Балқаш қаласындағылар бұл әулетті «өндіріс сарбаздары» дейді екен. Ертеде алғашқылардың бірі болып болат өндірген Мұқажан қажының ізін ұлы Қабдырахман әскерден оралған соң жалғастырады. Осыдан елу жыл бұрын мыс балқыту цехында қып-қызыл еңбек жолын бастайды. Тәуелсіздік орнаған соң Балқаш кен металлургия комбинатының өндіріс қуатын арттыру міндеті тұрды. Сөйтіп, Қабекең Швецияға іссапармен шығады. Комбинатта шетелге шыққан алғашқы жұмыскер еді. 1997 жылы Аффинаж цехының құрылысын да бастау керек болды. Жаңа өндірістің қыр-сырын меңгеру үшін Польшаға комбинаттан 7 қызметкер баруы керек. Таңдау тағы да озат металлург Қабдырахманға түседі. Гологов қаласында Аффинаж зауытынан тәжірибесін әбден толықтырып келеді. Келер жылы Аффинаж зауыты ашылғанда Балқаштың ең алғашқы күмісін, «Металл Доре» құймасын құяды.
Одан кейін Мырыш зауыты ашылған соң соған балқытушы болып ауысып, алғашқы қорғасын анодын құяды. Ол жерде он жылдан аса еңбек сіңірген білікті металлург Металлургия цехына қайта келеді. Осы зауытта өндірістің өнімділігін еселеуге өзінің үлесін қосып жүріп, құрметті зейнет демалысына шығады.
– Даңқы алысқа жеткен Балқаш мысы – біздің мақтанышымыз. Соңымызда өндірістің қилы-қилы соқпағы жатыр. Қазір ұстаздық үрдістің жоғалып бара жатқанын жасыруға болмайды. Біз еңбекке араласа бастағанда қай ауысымға түссең де, жаныңда тәжірибелі жұмысшы мамандар жүреді. Білгенімен үйретеді, жөнін көрсетеді. Басты қағидат – өндірістік апатқа жол бермеу керек. Менің еңбектегі ұстазым Жолдасбай Оспанов кезінде КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Алғашқы еңбек жолымды сол кісінің ауысымында бастадым. Ол кісі бізге металлург болуды жүрекпен ұғыну керектігін түсіндірді. Металлург – мәртебелі мамандық, зор мақтаныш. Өзіміз әкеміздің жолын лайықты жалғастыра алдық деп ойлаймыз. Ал қазір балаларым мен немерелерім зауытта абыройлы қызмет етіп жүр. Қызу еңбек биікке шығарады, – дейді ардагер металлургтің өзі.
Еңбек ерінің қырық жылдан аса жұмсаған қажыр-қайраты елеусіз емес. Металлургия комбинатының «Үздік металлургі» атанған. Мыс балқыту зауытының құрмет тақтасында суреті ілініп тұр. Омырауына III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін жарқырата таққан. Балқаш кен металлургия комбинатының таңдаулы металлургі болған қадірлі ақсақал «Қазақмыс корпарациясының құрметті ардагері» деген мәртебеге де ие болды.
Әкелерінің ізгі жолын қос інісі де жалғайды. Ғабдулла Мұқажанұлы мыс зауытында балқытушы болып еңбек етті. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Тағы бір бауыры Нұршайықстан автотасымалдау цехында механик болып жұмыс істеді.
Еңбек ардагері Қабдырахман ақсақалдың жары Пану да мыс комбинатының кеңсесінде ұзақ жыл аудармашы болып еңбек сіңірді. Үлкен ұлы Қуанышбек – Балқаш түсті металлургия зауытында әлеуметтік сала бойынша қызметкер. Жұмыскерлердің әлеуметтік сала бойынша шаруаларға жауапты. Келіні Гүлмира Ысқақова – «Қазақмыс Смэлтингте» кеңсе қызметкері. Екінші ұлы Еркен Балқаштың жанындағы мыс компаниясында аппаратшы болып жұмыс істейді. Үлкен немересі Әліби – комбинаттың теміржол цехында машинистің көмекшісі.
– Есімімді әкем қойыпты. Еркен деп. Кен үлкен олжа, байлық қой. Бала кезімнен әкемнің озат металлург екенін біліп, көріп, мақтан тұтып өстік. Біз де өнегелі жолын жалғаймыз дедік. Анамыз да ұзақ жыл комбинатта қызмет атқарды. Отбасымызбен өндіріс саласындамыз. Комбинаттағы теміржол цехындағы жұмыс үнемі қауырт, қызу. Маңдайымыздың терін төгіп көлеміз. Әлі де атамызды, әкемізді, жалпы әулетімізді мақтан тұтамыз, – дейді екінші ұлы.
Металлургтер әулетінің тамыры Балқаш мыс зауытының арғы тарихымен біте қайнасқан. Олардың жалпы еңбек өтілі 250 жылдан асады.
Қабдырахман Мұқажанұлы жақында кітап жазып, жарыққа шығарды. «Шарпыған отпен алысқан» деген атаумен. Онда автор өзімен қатар қызмет атқарған 200-ге жуық металлургті кейіпкер етіп жазған. Олардың көбі бақиға аттанып кеткен. «Солардың рухына осылай тағзым жасағым келді», дейді еңбек ардагері. Бұл да – озат металлургтің, еңбек қадірлісінің өшпес өнегесі, өлмес мұрасы мен ізгілікті ізі.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы