Қоғам • 20 Шілде, 2024

Жеделдік пен тереңдік

67 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяу күндері әлеуметтік желіде белгілі тележурналист «Газет өлді» деген екіауыз сөз жазылған пост жариялады. Әдеттегідей, оның астында баспасөздің жанашырлары мен газет-журналдың жаназасын шығаруға асығушылар пікір жазысып айтысқа түсті. Бірі газет ешқашан өлмейтінін алға тартса, екіншісі қазір халықтың бәрі интернетке көшкенін, сол себепті дәстүрлі медианың заманы өткенін дәлелдеуге тырысып бақты.

Бұл пікірталас пен текетірестің жүріп жатқанына көп жыл болды. Ең алғашқы сайттар пайда болғанда-ақ кейбір жаңа медиа өкілдері қолына күрек-кетпенін алып, газет пен журналды жерлеп тастағысы келген еді. Бірақ заман қалай тез өзгергеніне қараңыз: баспасөзге шекеден қараған сайттарыңның өзі бүгінде сол газет пен журналдың күйін кешеді деп кім ойлаған?! Әлеуметтік желі мен мессенджерлер өмірге келгелі сайтты да іздеп жүріп оқитын адамдар қатары азайып барады. Қазіргі таңда кез келген сайтқа арнайы кіретіндер жалпы оқырмандардың 10 пайызына да жетпейді. Басым бөлігі google секілді іздеу жүйелері арқылы өтеді.
Иә, виртуалды әлемнің шын қожайынына айналған жаңа медианың дамуы дәстүрлі баспасөзге өзінің салқынын тигізгені жасырын емес. Соңғы жылдары газет пен журналға жазылып немесе сатып алып оқитын адамдар күрт азайды. Бірақ бұл баспасөздің күні біткенін білдіре ме? Әлде заман ағымына сай уақытша құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатыр ма? Ертеңгі күні әлеуметтік желінің ми айналдырар мың сан ақпаратынан шаршаған жұрт қайтадан дәстүрлі медиаға оралып, газет пен журналдың екінші тынысын аша ма?

Бұл сұраққа жауап бермей тұрып бір ғасыр бұрын сол заманның жаңа медиасы – теледидар мен театр текетіресі қалай басталғанын еске алсақ. Оған дейін жұрттың бәрі театрға барып, түрлі қойылымдарды тамашалайтын. Еуропадағы антика заманынан сақталып қалған ашық аспан астындағы театрлар, яғни амфитеатрларға қарасаңыз, кәдімгі стадион дерсіз. Мысалы, Римдегі 50-60 мың адам сыятын Колизей­дің өзі біздің «Астана-Арена» стадионынан 2 есе үлкен. Яғни халық тарапынан сұраныс болғандықтан, ол заманның театрлары да өте үлкен еді.

Дегенмен ХХ ғасырдың басында теледидар өмірге келген соң театрға баратын адамдар саны күрт азайды. Олар «Билет сатып алып, спектакль көргенше неге үйімде отырып-ақ теледидардан тегін киномды көре бермеймін» дейтін болды. Театрдың жаназасын шығаруға асыққан түрлі сәуегейлер пайда болып, «Театр өлді» деп жаһанға жар салғаны белгілі. Бірақ олардың болжамы жоққа шығып, театр өлмегені былай тұрсын, тіпті заман талабына сай жаңғырып, дамығанына куә болып отырмыз. Өйткені театр – өнердің шыңы емес пе? Ал өнерсүйер қауым бар кезде, өнер ешқашан өлмек емес. Тіпті «Өмір алма-кезек» дегендей, бұрын телевизия өкілдері театрды кеудеден итерген болса, қазір енді ютуберлер «Теледидардың заманы өтті» деп олардың өздерін шетке ысырып жатыр.

Сол секілді қазіргі таңда баспасөзді де іздеп жүріп оқитын адам қарасы азайғанымен, бұл оның заманы өткенін әсте білдірмесе керек. Өйткені жазу да – театр секілді өнер. Оны бағалайтын көзі­қарақты оқырман бар кезде газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі боп қала бермек. Одан бөлек, газет-журналдың жаңа медиадан кейбір артықшылықтары да бар. Интернетте жеделдік керек болса, газетте тереңдік қажет. Сайт пен әлеуметтік желідегі жылт етпе жаңалықты емес, тереңнен талданып жазылған сүбелі мақаланы іздеген жұрт оны газет бетінен табады. Алдағы уақытта газет-журнал талдама, сараптамаға түпкілікті мойын бұрып, өзінің өміршеңдігін жоғалтпайды деп сенеміз.

Сөз соңында айтарымыз, бүгінде «Газет өлді» деп жүрген кейбір адамдар газет те, кітап та оқымайтындар деп айтуға себеп бар. Мысалы, интернет желісі бізден әлдеқайда алға озып кеткен Жапония мен Оңтүстік Кореяда әлі күнге миллиондаған таралыммен газеттер шығады. Жас балаларына дейін көшеде, қоғамдық көлікте кітап оқып отырады. Бұл оқымысты жұрттарда баспасөз ешқашан жоғалмайтынын көрсетсе керек. Ал біз болсақ, жаңа медианы сылтау қылып баспасөзден бас тарту арқылы өзіміздің кітап оқымайтын қауымға айналғанымызды жасырғымыз келетін секілді...