12 Маусым, 2015

Мемлекеттік қызметке тың серпін беретін бастама

541 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қай кезде де сайлауға түскенде Тұңғыш Президентіміз ел елеңдей күтіп отырған ілгері басу мен жасампаздықтың жаңа қадамдарын жариялайды. Елбасымыз халыққа уақыттың сынына төтеп беретін, бүгінгі дәуірдің сұранысын қамтамасыз ете алатындай алыс және таяу жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Тың әрі серпінді қадам – 5 институттық реформа жасау қажеттілігін «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде ұсыну және Президент жанынан оны жүзеге асыратын Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құру арқылы ел дамуының жаңа көкжиегіне бағыт сілтеді. 

09062015-02

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұзақ уақыттық толғаныстан туған 5 институттық реформасы – заман талабы. Өйткені, заманауи мемлекет құру, қоғамымызда заңның үстемдігін арттыру, орнықты экономиканы көздейтін индус­трияландыру және экономикалық өсу, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру және ашық, транспарентті мемлекет құру бүгінгі әлемде болып жатқан сан түрлі қатерлерге жауап болары сөзсіз. Міне, осындай қадау-қадау реформаларды жүзеге асыру үшін Елбасымыз таяу жылдарға арналған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» белгіледі. Оны қазірдің өзінде әлемнің саяси сарапшылары маңызды шешім екенін мойындады. Расында «100 нақты қадам» бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары» деп бұқаралық ақпарат құралдарында атап көрсетілген. Елбасы ұсынған 5 институттық реформаның ең алғашқысы мемлекеттік қызметкерлер корпусын кәсіби және автономиялы етуге бағытталған. Бүгінде елімізде 99 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Заман талабына сай «А» және «Б» корпустары жасақталды. Атап айту керек, ТМД елдерінде мемлекеттік қызметтің мұндай түрге бөлінуі әлі қолға алынған да жоқ. Бізде бұл салада жүйелі жұмыс қалыптаса бастаса да, Елбасы оны одан әрі жетілдіріп, еліміздің ілгері дамуының ең басты кілті басқарушылық тетіктерде тұрғанын тап басып таныды. Өйткені, «нақты 100 қадамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Себебі, заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор. Осыдан 100 жылдай бұрын Алаш қайраткерлерінің бірі Әлімхан Ермеков былай деген еді: «Атқарушы хәкім (орысша: исполнительная власть) – халықтың бақташысы. Мұның халыққа жақын тұруының, баққан елмен жақсы таныс болуының, бар ойын, білімін, қызметін елге бергенде ғана халыққа қанша артық жақсылық екенін жазып та керегі жоқ». Шыны керек, «Мәңгілік Ел» идеясын ел санасына қалыптастыратын да, ілгері апаратын да мемлекеттік қызметкерлер. 5 институттық реформаны жүзеге асырудың алғашқы 100 қадамының кәсіби аппарат құрудан басталу өзегі өткен ғасырларда да қозғалғанын айтпасқа болмайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Алаштың бас­ты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің қазіргі жедел жаңғырту, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді», деп атап көрсетті. Осының өзі-ақ Елбасымыздың ғасырлар бойы Алаш армандаған, ел үміт күткен реформаларды тамырынан тап басып тани алатындығын айқын байқатса керек. Бұл оның тарихи тағылымнан ажырамаған ұлттық әрі әлемдік дәрежедегі сарабдал саясаткер, ел көшін бастаған елшіл кемеңгер екендігін айғақтайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Менің өз басым өмірлік еңбек жолымды институтта алған білімімді сол салада біраз уақыт атқарып, ауылдық әкімдіктегі қызметтен бастап, биліктің аудандық, облыстық, республикалық барлық баспалдақтарынан өткенімді және осы кезеңдерде үлкен тәжірибе жинақтағанымды әркез мақтанышпен еске аламын. Жас маманның алғаш басынан өткен қиындықтары, тапсырмалар мен сынақтар, әр баспалдақ сайын кездесетін кедергілер, қағазбастылық пен уақыт өлтірушілік – осының бәрі менің де басымнан өтті, көкейімде сайрап тұр. Әсіресе, 100 қадамдағы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өміршеңдігіне шүбә келтірмеймін. Өйтпеген күнде әлдебір «қоңырау шалулардан» кейін өмірден де, кәсібінен де тәжірибе жинақтап үлгермеген жап-жас азаматтың ұжым басшылығына тағайындалғанын көргенде таңдай қақпасқа амалың жоқ. Талапшыл, өршіл болып қызметті алып кетсе жақсы, керісінше ұжымды шашыратып, арыз-арманды көбейтіп, келелі іске қолбайлау болатынын қайтерсің. Мұндайда қазақтың бір арысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай: ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын» деген сөзі ойға оралады. Ауылдық, кенттік, қалалық әкім­дік­терде еңбек ететін қызметкерлер бұқара халықпен етене жұмыс істейтін, жұртшылыққа ең жақын адамдар болып табылады, былайша айтқанда, елдің барометрі іспеттес. Ол жергілікті жерде халықтың мұң-мұқтажын, үміт-назын терең түсініп, қоян-қолтық араласып, олардың мүдделерін көздеп, мәселелерін тап-тұйнақтай шешуі қажет. Әрине, ол үшін білім, кәсіби тәжірибе қажет-ақ. Бұрынғы мемлекеттік қызметші туралы заңдарда үш айлық сынақ мерзімі көзделген еді, ендігі қадамдарда 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі 3 және 6 айлық межелік бақылаудан өткізілмекші. «Бұлақ басынан тұнады» дегендей, бұл жас маманның жауапкершілігін арттыратын, өзі атқарып отырған қызметке деген тәжірибесін ұлғайтатын маңызды шара болады деп есептеймін. «Өзіңді есті адамдардың қатарына қосқың келсе, аптасына, айына, жылына есеп бер» деген Абай ғақылиясының бір үзігі осында жатса керек. Қызметке деген адалдық, еңбексүйгіштік, Отанға деген патриотизм – Елбасының мемлекеттік қызметкерлер алдына үнемі қойып келе жатқан осынау ұлы мақсаттарын үлкен кеңсе есігін алғаш аттаған жас маманның бойына сіңіру – «100 нақты қадамның» темірқазығы іспеттес. Жалпы мемлекеттік қызмет деген сөз әр елде әртүрлі ұғынылады. Батыс елде­рінің заңнамаларында мемлекеттік қызмет басқаша пайымдалады. Мәселен, АҚШ-та мемлекеттік қызметкерлерге бюджеттік қаржыдан ақы алатын кез келген қызметкер жатады; оларды «азаматтық» және «үкіметтік» қызметшілер деп бөледі. Ұлыбританияда барлық шенеуніктер, сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік ғылыми және ғылыми-техникалық мекемелерде істейтін адам­дар да мемлекеттік қызметкер ата­нады. Францияда мемлекеттік қызмет шенеу­ніктердің ғана ісі. Соған сәйкес, мем­лекеттік қызметшілер болып ең алдымен жариялы билікті иеленуші ретінде мемлекеттің барлық қызметшілері танылады. Германияда да шенеуніктер мемлекеттік қызметшілер болып танылады. Оларға өзге мемлекеттік қызметшілер де, мысалы, көмекші-техникалық функцияларды орындайтындар да жатады. Ал бізде олардың аражігі ажыратылған. 1995 жылғы 26 желтоқсанда қабыл­данған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң, шындығында, мемлекеттік қызметке арнайы арналған тұңғыш нормативтік құқықтық акт еді. Ол қазіргі кездегі қолданыстағы 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдармен одан әрі дамытылып, ауыстырылды. Аталған заң бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы мемле­кеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі сараланып көрсетілді. Ендігі міндет – мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсу. Осы жолда еңбекке ынталандырудың бір парасы ретінде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру болып табылады. Бұл 100 қадамның 5, 6-қадамында нақты көрсетілген. Алдағы уақытта мынандай өлшемдер қолданылмақшы: мемлекеттік қызметкерлер үшін – жеке жылдық жос­парларды орындау; мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындау; министрлер мен әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту, Үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторлар. Бұл дегеніңіз, белгілі мақсатқа, нақты нәтижеге қол жеткізу, былайша айтқанда, түпкі көзделген міндеттің орындалуы. Яғни, тұтас ұжым жұдырықша жұмылып, бір арнада жұмыс істей білу деген сөз. Бір мақсат бар жерде нәсіліне, жынысына, ұлтына, тіліне, әлеуметтік тегіне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарайлау болмайды, жерлестік, тағы да басқа бөлінушілік орын алмайды, өйткені, алар асу бір, меже де тұрақты. Әрине, жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы. «100 нақты қадамда» бұл жағы да ескерілген. Бұл әсіресе, бір жерден бір жерге қызмет ауыстырып баратын адамдар өмірінен байқалатын. Орталық – өңір, өңір – орталық немесе ауылдан ауданға, ауданнан облысқа немесе, керісінше, ауысқан кадрлар ұзақ жылдар пәтер жалдап, үй-күйсіз жүріп қалатын. Оның өзі қызметке, отбасына кері әсер етіп жататын. Атам қазақ бекер айтпаған: «Үйі жоқтың күйі жоқ, күйі жоқтың сыйы жоқ» деп. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде берілетін болады. Мұның өзі қызметкердің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатын жәйттар. Мемлекеттік қызметкерлер корпус­ының тиімді жұмыс істеуі олардың білім деңгейіне де байланысты. Әлем ғалымдарының айтуынша, жоғары оқу орнынан алған білім сол салада еңбек етпесе, 10 жылдан кейін ескіре, ұмытыла бастайды. Сондықтан үнемі жаңалықтармен қаруланып, өз біліміңді заманауи сұраныстармен үйлестіріп отырған жөн болмақшы. «100 нақты қадамда» бұл жағы да тәптіштелген. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұрақты түрде әр үш жыл сайын бір рет кәсіби шеберлігін арттыратын болады. Елбасы ұсынып отырған реформада мансаптық өсу мәселесі де өз орнын тапқан. Мәселен, «Б» корпусының ең жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жүзеге асатын болады. Мұның өзі меритократия қағидатының жүзеге асуы үшін алғышарт болып табылады. Ол кезде қызметкердің жеке басының үлгісі, қызметтегі жетістігі, қысқасы, барлық әлеуеті есепке алынатын болады. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың ең басты міндеттерінің бірі осында болса керек. 13-қадамда жемқорлыққа қарсы күрес­ті күшейту мәселесі көтерілген. Қазақ­станда сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша белгілі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қазіргі заман талаптарына сай құқықтық базасы құрылды. 1998 жылдан бастап «Сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді, 2005 жылы «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік қызмет­шілердің Ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Президентінің Жарлығына қол қойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес халықаралық тәжірибесін зерделеу бойынша үлкен жұмыс атқарылып, және оның негізінде орынды шаралар кеше­ні әзірленуде. Жаңарып, жасампаз іске негіз болатын Қазақстандағы мемлекеттік қызмет моделі осылай жаңарып, жасармақшы. «100 нақты қадамдағы» мемлекеттік қызметке қатысты 15 қадам жүзеге асатын болса, біз әлемдегі мемлекеттік қызмет үлгісі ең үздік 30 елдің қатарына қосылатын боламыз. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу, кәсіби талаптарды күшейту және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Елбасы сол кезде-ақ елді тиімді бас­қару үшін мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Бұл қасиеттердің түпкі мәні – жоға­ры моральдық жауапкершілік, кәсі­би білім, оны тәжірибеде қолдана білу, әділдік, адалдық, белсенді өмірлік ұстаным. Елбасы ұсынып отырған бұл рефор­малардың басты мақсаты мемле­кеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, бүгінгі таңда көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу сынды көптеген мәселелерді шешуге бағытталып отыр. «Мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет етудің синонимі». Бұл – 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаға Елбасы Н.Назарбаев енгізген басты қағидаттың бірі.

Аңсар МҰСАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.