Бұл сұраққа Қазыбек Исаның:
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген
Қайран ел, қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен…»
деп, жауап бергенін жақсы білеміз..
Бұл жолдар Қазыбек ақынның ақындық, азаматтық кредосы. Өмірдің өзінен алған, өзегін жарып шыққан өлеңдердің мақсаты мен идеяларын анықтап тұрған жолдар.
Биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Сыртолғау» жыр кітабы үш бөлімнен тұрады. Кітапқа ақынның әр кездері жазылған тұнық лирикалық жырлары мен өр рухты азаматтық өлеңдері, толғаулары қамтылыпты.
Өмір деген де өзен ғой. Қазыбек те өмір-өзеннің ағысына түсіп, біраз жасқа келген, кесек сөйлейтін кексе ақынға айналыпты. Бұл жаста адам өткенді еске алып, алдағы өміріне көз тігеді. Бұл жаста ақынның қуанышынан гөрі уайымы басым болады. Қазыбек өлеңдерінен жастық шақты сағыну, өз сөзімен айтқандай «көбі кетіп, азы қалған» алдағы өмірдің не дайындап тұрғанына оптимизим мен пессимизмі араласқан ақындық оймен барлау жасау сарыны мол. «Жапандағы жалғыз үй» жыры осындай элегиялық үрдіске жазылыпты.
«...Жаным неге жапанды ұнатады,
Жанарыңды жасқа да шылатады…
Кешпен бірге қызарып, ойға батып,
Нұрға бөлеп оятар құба таңы…
Жаным неге жапанды ұнатады…
...Ойдан кетпей осы бір күй кешегі,
Шақырады қырдағы үйге сені…
Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен
Дүрсілі де жүректің үйлеседі…
Кеңістіктен кеткенде бас айналып,
Тыныштықтан туған бұл күй деседі…
Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…»
Бәріміздің басымызда бар жағдай.
Даланы аңсау. Балалықтың бал дәуренін аңсап, сағынышты сарылу. Жалғыздық тақырыбы әлем әдебиетінде бұрыннан жырланып келеді. Бірақ Қазыбектің «Жапандағы жалғыз үйі» ешкімге ұқсамайтын, ұлы далада туып-өскен қазақ ақыны ғана бастан кешетін, қазақ ақыны ғана жырлай алатын жалғыздық...
Жүйрік мініп, желе-жортып келе жатқанда «тербеткен бүлкілімен жүректің дүрсілі үйлесетінін» ат үстінде өскен даланың дарабоз ақыны ғана біледі және күй күмбіріндей күшті үйлестіре алады.
Мұндай элегиялық сарын Қазыбектің лирикалық өлеңдерінің бәріне тән десек асыра айтқандық болмас. Жалпы, Қазыбек Исаның қазақ поэзиясындағы ерекшелігі бедерлі бейнелеу мен терең ойға құрылған нәрлі де, нәзік лирикасында.
«Қар жауған күн» атты өлеңінде жазғандай, ол ойлы ақын ретінде қашанда «көркемдіктің құшағында» жүреді.
«Ғажап өмір,
Көрсем-дағы не күйді.
Құштарлығым қалай оған кемиді?
Кең дүниеге кеберсіген ерніме
Қар ұлпасы қонбай жатып ериді…»
Жапалақтап жауған қар астында талай жүргенбіз бәріміз. Бірақ «Кең дүниеге кеберсіген ерніме, Қар ұлпасы қонбай жатып ериді…» деп, туған жерге деген қар ерітер ыстық махаббатты дәл осылай асқан шеберлікпен және дәл тапқырлықпен нағыз терең ойлы, қырағы көзді суретші ақын ғана айта алатын шығар...
Иә, өзінің мамандығы суретші Қазыбектің бұл кітабында «Буырқанған бояулар» атты бейнелеу өнеріне арналған тамаша топтама бар. Мысалы, «Белгісіз суретші» деген өрімі өзгеше өлеңін оқиық.
«Жан емессiң жатып iшер жан күйлi,
Сапарың бар сандалтатын сан қилы.
Боп-боз болған түрiң сенiң боз бояу,
Сөйлесең де бояу исi аңқиды...
Бояуы азық болатындай баршаға,
Бiр картина саласың сен жан сала.
Кейде өзiңе күдiктенiп қарайсың,
Кенеп керi итергенде қаншама.
Көлбеңдеген көп бояуды көз алдын,
Шабытпен де, шараппен де... сезе алдың.
Тiске басу үшiн емес... үңiлдiң,
Ұғу үшiн алмасына Сезанның» деп, сыры терең суретшілікті ақындықпен астастырып, жалпы өнер адамының қилы тағдырын қазақтың қамшы өргеніндей әдемі әдіптеп өріп келеді де:
«Әлi талай азаптайды алда сын,
Тек үмiтiң жолда сөнiп қалмасын.
Тым құрыса... тұрып-тұрып бiр күнi,
Жеп қоясың Поль Сезанның
алмасын...»,
деп шарт түйеді. Керемет жырдағы кенеттен шыққан мұндай тосын түйінге қарапайым оқырмандар тосырқап қалуы да мүмкін. Бірақ дәл осы өлеңді өз деңгейінде аударып, әлемдік әдебиетке, қазіргі заманғы деңгейі биік көркем поэзия бәйгесіне салып жіберсең, маңдайы жарқырап келері анық...
Қай заманда болса да ұлылардың ұлылығы тірі кезінде лайықты бағаланбаған. «Өлгеннің жаманы жоқ, тірінің жаманнан аманы жоқ» дегендей, тірі кезінде барлық ұлылар қарапайым өмір кешкен, тіпті кейбіреулері қайыршылықта өмір сүрді. Қазыбек те кітаптағы «Винсент Ван Гог» атты толғауында осы тақырыпқа тереңдеп барыпты. Тірі кезінде бағаланбаған Нидерландтың ұлы суретшісі Ван Гогтың «Доктор Гаше» атты портреті суретші өлген соң 82,5 миллион долларға сатылады. «Тиын таппай қиналған тірі кезінде осындай ақша қолына түссе, байғұс Ван Гог ол ақшаны отқа жағып, жылынар еді-ау!» деп опыныс білдіреді Қазыбек ақын.
«Жер қойнынан шыға келсең сен ендi,
Жинап алып миллиондарды көлемдi.
Отқа жағып отырар ең қызықтап,
Жылытып бiр... мұздап қалған денеңдi».
Мұндай оқиға өнер атаулының бәрінде бар, қазақ өнері де одан құралақан емес. Кезінде сыннан көз ашпай, өлген соң ұлылардың қасынан табылып келген ақын-жазушылар қазақта да аз емес.
Кітаптағы кез келген өлең жолдары қиялыңызды иірімдей үйіріп әкетеді. Ойлары салмақты, Абай талап еткендей – тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін келісті де, кестелі жыр жолдары. Ұйқастары да төгіліп тұр. Қазыбек ұйқас іздемейді, ұйқас өлең жолдарына өздері келіп кірігіп тұрған секілді.
Әдебиетшілер мен сыншылардың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан Қазыбек Иса поэзиясы қандай мақтауға да лайықты деп санаймын.
Ақын жаны әрқашан да беймаза. «Жанды да жансыз, көрінген заттан сыр бағып, өлетін болдым өзімнен-өзім ұрланып» деп Мұқағали зарын шаққандай, Қазыбек те көрінген заттан уайым уытын іздейді. Сырт қарағанда Қазыбекке жетпей тұрған ештеңе жоқ, бәрі бар, бәрі жеткілікті. Бірақ оның жанын жегідей жейтін нәрсе – тоғышарлық пен топастық, халықтың емес, қара бастың қамын ойлайтын, ешқашан тойдым дегенді білмейтін жемқорлық, халық үніне құлақ аспайтын биліктегі саңыраулық, елдің ертеңі мен тілдің мүсәпір халі. Сырт қарағанда Джордж Гордон Байронға да бәрі жеткілікті еді: ол лорд болды, екі сауда кемесі болды, сөйте тұра ол беті қайтпас пессимист атанды. Демек «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп Абай жарықтық дәл айтқан екен. Қазыбектің өлеңдерінен де жалпы емес, нақты беймазалықтан туындайтын ыза мен ашудың, мұң мен түңілудің сарыны сезімтал көңіл мен көреген көзге анық байқалады. Оның өлеңдеріндегі мұң мен уайым – кейбір ақындардың құрсағында баласы жоқ әйелдің толғағы секілді жасанды уайым емес, нақты уайым, шерлі шер. Менің қалаулы жазушыларымның бірі – Андрей Битовтың «Великая поэзия должна быть конкретна» деп жазғаны бар еді. Сондай нақты мұң мен нақты ашу-ызаға құрылған «Өмір өтіп барады» деген өлең барша жұрттың басындағы ойларды оп-оңай ғана қағазға түсіре салған.
«Ессіз өткен есіл күн еңіретіп,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп…
Жазы қалды жылт етіп қыр астында
Азы қалды өмірдің көбі кетіп…
Қайда менің кешегі көктем-нұрым,
Жеңіс пе екен жетістік жеткен бүгін?
Бал дәуренім баяғы қайда кетті
Оралар ма, Құдай-ау, өткен күнім?» деп жырлайды.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар
Махаббат қызық, мол жылдар?
Ақырын, ақырын жылыстап,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар»
деп өткен күндерді сағынған Абай атасы секілді, Қазыбек те өткен өмірдің қайтып оралмайтынына өкініп, зарыға бастапты. Бұл – торығу мен зарығу барлық тірі пендеге тән, сол ортақ сезімді Қазыбек ақын оптимистік трагедия шеңберінде шебер жеткізе білген. Өмір мен өлім жайлы жырламаған ақын жоқ. Бұл – ойлы ақынға тән табиғи сезім.
Жинақтағы ойы терең, көркемдігі биік өлеңдердің бәріне тоқталып-ақ өткің келеді. Олардың бәріне талдау жасау ағаш жапырағын санап шығумен бірдей. Сондықтан, Қазыбектің азаматтық үнін танытатын, философиялық лирикаларына ғана тоқталып өтуге тура келді. «Ұйықтау деген – өз еркіңмен өлу ғой» немесе «Қарап тұрсаң, бар ғұмырың біткенше, қайталанып отыратын бір-ақ жыл», «Қарап тұрсаң бар ғұмырың ай сайын, қайталанып отыратын бір апта» деп, бұрын ешқашан бұлай айқын айтылмаған ойға тереңдеп бара білген дара дарынды ақын.
«Сыртолғау» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, ақын ойлы да, өрнекті өлеңдері арқылы оқырманмен оңаша сырласыпты. Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады. Қазыбек ақын құс ұшар биіктен жалпы оқырманмен кең толғап, терең сырласыпты. Қадыр Мырза Әли айтқандай, жинақты оқып шыққанда, ой орманын аралап жүргендей сезінесің. Бұл кітап Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деп есептеймін.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның Еңбек Ері