Ғылым • Бүгін, 08:20

Тіл білімінің абызы

43 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Отандық ономастика саласының негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Телғожа 97-нің төрінде де қаламын қолынан тастаған емес. Ол 15 жасынан еңбек етіп, тылдағы майданға араласты. Мал дайындау мекемесінде есепші, бухгалтерлік соқпағы да – бөлек әңгіме. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығын алып шығады. Оқу ордасында Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Аманжолов, Ш.Х.Сарыбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Б.Шалабаев, Т.Нұртазин, Қ.Жармағамбетов, Н.Смирнова, М.Сильченко, С.Толыбеков, С.Бақшылов, Н.Әбішев, Ғ.Жармағамбетова сынды ғалым-ұстаздардың дәрісін тыңдайды.

Тіл білімінің абызы

Студент кезінен зеректігімен, көркем мінезімен көзге түскен жігітті профессор Сәрсен Аманжолов ғылымға баулиды. 2-курс­та оқып жүргенінде «Қазақ тіліндегі сан есімдер» атты тақырыпта зерттеу жүргізіп, ғылыми кеңесте баяндама жасайды. Ал 3-курста тақырып ауқымын кеңейтіп, студенттердің қалалық конференциясында «Түркі тілдеріндегі сан есімдер» атты баяндама жасап, жүлделі орын алады.

Институтты үздік бітірген жылы Жаркенттегі педучилищеге баратын болады. Алайда ұстазы С.Аманжоловтың кеңесімен Абай институтының аспирантурасына түседі.

1952 жылы Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ысқақов кiшi ғылыми қызметкерлікке шақырады. «Өмір белестері» атты мемуарында профессор М.Балақаевтың көзіне түсіп, «Орысша-қазақша тiл бiлiмi терминдерiнiң сөздігін» даярла» деген батасын алғанын жазады.

Телғожа Жанұзақ 1952 жылы қа­занда Ғылым академиясының сол кез­дегі президенті Дінмұхамед Қонаев­пен кездеседі. Болашақ ел басшысы жас ғалымның қабілетін жоғары ба­ғалапты.

Естелік кітабында ғалым: «70 жылдық ғылым жолындағы табысым мен бақытты өмiр жолым үшін осы Тіл білімі институты басшыларына, институт ұжымына, алдыңғы толқын аға ғалымдарға, бiрге өскен әріптестерім мен замандастарыма, ұлағатты ұстаздарыма борыштымын» деп жазыпты.

Профессор 1953-1954 жылдары тәжірибе жинау мақсатымен Ле­нин­град, Мәскеу қалаларында болып, танымал түркітанушылармен, әсіресе Ле­нинград университетінің профессоры С.Е.Маловпен кездеседі. Сергей Ефимович бо­лашақ ғылыми диссертация­сы та­қы­рыбын «Қазақ тiлiндегi есiмдер» деп алу туралы кеңес береді. Тақырыптың өте өзекті әрі күрделі екенін, жан-жақты біл­імді, ізде­ністі қажет ететінін, халық тi­лiнiң тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей байланысын ескерткен ғалым зерттеушіге «1) араб, парсы тілдерiндегi материалды пайдалану үшін сол тілдерде оқып, жаза білуің керек; 2) Орхон-Енисей жазуын бiлуің керек; 3) тарихи әрi этнографиялық ең­бек­тердi жетік меңгеруiң керек» деп үш түрлі шарт қояды. Сол кезде Тел­ғожа Жанұзақ А.Байтұрсынұлының төте жазуымен де, руна жазуымен де өзі­нің аты-жөнін жазып береді. Болашақ зерт­теушіге көңілі толған С.Е.Малов кітап­тарын беріп, күнбе-күн ақыл-кеңе­сін айтып отырған.

Телғожа Жанұзақ Ленинград қала­сында академик А.Н. Кононов, профессор А.К.Боровков, сөздік секторының мамандары, орыс лексикографиясының май­талмандары – А.П.Евгеньева, А.М.Баб­кин, Ю.С.Сорокин, С.Л.Баженова сынды ғалымдармен де кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдаған. Мәскеуге келген соң Н.А.Бас­каков, Н.К.Дмитриев, С.Г.Бар­хударов, С.И.Ожеговтермен кездеседі.

С.И.Бархударов қазақтың жас ғалы­мымен танысып-біліскен соң: «Поз­на­комтесь, со мной разговаривает казахский Ожегов!» дейді екен. Бір күні дәл осы сөзді әйгілі «Словарь русского языка» еңбегінің авторы С.И.Ожеговтің өзiне айтыпты. «Құдай аузына салған болар, Степан Григорьевичтің сол сөзі айнымас­тан арада 50 жыл өткен соң менің жалпы редакциясын басқарып, айтарлықтай тер төгіп, көп еңбектенуімнің нәтижесінде «Қазақ тілінің сөздігі» (50 мың сөз бен сөз тiркесi қамтылған, 774 бет) жарық көрді» дейді ағамыз.

Ғалымның ғылымдағы жолы әр­дайым даңғыл бола бермеген, кедергі-тосқауылдар да кездескен: кандидаттық диссертациясын 1959 жылы тәмамдап, 1960 жылдың басында талқылаудан өтіп қойса да, 1961 жылдың 28 желтоқсанында қорғауы, докторлық диссертациясы 1974 жылдың 7 ақпанында кеңейтілген мәжілісте талқылаудан өткенмен, 1976 жылдың 9 наурызында ғана қорғауы, 1989 жылы Ғылым академиясының ака­демиктері мен корреспондент-мү­ше­лерін сайлау барысында көп дауыс алғанмен, корреспондент-мүше бола алмай қалуы... Тіпті кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекітуде де кедергілерге тап болған.

Зерттеуші Мәскеу, Ленинград қала­ларынан оралған соң Ісмет Кеңес­баев­қа С.Е.Маловтың ұсынысын айтады. Үш айдан кейін Ғылыми кеңесте диссертациясының тақырыбы «Қазақ тілін­дегі кісі есімдері» болып бекітіледі. Бірақ осы тақырыпқа да қарсы шық­қандар табылыпты. Ғалым бұл жөнінде естелігінде қызықты етіп жазған.

Әлемге әйгілі ғалымдардан тәлім алған Телғожа Жанұзақ 1952-1980 жыл­дары Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Алма­ты, Жамбыл, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында диа­лектологиялық және ономастикалық ғы­лыми экспедицияларға қаты­сады. 1987-1988 жылдары филоло­гия ғы­лымдарының кандидаты А.Әбді­рах­манов, кіші ғы­лыми қызметкерлер А.Мектепов, Ш.Рахи­мовтарға басшылық етіп, Шығыс Қазақ­стан облысының Ұлан, Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарында ономастикалық ғылыми экспедицияда болып, жер-су, этноним, антропонимдерге қатысты материал жинақтайды. 1954 жылы А.Ысқақов, Ә.Ермеков, О.Құ­дышев, Ә.Хасеновтермен бірігіп «Қазақ тілінің орфографиялық ережесінің» жаңа нұсқасын жасап шығады.

50-60-жылдары «Орысша-қазақша тіл білімі терминдерiнiң сөздiгін», екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін», «Абай тілі сөздігін» құрастырушылардың қ­атарында болады. 70-80-жылдары 10 том­дық «Қазақ тілінің түсіндірме сөз­дігіне» автор және алқа мүшесі ретінде қатысады. 1999 жылы «Қазақ тілінің сөздігі» атты көлемді еңбектің жалпы редакциясын басқарды.

1989 жылы Министрлер кеңе­сінің жанынан Мемлекеттік ономас­тикалық комиссия құруға атсалысып, кейін Мемлекеттік ономастика ко­миссиясының ғалым хатшысы болады. 1990 жылы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның ережесін жазып, академик Ә.Қайдармен бірге 1991 жылы Қазақ КСР-індегі Мемлекеттік және әкімшілік-территориялық бірліктердің атауларын реттеу, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, гео­гра­фиялық атауларын қалпына кел­тіру­­дің тұжырымдамасын, 1993 жылы «Қазақ­стан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рет­теудің тұжырымдамасын» жазды. 1992-1998 жылдары Алматы қалалық әкімшілігіндегі ономастикалық комис­сияның мүшесі, 1995-2002 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ ономастикасы бойын­ша ғылыми зерттеу жобаларының жетекшісі, 1998-2008 жылдары Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның мүшесі, «Халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылы» бағдарламасын өткізу бойынша Ғылым академиясы тарапынан құрылған комиссияның мүшесі, 2000-2005 жылдары Тілдерді дамыту, терминология және ономастика мәселелері жөніндегі сараптама тобының мүшесі болды.

Ғалымның 1961 жылғы «Қазақ тілін­дегі кісі аттары» атты кандидаттық диссертациясы мен 1976 жылғы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясы – тіл білімінің классикалық еңбектері. 1991 жылы қазақ тiлi мен түркологияны дамытуға қосқан үлесі үшін «түркі тілдерінің профессоры» деген құрметті атақ берiлдi. Докторлық диссертациясына Мәскеу, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Башқұртстан ғалымдарынан келген пiкiрлер – отандық ғылымның абыройы деп білеміз.

Т.Жанұзақтың докторлық диссертациясына бірінші оппонент болған профессор А.Ысқақов: «Бұл жұмыс – түйіскен бірнеше ғылым саласының жетістігі. Мұны одақ көлемінде оқуға болады» десе, академик Ә.Марғұлан мен профессор Х.Арғынбаев: «Этнография мен тіл тарихының өзекті мәселесін қозғап, түркі, моңғол, тұңғыс қабаттарына бойлайды. Арғын, үйсін, абдал, албан, қаңлы, дулат, т.б. этнонимдерге тарихи-этимологиялық талдау жасайды» деп терең баға береді.

Тілші-ғалым Телғожа Жанұзақ – шебер аудармашы да. Ол орыс әдебиетiнiң классигі А.Куприннiң әңгiмелерiн, балалар жазушысы А.Гайдар мен В.Биан­­кидің шығармаларын қазақ тiлiне аударған. Ғалым 1959 жылы «Қа­зақ халық жұмбақтары» атты та­нымдық кітап та шығарған. Кітаптың алғысөзінде академик Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұмбақтарының жинақ болып, екiншi рет баспасөзде шығуы біздің әдебиетiмiз бен ғылымымызға қосылған құнды қазына екені даусыз. Еңбектiң осы басылуына лайықты қосылған жаңа жұмбақтарды және айтыс жұмбақтарды институттың ғылыми қызметкерi Телғожа Жанұзақов орындады», – деп жазған. Телғожа Жанұзақ 1964 жылы «Қазақ әдебиеті тарихы» ұжымдық еңбегінің – «Қазақ жұмбақтары», 1968 жылы профессор Н.С.Смирнованың тапсыруымен «История казахской литературы» атты монографияның «Казахские загадки» тарауларын жазды.

Телғожа Сейдінұлының ізденім­паздығына, қажымас қайратына тәнті болған ғалым, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов 1987 жылы Мәскеуден жолдаған бір хатында: «Көптен бері көре алмай, сағынған асыл інішек, Телеке! Ардақты халқымның «Інісі бар­дың тынысы бар» деген дана сөзі еске жаңаша қайта оралды. Хатыңыздан байқағаным, ерінбей көп творчестволық еңбек етіпсіз. Ол үшiн сiзге мың да бiр рахмет! Халық алдында толық жауап­кершілік пен тиянақтылық қызмет атқару барлық адамда бола бермейді. Ізденіс, еңбекқорлық – тек нағыз ғалымға ғана тән қасиет. Қарт ағаңыздың шын тiлегi осы қасиет сiзге лайым Қыдырдай серік болсын» деп жазғаны мәлім.

Телғожа Жанұзақ қазақ тіл білімінде соны жол тауып, ономастиканың түрлі салалары бойынша ғылыми еңбектер жазумен қатар шәкірт даярлау ісіне де ерекше мән беріп келеді. Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық, 15 канди­даттық диссертация қорғалды. Ғалым 1979-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде, 1992-1995 жылдары Абай атындағы мемлекеттік университетте дәріс оқыды. Әр жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының дис­сертациялық кеңесінің мүшесі болғаны да ғылыми қауымның есінде.

Қазақ тіл біліміне, қазақ ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегі ескеріліп, про­фессор Телғожа Жанұзаққа 1984 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық, 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастыруға қатысып, редак­циялық алқасында еңбек еткені үшін 1988 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Мұның сыртында да салалық, басқа да медаль, төсбелгілері бар. 2022 жылы Президент Жарлығымен ғылымдағы ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Ағайымыздың өмірлік серігі Нарима Ерға­зиева апайымыз – филология ғы­лымының кандидаты, профессор. 100-ге тарта еңбектің, оның ішінде 14 ғылыми-әдістемелік оқу құралы мен 55 ғылыми мақаланың авторы. ҚазМУ-де, Білім министрлігінде, Алматы технология университетінде жауапты қызмет атқарған. Ғалымның «Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке» атты диссертациялық еңбегі осы салада жоғары бағаланады. Бүгінде ұлдарын ұяға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырған Телғожа ағайымыз бен Нарима апайымыз – тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Ғылым жолында да, өмір айдынында да бір-біріне серік, сүйеніш ғалымдар шаңырағына сүйсіне қарап, әріптестерімізге үлгі етеміз.

Орынай ЖҰБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы
Марат РЫСҚҰЛОВ,
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ докторанты