Айтпақшы, фабрика жұмыртқамен қатар, электр энергиясын да өндіреді. Еліміздегі жалғыз биогаз стансасы арқылы өндірілген энергия қуатын өндірісте пайдаланады. Кәсіпорын тауықтың қиын осылай кәдеге жаратып отыр. Мұның технологиясы да қарапайым. Барлық құс қорадан жиналған қи стансаның бункеріне жеткізіледі. Бұдан әрі күмбездің астындағы ферментаторға өтіп, су қосылып, белгілі температураға қойылады. Одан кейін май секілді шайқалады. Қоймалжың қоспадан газ өндіреді. Газдың құрамында 85 пайызға дейін метан болады. Ферментатордан шыққан газды генератор мазут секілді жағып, электр энергиясына айналдырады. Фабрика алынған қуатты «KEGOC» компаниясына да сатады, өздері де пайдаланады. Қи мол болса, энергия көлемі де арта түспек. Қазір сағатына 650-750 кВт өндіріп жатыр. Күніне 150-160 тонна қи жағады. Ферментаторларға шөккен шөгінді де пайда әкеліп отыр. Диқандардың сұранысы жоғары. Олар егістікке, бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде пайдаланады.
«Биогаз стансасының арқасында қоршаған ортаны ластауды тоқтаттық» дейді станса қызметкерлері. Яғни қиды бұрынғыдай сыртқа төкпейді. Төңірекке тарайтын жағымсыз иіс те жоқ.
Қалдықсыз өндіріске ден қойған кәсіпорын жарылған жұмыртқаны да, өлген құсты да лақтырмайды. Дүкендерге барар жолда жарылған жұмыртқаны қайта қабылдап алып, цехта ұнтақтайды, сосын қапқа салады. Сөйтіп, жұмыртқа ұнтағын дайындайды. Мұны мүлде бұзылмайтын өнім десе де болады. Кондитер фабрикалары тұтынады. Өлген құсты әуелі кептіріп, сосын үгітеді. Алынған ұнтақты құс жеміне қосады. Бұдан жем құнары артады, тауық тез қоң жинайды екен.
Кәсіпорында сағатына 60 000 дана жұмыртқаны құрайтын «Анаконда» жұмыртқасын жинау желісі орнатылған. Осының арқасында құс қорадан шыққан жұмыртқа бірден жұмыртқа қоймасына, жұмыртқа сұрыптау машинасына түседі. Онда жұмыртқа санаттар бойынша сұрыпталып, қапталады. Фабрика балапандарды өзі шығарады. Ара-тұра тұқымы өсімділерді Ресейден де алдырады. Өйткені олардың «хайсэкс уайт» тұқымы климатқа төзімді. Салмағы 2 келі болатын мекиендер 70 грамдық жұмыртқа басады. Сөйтіп, жылына 320 мыңнан аса жұмыртқа береді.
Ал осындағы құс фабрикасында тауықтарды қолдан ұрықтандырады. Жұмыртқаларды 30-35 күн инкубациялық машинада ұстайды. Мұндайдың тоғызы бар. Әрқайсысы 200 мың жұмыртқа сақтайды. Инкубатордан кейін балапандар 100 күн қорада күтіледі. 100 күннен соң жынысына қарай бөлініп, мекиендерді өндірістік аймаққа жіберсе, қораздарды сойып, дүкенге жөнелтеді.
Құс қораның барлығы нөмірленген, автоматтандырылған. Мәселен, №3 құс қорада 40 мың тауық тұр. Тәулігіне екі мәрте жем беріледі. Суы үздіксіз келіп тұр. Астын тазалау, жарық, жылу беру, желдету секілді жүйелері автоматты желімен басқарылады. Құс қорадағы дайын жұмыртқа конвейермен сұрыптау цехына жөнелтіледі. Салмағы мен көлеміне байланысты жұмыртқа 7 санатқа бөлінеді. Бұл жұмысқа осы цехтағы Наталья Мамраева мен Зарина Кушпет жауапты. Олар өндіре жұмыс істесе, күніне 700 мыңға жуық жұмыртқа сұрыптап, жәшіктерге салып, қоймаға жібереді.
«Бірнеше жылдан бері цехта жұмыс істеп келеміз. Жұмыс орнымыз жайлы, жылы. Жалақымыз уақтылы түсіп тұрады. Көңіліміз толады», дейді Наталья Мамраева.
Фабрикада 300-ге жуық адам еңбек етіп, нәпақа тауып жүр. Ауылдың жартысы осында жұмыс істейді. Облыс орталығынан, маңайдағы ауылдардан қатынап істейтіндер де бар. Кәсіпорын қолғабыс қылатын ауылдың жасөспірім балаларына да қаражат аударады. Тіпті фабрика басшылары мамандарды жастайынан тәрбиелеуге көңіл бөліп отыр.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы,
Құрма ауылы