Ауыл • 20 Шілде, 2024

Ақылды ауыл шаруашылығы орталығы

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бас ғимаратында Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университетімен бірлесіп, Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында қол қойылған 30-ға жуық келісімнің бірі.

Ақылды ауыл шаруашылығы орталығы

Салтанатты іс-шараға ҚазҰАЗУ ректорының бірін­ші орын­басары Пірімқұл Ибра­гимов, Ланьчжоу университеті делегациясының жетекшісі, партия комитетінің хатшысы Ма Сяоцзе, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, ғылыми зерттеу инс­титуттары мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовтың айтуынша, орталықтың негізгі қызметі – елдегі ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялардың транс­фертін қамтамасыз ету. Мұны­мен қоса орталық мамандары ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесіп, цифрландыру, генотиптерді зерттеу, жасыл және төмен көміртекті технологиялар, суды тиімді пайдалануда бірлескен жобаларды іске асырады.

«Осы мәселелерді шешу үшін орталық ғылыми зерттеулер мен білім беру барысында оқытушылармен және студенттермен алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдарды, ғылыми материалдарды бірлесе даярлап, ақпарат алмасып, білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуді, семинар, конференция және шеберлік сабақтарын, бірлескен академиялық іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады», деп атап өтті Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту барысына тоқталып, ғылым және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздес­тіру мен іске асыруда қолға алынған бастамаларға қолдау білдірді. Орталықтың ашылуы екі ел ғалымдарына ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешені мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік беретінін айтты.

Өз кезегінде Ланьчжоу уни­вер­ситеті делегациясының же­тек­шісі Ма Сяоцзе Қытайдың ауыл шаруашылығын дамы­ту­да­ғы тәжірибелерін пайдалана оты­рып, Қытай технологиясын Қазақ­станға енгізу барысына, ауыл шаруа­шылығын цифрландыру маңыздылығына назар аударды.

Ланьжоу Университеті – 100 жылға жуық тарихы бар, ҚХР білім министрлігінің тікелей қарамағындағы және «Double First Class» құрамына кіретін жетекші оқу ордасының бірі. 31 факультетте ауыл шаруашылығы ғылымдары, фармакология және токсикология, инженерия, экология, математика, химия, физика, ботаника және зоология, биология, биохимия, клиникалық медицина, әлеуметтік ғылымдар, компьютерлік ғылымдар, өңірлік экономика және ядролық ғылым салалары бойынша мамандар ­даярланып жатыр.

Орталық қызметін әрі қарай дамыту мақсатында зертханалар құрып, оларды жабдықтауды, бірлескен зерттеулер жүргізуді Қытай тарапынан қаржыландыру көздерін қарастыру, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды жеделдету сияқты кешенді мәселелер талқыланды. Тараптар Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығының ашылуы және өзара әріптестік ынтымақтастықты одан әрі дамы­ту туралы келісімге қол қойып, оқу орнының ғылы­­ми-инновациялық инфра­құ­рылымымен, ғылыми жетіс­тік­термен танысты.

АЛМАТЫ