындай озбырлықпен, өк­темдікпен басталған ол жұмыс елдің берекесін кетіріп, құтын қашырды. Ауылдар да, адамдар да азапқа түсті.

Біз оқып жүрген кезде жоға­ры оқу орнындағы студенттерді астық жинауға алып кететін. Біз де бардық. Қостанайдың Жітіқа­ра деген жеріне түстік. Бірақ қазақ­тар жоқтың қасы. Басым көпші­лігі басқа ұлттар. Мен сияқты кілең қазақтардың ортасында өскендер, Қазақстан болған соң, сөз жоқ өз қандастарын іздейді ғой. Қазақтар көзге түсе қоймаған соң, сол жерде тұратын біреулерден сұрастырып көрсем, біз істейтін жердің желке тұсында шағын ауыл тұр екен, сол жақты меңзеді. Бір үзілістің кезінде сол жаққа кеттім. Шағын ғана ауыл. Бұл жерде де қазақтар жоқтың қасы екен. Дегенмен бір ақсақалды кездестіріп әңгімеге тарттым. Алғашқыда ол мені сенімсіздікпен қарсы алды да, сөзімнің нобайын ұққан соң бірте-бірте шешіле бас­тады. Айтып отырса, көрмеген құқайлары жоқ екен. Тың игеруге алып келгендердің ішінде небір сұмпайы сұмырайлар, абақтыдан шыққандар, бұзықтар болыпты. Бізді тек орнымыздан көтеріп, қоныстарымыздан айырып қана қойған жоқ, бізге зор­лық-зомбылықтар да жасалды. Күн көрсетпейтін жағдайға жеткізді. Мек­тептер бірінен соң бірі жа­­был­ды. Балаларымыз қазақша мек­тептен қол үзді. Өзіміз­дің қазақы болмысымыз, әдет-ғұрпымыз аяқ­асты болды деп әлгі ақсақал көзіне жас алып, қамықты. Әлгі зарды естігенде менің ішім алай-дүлей боп, зығырданым қайнап, ор­нымнан тұрып кеттім. Бірақ қайте­міз, қолдан келер амал жоқ.

Алғашқы жылдары Қазақ­станда 6,5 миллион гектар жер жыртылған. Оны аз деген­дей, болашақта 20-30 миллион гек­тар жер жырту керек деп қау­лы шығарып қойған. Сол 1956 жыл­­дың өзінде-ақ қоныс аудару­шы­лардың саны 650 мыңға жеткен. Бұл дегеніңіз бір елді тұтастай озбырлықпен басып алу ғой.

Қайран елім, қайран қаза­ғым-ай! Не көрмедің сен! Күні кеше ғана қолдан қасақана ұйымдасты­рыл­ған ашаршылықты басың­нан өт­керіп, содан кейін қуғын-сүргін­ге түстің. Ашаршылық жылда­ры адамдар миллиондап қырыл­ды. Қуғын-сүргін кезінде еліміз көзі ашық, көкірегі ояу асыл азамат­тарынан айырылды. Соғыс жылдарында көрген тауқыметтері­міз­дің өзін айтып жеткізу қиын. ­Енді ­тың игеру науқанын асығыс бас­­тап еліміз бен жерімізді ту тала­­қай етті. Әрине, сол кездің өзінде, со­дан кейін де қарсы бол­ған ешкім ­жоқ. Бірақ ол ғылыми сараптама­лар­дан мұқият өтіп, сонан кейін ­жүйе-жүйесіне түсіп барып игерілуі керек еді.

Олар өздерінің әріде жатқан арам ойларын шұғыл түрде іске асырғысы келді. Яғни қазақ­тың же­рінен қазақтарды мүлде алас­тап немесе оларды тезірек тілі мен ділінен сырт айналдырып жібермек болды. Нағыз басқыншылық саясат. Бас­қыншылдық үрдіс. Олай демей не дерсің, сол тың игеру жылдары 2 миллион адам кө­шіп келіп, қазақтардың саны 30 па­йызға төмендеп кетсе. 200-ден аса селолық, аудандық кеңестер­дің аттары өзгертіліп, өзге тілге ­ауыстырылса.

Мақаламыздың бас жағында оның зардабын әлі тартып ке­леміз дегеніміз осы деуге болады. Әлі күнге дейін байырғы қалпына келтіре алмай келеміз. Тіпті тың өлкесінің бірінші хатшысы Т.Соколов деген Ақмола қаласының атын Хрущевград деп атайық деген ұсыныс жасаған. Әйтеуір ол ұсыныс әупіріммен өтпей қалды. Бірақ ол қаланың аты бәріміз білетін Целиноградқа ауыстырылды.

Қазақстан Үкіметін аса ауыр жылдары, яғни 1938-1951 жылдары 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасынов атына шаң түгілі то­заң қондырмай, адал да, әділетті ­басшы бола білді. Тіпті 34 жасында ел тағдыры қолына тиген Оңдасынов даңдайсып та, мен­мен­сіп те кеткен жоқ. Оның бойын­­да пайым мен парасат, жігер мен қайсарлық, білім мен іскерлік, ­сабыр мен табандылық бола білді.

Соғыс жылдары бәріміз біле­тіндей Қазақстанның бойына аса ауыр жүк түсті. Ол жүкті қайыс­пай көтеру керек болды. Ресей­ден адамдармен бірге көпте­ген өнді­ріс орны көшіп келді. Олар­ды орналастыру, жедел түрде іске қосу, сөйтіп өнім шығару айтар ауызға оңай болғанмен, шын жүзеге асыру оңай болып па? Сол соғыс жылдары Қап тауынан ауған жұртты, кәрістерді, тағы басқа ұлт өкілдерінің орнығуын, жұмыс ­бас­тап кетуін үйлестіру де қы­руар шаруа ғой. Осылардың бәріне ­ол уақыт таба білді. Бірінен соң ­бі­­рін жүзеге асыра білді.

Солай бола тұра Нұртас Оң­да­сынов елінің қамын, әсі­ре­се рухани өмірін көзінен бірде-бір рет таса еткен жоқ. Дүниежүзілік со­ғыс жүріп жатса да, елінің ертеңін ойлай білген ол Опера және балет театры мен Ғылым академиясы­ның ғимаратын тұрғызды. Алғаш Ғылым академиясы ашылған кез­де Оңдасыновтың күмістей таза ­болсын деп уыстап күміс теңге­лерді шашқанын көп ғалым әлі күнге дейін тамсана айтады.

Ол Ғылым академиясының буыны бекіп, аяғынан тұрып кетуіне де көп күш жұмсады. Ака­демияны басқаратын адамды да Оңдасыновтың өзі тапты. Ол бірде газеттен Қ.Сәтбаевтың екі мақаласын оқып, оның білім­ділігіне, арғы-бергі жайларды зер­делеп, ғылыми жүйеге түсіріп сөйлейтініне тәнті болған-ды. Көп ұзамай оның өзімен кездесіп, ­оған деген ықыласы бұрынғыдан да беки түсті де, ақырында өзі бас болып ғұлама ғалымды тиісті орын­дардың бәрінен өткізіп, ака­демияның президенті етті.

Сондай-ақ бүкіл Орта Азияда жоқ Қыздар педагогикалық инс­титутының, консерваторияның және басқа да көптеген білім орда­сының ашылуына тікелей ық­пал еткен де осы Н.Оңдасы­нов болатын. Соғысқа байланыс­ты орта­лық киностудиялардың Алматыға көшіп келуімен қазақ­ша фильмдер дүниеге келді. Біз­дің ­бұл сө­зімізге күмән келтіре­тін­дер ­де болар. Олай болса бұл факті­лерді дәлелдеп, дәйектеп бе­ретін құжат­тар Нұрекеңнің ар­хивінде сақтаулы тұр. Кез кел­ген уақытта барып танысулары­ңыз­ға болады.

Сол жылдары қанқұйлы со­ғысқа қарамай, қазақтың Мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының тынысы ашы­лып, репертуары кеңейе түсті. Мұ­қан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамиди­дің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Дударай» опералары қойылды. Олардың бәрі бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарымыз, олармен біз бүгін де мақтанамыз, рухани дәріс аламыз. Олар бүгін де жүріп жатыр, ертең де жүре бермек.

Ал балет өнерінің дамуы­на үлкен үлес қосқан, соғыс бас­тал­ғаннан бері Алматыда тұрып жатқан атағы жер жаратын Галина Уланованың есімін ардақтауға әбден болады. Ол балет өнерінің өресін биіктетіп, өркенін жайып кетті. Оның сол еңбегін жоғары бағалаған Қазақ Үкіметі Қазақ КСР-інің халық әртісі атағын бер­ді. Ал Опера және балет театры­ның ғимараты біткен кезде Нұртас Оңдасынов сөз сөйлеп, елдің зор қуанышын тебірене жеткізді.

Ал бүгінгі таңда елімізде кең таныс Хакімжан Наурызбаев­тың өнерге қалай келгенін көп адам білсе керек. Оны да ауылда саз балшықтан әртүрлі бейне­лер жасап жүрген жерінен сонау Харьковқа оқуға жіберіп оқы­тып, ақырында бәріміз мақтан тұтатын Абай ескерткішін дүниеге келтіру деңгейіне дейін өскен даңқты мүсіншіге айналды. Оған да Нұртас Оңдасыновтың тікелей ықпалы болғанын қалай айтпасқа?

Нұртас Оңдасынов ел ішін­де қабілетті адамдарды іздеп тауып,­ олардың жолын әрқашан ашып отырған. Бірде Ленин­град­қа барғанда жас инженер Д.Қонаев­ты кездестіреді. Оны­мен пікірлесіп, көптеген тақырып­ты қамтып сөйлеседі де, қабілет-қарымына, біліміне тәнті болып, көп ұзамай оны өзінің орынбасары етіп жұмысқа алады. Осы қызметті ол он жыл бойы атқарды. Өзінің естелігінде Д.Қонаев «Біз Оңдасыновтың ұстаханасы­­нан шыққанбыз», деп мерейлене жазған.

Ауыл шаруашылығы сала­сында да қыруар істер тындырылды. Олардың бәрін жіпке тізіп айта берсек, әңгіме ұзаққа кетеді. Сондай-ақ фашистерден азат етіл­ген елді мекендерге ақшалай, заттай көмек көрсетілудің өзі – жеке әңгіме. Соғыстан әбден қалжы­рап шыққан Қазақстан оларға қол­ұшын беруден танған жоқ. Соғыс жылдарында түсті металлургия зор қарқынмен дамып, әлі күнге біз­дің экономикамыздың күретамы­ры болып келеді. Бұған қоса Ер­тіс – Қарағанды, Арыс – Түркістан, Мырзашөл каналдарының салынуы да еліміздің дамуына үлкен серпін берді деп айта аламыз. Ал Мойынты – Шу теміржолының салынуын Н.Оңдасыновтың өзі де мақтан тұтып айтатын үлкен шаруа болды. Оның бүгінгі таңға дейін экономикамыздың өсіп-өркендеуіне ықпал етіп отыр­ғанын жасыру күнә болар еді.

Не нәрсенің де байыбына бармай, үлкен қателіктер мен кем­шіліктерге ұрындыратын шешім шығаратын ұрда-жық оспадар Хрушевтің кезінде Н.Оңдасы­нов жұмысынан аластатылып, көп ұзамай Гурьев облысына жіберілді. Ол алдымен Гурьев об­лыстық атқару комитетінің төрағасы, содан кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Ол бұл қызметтерді де абыроймен атқарып шықты деп айта аламыз. Әрине, оған бұл абырой оп-оңай келе қойған жоқ. Ол табан ақы, маңдай тердің, тайсалмас жігер мен қайсарлықтың, жан-жақты білімнің арқасында келгені сөзсіз.

Кезінде онжылдықты бітірген бойда бүкіл республика бойын­ша мал бағамыз деген үндеуге қосы­ла кеткен мектептер аз болған жоқ. Одан Маңғыстаудағы оқушы­лар да тыс қалмапты. Тек Оңдасы­нов қана Үкіметтің мұндай парық­сыз қаулысына қарсы шығып «Мал болса, малды баға-тұғын адам табылады, балаларды оқулары­нан қалдырмаңдар», деп батыл шешімге келген. Солардың ішінде бүгінде қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев бар болатын. Содан да болса керек, ол өзінің естелігінде Нұртас ағаны зор құрметтеп, сыйластықпен еске алады.

Әбіш Кекілбаев сол бір кез­дерді былайша еске алады: «Н.Оң­да­сы­нов барғанға дейін өздері­нің кадрлары жоқ деп, бригадр­лік­тен жоғары қызметтерге шеттен келген еді. Нұртас Дәндібайұлы дәл сол кадрларға қу тақыр аймақтан барлық шаруашылық, өнеркәсіп, мәдениет қызметкерлерін, ауылдарын, аудандарын, қалаларын түгелдей өз мамандарына бас­қартып қана қоймай, кейін рес­публикалық, одақтық дәрежеде танылған білікті басшыларды тәрбиелеп өсірді. Алыс вахтадағы бұрғышылар, отарлардағы шопандардан бастап елдің естияр азаматтарын түгел танып білді. Араларында болып, ақылдасты», деп тебіренеді. Шынында да, бұл сол өлкеден шыққан Әбекеңнің шын тебіренуі болатын.

Ел қашанда кімді болсын еңбегіне қарай бағалайды, ат­қарған жұмысына қарай құр­мет көрсетеді. Жұмыстан босап, Мәс­кеуде тұрған кезінде келесі жылы оны бір облыстық жиынға шақырғанда осы өңір халқы туған әкелері тіріліп келгендей ағыл-тегіл қуанады. Әрине, мұны өз көзімен көрген туған інісіндей болып кеткен Сағидолла Құба­шев әдемі әңгімелейді. Нұрекеңе сөз берілгенде жұрт орындарынан дүркірей көтеріліп тұрып алды. Отырыңдар десе де отырмайды.

Мінбедегі Нұрекеңнің өзі қолын бұлғаған ишарасынан кейін барып зал тынышталып орындарына отырады. Енді Нұрекеңнің тамағы құрғап, үні шықпай қа­пелімде аузына сөз түспей ұзақ кі­діріп қалады. Ол кісінің қатты қо­балжып тұрғанын көрген ха­­лық орындарынан тұрып қайта­дан ­дуылдатып қол соғады. Қа­шан Нұ­рекең өз-өзіне келіп, сөзін ­бастап кеткенше орындарына отырмайды. Нұрекең сөзін бітіргеннен кейін әлгі көрініс үшінші рет қайталанады. Осындай көл-кө­сір ризашылыққа риза болған Нұрекең соңынан «Атыраулықтар бүгін мені алтын бесікке салып тербетті ғой», депті. Әрине, елдің құрметі мен сүйіспеншілігінен артық дүниеде награда жоқ қой.

Нұрекеңді жұрт соншалықты неге құрметтеді? Оған да өзі жауап береді. «Біріншіден, қанша қиын кездерде ел басқарсам да, ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ, арым таза. Екіншіден, ешкімнен пара алған емеспін, қолым таза. Үшіншіден, ешқашан ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін, жүзім таза».

Нұртас Оңдасынов барлық жерде де аса қадірлі, зор құрметке ие болған. Оның ойымен, пікір, ұсыныстарымен санасып отырған.

Атақты қолбасшы, бүкіл қа­зақ халқының намысын бойы­на жиған Бауыржан Момышұлы әлі жазылмаған, бірақ жазылуға тиіс шығармасының нобайын Нұрекеңе жіберіп, ол кісіден пікір күтеді. Ол хатында былай деп жазады. «Одну из ненаписанных глав своей рукописи в плане я назвал «Благородные традиции казахского народа воспитывающие боевые качества в джигите», в личном письме к Вам, как старшим братом хочу поделиться с Вами набросками этой главы. 1. Әдет және әдеп; 2. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі; 3. Ұлы өссе, ұлы жақсымен, қызы өссе, қызы жақсымен ауылдас болғын; 4. «Тексізден тезек артық», «Арсыздан айуан артық»; 5. «Жаным арымнан садақа»; 6. «Өлімнен ұят күшті; 7. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді».

Әрине, біз Баукеңнің бұл хатына Нұрекеңнің не деп жауап­ бергенін білмейміз. Әңгіме он­да емес. Әңгіме оның дүние­та­ны­мының кеңдігінде, ұлтының болмыс-бітімін терең білетінді­гінде болып тұр. Содан да ғұлама деген Баукеңнің өзі пікір сұрап, хат жазып отыр.

Нұрекеңнің адамгершілік бол­мыс-бітімінің жан-жақты екені­ соншама, бір кезде берген уәдесі­нің үдесінен шығу үшін уақыт өтіп кетсе де, ұмытпайды екен. Cаламат Мұқашев ол туралы былай деп жазады. «Бір күні Нұрекең телефон шалып: «Шырағым, менің Атыраудан кеткелі арқалап жүрген борышым бар еді, соны өтесең қайтеді», деді де: «Атырауда Раушан деген қобызшы болды ғой, оны өзің де білетін шығарсың. Ол оркестр ұйымдастырып, қыздарды тәрбиеледі, оған құрметті атақ беруге уақыт жетті, соған ықпал етші», деді. Мен бірден ол кісінің айтқан аманатын орындауға іске кірістім. Көп ұзамай Раушан «Республикаға еңбегі сіңген мә­дениет қайраткері» атағын алды», дейді.

Оның сонымен бірге мәдениеті өте жоғары болған. Оған Сағидолла Құбашевтың мына сөзінен кейін көзің жете түседі: «Менің Қазақ­стан Компартиясының екінші хатшы­сы болып тұрған кезімде Нұрекең Алматыға келді. Мен ол кісіні қонақүйдегі абыр-сабырдан аулақ болсын деп үйіме жатқыздым. Күтуші әйел бар. Жұмыстан кейін кешке қарай екеуміз отырып өткен-кеткенді айтып, ұзақ әңгімеге көшеміз. Бірер күннен кейін Нұрекең әлгіндегі әңгімені үзіп: «Сәке, (көбіне мені осылай атайтын) мен сенің қабылдауыңа жазылам, қашан, қай уақытта қабылдайсың?» деп отыр. «Нұреке-ау, қандай қабылдауды айтып отырсыз, осы жерде айта беріңіз», деп жатырмын. «Жоқ, шырағым, кеңсеге барып айтуым керек, сонда ол құндырақ болады», деді. Не керек, ол кісі сол кездесуде туған аулына көмек сұрай келген екен... Кейіннен ол ауылдың жағда­йын жақсартуға бірқатар жұмыс атқарғаным рас».

Менің бұл жерде айтайын дегенім, ол кісі кезінде Үкімет басында отыра тұра менің ауы­лым деп оған жұрттан бөлек көңіл бөлмегеніне еріксіз риза боласың.
Ол өзінің өмірінің соңғы жиырма жылында да қарап жатпапты. Сол жылдары қадау-қадау

«Арабша-қазақ­ша түсіндірме сөздігі», «Парсы­ша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Араб текті қазақ есімдері» сияқты еңбектер даярлады. Бұл мұралары да ұлт руханиятының елеулі ұстыны дей аламыз.

Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты