Қателікті кешірмейтін жол қатынастарына қатысты деректерге үңілсең, төбе шашыңыз тік тұрады. Биыл жарты айға жетпейтін уақытта жол-көлік оқиғасынан Алматы қаласында 1 037 адам, Шымкентте 878 азамат зардап шеккен. Әсіресе Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарында жол апаты жиі орын алатын көрінеді. Бұған отандастарымыздың ережені ескермегенінен бөлек, тораптардың инфрақұрылымы секілді факторлар да әсер етіп отыр. Жиында алдымен салдармен емес, себеппен күресуде қолға алынған іс-шаралар айтылды.
– Жол қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының жүргізген талдауы зерделенді. Жүргізуші куәлігін алу емтиханына өзін-өзі даярлау тоқтатылды және «Автомектеп» ақпараттық жүйесі әзірленді. «Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметі электрондық форматқа ауыстырылды. Сондай-ақ көлік құралдарына газ баллон жабдығын қауіпсіз орнатуды бақылау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Көлік министрлігі таксилердің «Яндекс» және «Индрайв» ірі агрегаторларымен ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Оның аясында еңбек және демалыс режімін, такси жүргізушілерінің денсаулық жағдайын, сондай-ақ автомобильдің техникалық жай-күйін бақылау жүзеге асырылатын болады. Трассалық медициналық-құтқару пункттерін орналастыру және қайта орналастыру бойынша орындарды белгілеу әдістемесі әзірленді. Оған сәйкес ЖКО орындары мен жолдардың апаттық-қауіпті учаскелері Комитеттің апаттылық картасында бейнеленген, – деді Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай.
Басқосуға Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, министрліктердің бейінді ведомстволарының жауапты бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері, полиция департаменттері, облыстық прокуратуралар, Комитеттің аумақтық департаменттері, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның басшылары, сондай-ақ IT-компаниялардың өкілдері қатысты. Отырыс барысында ВАЖТ қатысушыларының ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылған жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша ұсынымдардың жаңа пакеті сарапқа салынды. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбеков жол қауіпсіздігі саласындағы проблемалық және кешенді шаралар қабылдауды қажет ететін мәселелер туралы кеңінен айтып берді.
– Жол-көлік оқиғасының алдын алу, апаттардың салдарын барынша азайту мақсатында республикалық трассалар мен жергілікті автожолдарда қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру жөнінде бірқатар шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, уәкілетті органдармен бірлесіп автожолдарды тексеру, жол қозғалысын ұйымдастыруды өзгерту жөніндегі жұмысты жүйелеу, реконструкциялау және жөндеу жүргізіліп жатқан барлық жолдарда дайын учаскелерді ашу бойынша жұмысты жедел жүргізу, түнгі уақытта трассаларда апаттарды азайту үшін инновациялық «жарық беретін» жол белгісін пайдалануда шетелдік тәжірибені қолдануды пысықтау, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты бағдарлама қабылдау. Мәселен, Атырау қаласының сыртындағы трассаларда бұзушылықтарды заманауи фотобейнетіркеу жүйелерімен жабдықталған сәйкестендіру белгілері жоқ полицияның қызметтік автомашиналармен патрульдеу жұмысы сәтті сынақтан өтті. Осындай құқық бұзушылықтар туралы ақпарат автоматты түрде БП ҚСжАЕК ӘІБТ-нің Процессинг орталығына жіберіледі, ал құқық бұзушыға айыппұл туралы хабарлама келеді,– деді ол.
Басқосуда мұндай тәжірибені толық республикада сынақтан өткізу, сондай-ақ ҚСжАЕК-пен бірлесіп, жолдардағы бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының схемасын жасау кезінде «дрондарды» қолдану, Денсаулық сақтау министрлігіне Төтенше жағдайлар министрлігімен және ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп ЖКО-дан зардап шеккен адамдарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін жедел ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселесін пысықтау ұсынылды.
Қатысушылар отырысты түйіндей келе, барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өздерінің құзыреттеріне сай, республикалық және облыстық деңгейлерде апат деңгейін төмендетуге бағытталған нақты әрі егжей-тегжей іс-шараларды әзірлеуде бірлесе жоспар құруға уағдаласты. Ал комитеттің жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобы туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін орталық ретінде бекітілді.